"Қолайсыз жағдайда тұрудан шаршадық"

1306

Әкімдік берген үйлердің қабырғасы сөгіліп, су астында қалып жатыр.

"Қолайсыз жағдайда тұрудан шаршадық"

Былтыр Павлодар қаласының іргесінде орналасқан Ленин кентінде  орталықтандырылған су құбырының жүргізілуі сол еді көпбалалы отбасылар тұратын тұтас көше коммуналдық қиындықтардан көз ашпай келеді, деп  хабарлайды inbusiness.kz  тілшісі. Олар жиналған суды сорып алу үшін аптасына кем дегенде үш рет ассенизаторлық көліктерді шақыруға мәжбүр. Қар суының еруі жағдайды тіпті қиындатты.

"Ленин кентінде 10 жыл тұрамын. Бұған дейін қабырғаны көк, жертөлені су басқан емес. Өткен жылы орталықтандырылған су құбыры тартылған соң, осы мәселелер кесе көлденең шыға бастады. Алдымен коммуналдық апат болып, соның салдарынан үйлердің іргетасын су басты. Кейін қабырғалар сөгіле бастады. Енді тарақандар қаптады. Айта берсек, бір апаттың салдарынан туындаған қиындық көп", – дейді көпбалалы ана Гүлсім Тұрлыбаева.

Кенттің тағы бір тұрғыны – Нұрзия Күлжанованың айтуынша, мердігер компания коммуналдық апаттан болған ақауды жөндеп, жарылған учаскені толығымен ауыстырудың орнына оны ұсақ бөлшектерден жамай салған. Сондықтан жерастындағы құбырлардан әлі күнге дейін су ағып, ол үйлерге дейін жайылады.

"Біздің осы баспанадан басқа барар жеріміз жоқ. Оның іргетасын толығымен су шайып, қабырғасы құлап қалмас үшін аптасына бірнеше рет ассенизаторлық көліктер шақырамыз. Оның бір келуі – 9 мың теңге. Сонда айына кем дегенде 100 мың теңгені су сорып алу қызметі үшін төлейміз. Бұл – көпбалалы отбасылардың қалтасы көтере бермейтін сома", – дейді ол.

Жергілікті әкімдік тұрғындардың үйлері неге көгеріп, қабырғаларды су басқанын дөп басып айта алмады. Тек мердігер компания өкілдерінің құбырдың жарылған жерін жөндегенін алға тартты. Сонымен қатар, көпбалалы отбасылар тұратын ауданның бақылауда екенін атап өтті. Бұл аумақтан қыс бойы 20 мың тонна қар шығарылған көрінеді.

Баспана мәселесі ақсулық көпбалалы отбасыларды да алаңдатып отыр. 2019 жылдың желтоқсан айында жалғызбасты, көпбалалы аналарға жер үйлер үлестірілген болатын. Бірақ көктем келген соң бұл баспаналар да жарамсыз болып қалды. Аналар "10 жылға жуық уақыт бойы кезек күтіп, мемлекеттік бағдарлама аясында берілген үйлер адам тұрғысыз" деп ашынып отыр.

"Менің бес балам бар. Алты жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрдым. Осыдан бір жарым жыл бұрын жаңа жылдың қарсаңында жаңа үйлердің кілтін қолға алғанда қуанғаным рас. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Алғашқы көктемде-ақ қабырғалар сөгіліп, көгере бастады. Қанша жусаң да кетпейді. Қыс бойы бүрсең қағып, тоңып шықтық. Тіпті, балалар үйде сырт киіммен жүрген кездер болды. Мұндай қолайсыз жағдайда өмір сүруден әбден шаршадық", – дейді көпбалалы ана Мария Бейсембенова.

Көпбалалы отбасылар ай сайын жер үйді жалға алғаны үшін орта есеппен 14 мың теңге төлейді. Дәл сондай сома коммуналдық шығындарды өтеуге жұмсалады.

Ақсу қаласының әкімдігі тұрғындар тарапынан жаңа үйлерді қабылдап алар кезде шағымдар болмағанын айтады. Ал кемшіліктерді жоюға үйлерді салған мердігерлерді тартатын болды. Олар кепілдік аясында үш жыл аралығында тұрғындарға тегін қызмет көрсетуге тиіс.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу