Сарапшылардың айтуынша, қой етінің қымбаттауына қойдың тірідей басқа да елге экспортталуы себеп болып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz зерттеуіне сілтеме жасап.
2021 жылдың шілдесіне қарай елде 22,9 млн бас қойдың бары есептеліп шығарылды. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 3,6% көп. Осы түліктің ішінде 11,8 млн бас қой халықтың өз қорасында ұстайтын қойы болса, 9,9 млн басы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарға тиесілі. Тағы 1,2 млн бас қой ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында бағылып жатыр.
Аймақтарды бөліп қарағанда қойдың ең көбі Түркістан облысында тіркелген: 5,5 млн бас. Бір жыл бұрын Түркістан облысында 5,1 млн бас қой бар болатын. Яғни бұл өңірде өсім 6,6% құрады. Қой саны жағынан көшбасшы өңірлердің басында Алматы облысы (4,3 млн бас + 4,7%) мен Жамбыл облысы (3,4 млн бас + 3,7%) тұр.
Қазақстанда жарты жылдың ішінде 35,5 мың тонна қой жүні өндірілді. Оның ішінде 56,1% халықтан жиналса (19,9 мың тонна + 1,3%), 39,7% шаруа қожалықтар (14,4 мың тонна + 2,8%) әкелген. Тағы 4,3% ауыл шаруашылығы кәсіпорындары қырқып, өткізген.
2021 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында шаруа қожалықтарда 131,8 мың тонна қой еті өндірілген. 2021 жылдың маусымында елдегі базарлар мен ет дүкендерінде қой етінің келісі 2,3 мың теңгеден өткізілген. Бұл баға – бір жыл бұрынғы бағадан 14,4% қымбат. Ірі қалалар мен мегаполистер ішінде қой етінің ең жоғары бағасы Нұр-Сұлтан, Алматы (келісі 2,9 мың теңге) мен Қарағанды (келісі 2,6 мың теңге) қаласында тіркелген. Қой етін ең арзан бағада Орал мен Петропавлдан (келісі 1,7 мың теңге) алуға болады.
Бір жылдың ішінде қой еті қатты қымбаттаған қала – Алматы болып отыр. Оңтүстік астанада бір жылда қой етінің бағасы 22,6% өскен. Сонымен қатар Алматы облысы мен Батыс Қазақстан облысында да қой етінің қымбаттағаны байқалады.
Қазіргі таңда Қазақстанда қойдың саулығын Қазақстаннан сыртқа шығарып сатуға тыйым салынған. Ал Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірігіп, Қазақстан ұлттық қойшылар қауымдастығының ұсақ малды тірі күйде шет елдерге сатуға тыйым салу туралы ұсынысын қарастырып жатыр. Себебі малдың тірідей шет елге сатылуы – ел ішінде қойдың қымбаттауына әкеп соққан.
Аян Бекенұлы
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !