"CITIC Construction Co LTD" компаниясын жазалудың әкімшілік жолы ғана бар

Қытай банкі Қазақстан жолдарына 2,6 млрд доллар несие берген. 

"CITIC Construction Co LTD" компаниясын жазалудың әкімшілік жолы ғана бар

"Талдықорған-Өскемен" бағытындағы жол құрылысына Қытай азаматтарын заңсыз жолмен тартқан "CITIC Construction Co LTD" компаниясы бір жыл бойы сырттан басқа жұмысшы әкеле алмайды. Заң талабы осындай болғанымен, қазір мұнда 99 шетел азаматы жұмыс істеп жатыр. Үкіметтің баспасөз орталығында "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліпов осындай мәлімет айтты.

"Талдықорған-Өскемен жобасында 1215 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Соның 99-ы шетелдік", – деген Ұлан Әліпов аталмыш жолдың Қапал атты бұрылысында қытай-қазақ жұмысшыларының төбелесіне жол берген "CITIC Construction Co LTD" компаниясын жобадан шеттету қарастырылмағанын айтты.

"Талдықорған-Өскемен жолында заңсыз жұмыс істеген қытайлықтардың бәрі қайтарылды. Осы жобада қазір қытайлықтардың саны азайды. Аталмыш нысанда жұмыс тоқтап қалған да жағдайлар болды. Қазір біз жұмысты қайтадан қалпына келтірдік. Ол нысанда кикілжіңге байланысты 28 қытайлық жарақат алғанын білесіздер. Соның әсерінен тәртіп бұзғандар ғана емес, тәртіп бұзбаған қытайлықтар да кетіп қалды. Ол жерде қытайлық "CITIC Construction Co LTD" компаниясына емес, кикілжіңге қатысы бар адамдарға шара қолданылды", – дейді компания басшысы.

Ұлан Әліпов БАҚ өкілдерінің  "Қытайлық жұмысшыларды Қазақстан аумағына заңсыз жолмен әкелген "CITIC Construction Co LTD" компаниясы жобадан неге шеттелімейді" деген сауалына екіұшты жауап берді.

"Біздің заң бойынша еңбек мигранттарын заңсыз жолмен тартқан компаниялар бір жылға дейін басқа адам кіргізе алмайды. Сондай әкімшілік жолы ғана бар", – деді ол.

Ұлттық компания басшысының айтуына қарағанда Қазақстандағы жол жөндеу және салу жобаларына Қытайдың "Эксимбанкі" 2,6 млрд доллар несие берген.

"Бұл қарыз жеңілдетілген несие ретінде берілгендіктен, жобаларға қытайлық компаниялар 50/50 қағидатымен атсалысып жатыр. Несиенің мерзімі 20 жыл, 5 жыл жеңілдігі бар. Ал пайыздық мөлшері –2%. Жалпы сомасы 2,6 млрд доллар. Бұл қарыз мемлекет тарапынан кепілдендірілген", – деді Ұлан Әліпов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу