Ресейдің Шыңжаңдағы ұйғырлар мәселесіне қатысты позициясы қандай?

5906

9 қыркүйекте еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу өткізді. 

Ресейдің Шыңжаңдағы ұйғырлар мәселесіне қатысты позициясы қандай?

Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы мәселелерді талқылады.

Бас қосудан кейінгі баспасөз мәслихатында Сергей Лавровқа inbusiness.kz тілшісі "соңғы уақытта БАҚ кеңістігінде Қытайдағы мұсылмандардың мүшкіл жағдайы туралы мәліметтер тарап жатыр. Шыңжаң ұлттық ұйғырлар округінде мешіттер жарылып, ондағы мұсылмандар қайта тәрбиелеу "лагерьлеріне" күштеп орналастырылған" деп, осыған қатысты пікірін білдіруді сұраған болатын. Бірақ Лавров тұщымды жауап бере қоймады.  Ол позициясының бұрыннан белгілі екенін алға тартып:

"Қытай Республикасы сіз айтқан айыптарға қатысты бірнеше рет мәлімдеме жасады. Сіз айтып тұрған ақпаратты кімнің жариялағанын білмеймін. Мүмкін, біздің батыстағы әріптестеріміз шығар. Біз (Ресей тарапы) БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесі рәсімдерінің шеңберінен шыға алмаймыз", – деді.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы бұл туралы не деді?

Ал 22 қыркүйекте АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео барлық елді этникалық ұйғырларды Қытайға бермеуге шақырған болатын. Ол БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясы аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан Сыртқы істер министрлерімен кездескеннен кейін, осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Бейжіңнің Шыңжаңдағы қазіргі кампаниясы "өз ұлтын жоюға бағытталған" деп басып айтты.

Ал 8 қыркүйекте Құрама Штаттардың Сауда министрі ұйғырлар құқығының бұзылуын желеу етіп, 28 қытайлық ұйымды "қара тізімге" енгізді.

Ал Қытай болса...

Қытайдың сыртқы істер министрлігі ұйғырлардың "қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" орналастырылуы шындыққа жанаспайтын дүние екенін бірнеше рет мәлімдеп келеді. 

Биліктің айтуынша, аймақта кәсіби-техникалық білім беретін мекемелер жүйесі құрылған. Ол жерде қытай тілі, заң ережелері мен кәсіби дағдылар үйретіліп, терроризмге қарсы күрес шаралары жүргізіліп жатқан көрінеді.

Бірақ 19 маусымда Youtube-та жарияланған BBC арнасының репортажы Шыңжаңдағы жағдайдың шын мәнісінде мүлдем басқа екенін көрсетті. "Қайта тәрбиелеу" орталықтарындағыларға қысым көрсетіліп, олардың ақпарат құралдарына берген сұхбаттарын жергілікті билік тексеретін болып шықты. Ал күштеп қамалғандардың сабақ оқып, ойын ойнауы тек көзбояушылық үшін ұйымдастырылып отыр", – дейді BBC тілшісі.

БҰҰ сарапшыларының айтуынша, қазір Шыңжаңда кемінде миллионға жуық ұйғыр мен мұсылман дінін ұстанатын өзге ұлт өкілдері мәжбүрлі түрде "саяси тәрбиелеу лагерлерінде" қамауда отыр.

Айта кетейік, аймақтағы ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар, татарлар мен өзге де байырғы ұлт өкілдерін "саяси тәрбиелеу лагерлері" 2015 жылдан бастап салына бастаған.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу