Көлігіңіз ЖСО-ның "сауынды сиырына" айналмасын десеңіз

6742

Заңсыз шешім халықты Президентке шағымдануға итермелейді. 

Көлігіңіз ЖСО-ның "сауынды сиырына" айналмасын десеңіз

Қазақстандықтар биылғы 1 сәуірге дейін көлік салығын төлеуге тиіс болатын. Оны төлеп үлгермеген азаматтарға мемлекеттік кірістер органы "салық пен өсімпұл одан әрі ұлғайып кетпей тұрғанда" төлеп тастауға кеңес берді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Өйткені биылғы 2 сәуірден бастап, салық сомасына әрбір күн үшін өсімпұл қосылады. Содан кейін ЖСО-лар іске кірісіп, борышкердің барлық банк есепшоттары мен салымдарын, дүние-мүлкін бұғаттайды.

Қазіргі кезде Қаржы министрлігінің бюджетті толтыруға жауапты құрылымы – Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Салық кодексіне таяуда енгізілген өзгерістерге сәйкес бұдан былай жеке тұлғалар өз меншігіндегі мүлкіне өз бетінше салықты есептеп, төлеуге міндеттеледі. Мысалы, МКК ресми сайтында (https://kgd.gov.kz/ru/calc/transports) есептегіш-калькуляторды толтырып, өз машинаңыздың салығын өз бетіңізше есептей аласыз.

"Жеке тұлғалар көлік салығын төлемеген жағдайда оған өсімпұл есептеле бастайды және салық органы салық төлеушіге хабарлама жолдайды. 30 жұмыс күн ішінде төлеп үлгермеген жағдайда салық органы бұйрық қабылдап, салық борышын жеке сот орындаушыларының (ЖСО) құзіретіне береді. Пандемия кезінде салық басқармаларына халық көп жиналмауы үшін e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы іске қосылды. Соның көмегімен жеке тұлғалар өз атына тіркелген автокөліктер жайында мәлімет ала алады. Сондай-ақ ол арқылы артық төленген төлемдерді қайтаруға өтінім беру мүмкіндігі бар. Адамдар "көлік салығынан кімдер босатылады?" деп сұрайды. ҰОС ардагерлері және оған теңестірілген, І, ІІ, ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері көлік салығынан босатылады", – деді Ақтау қаласының мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Азамат Сағидуллаев.

Дегенмен, азаматтар салықшылардың 1 сәуірді күтпей-ақ, былтырдан өсімпұл есептеп жатқанына шағымдануда. Мысалы, зейнеткер Геннадий Шегай көлігі үшін қарызы бары туралы хабарлама алады. Содан 2020 жылғы 16 қыркүйекте банкке барып, хабарламада көрсетілген 13 255 теңге көлік салығын төлеп тастаған. Төлемнің өткенін білген.

"Алайда былтырғы 12 қазанда Алматы қаласының Бостандық ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы Шегайдың борышын өндіру туралы салық бұйрығын шығарыпты. Онда менің көлік салығы бойынша 13 262 теңге қарыз болғаным және оған 109,25 теңге өсімпұл есептелгені жазылған. Осы бұйрықты алған ЖСО Мұсақұлов 2021 жылғы 9 ақпанда үстімнен атқару өндірісін қозғайды. Мемкірістер комитетінің шешіміне сәйкес, жеке тұлғалар 2020 жылғы көлік салығын 2021 жылғы 1 сәуірге дейін өсімпұлсыз төлей алады. Осыған сүйене отырып, наразылық білдіріп едім, жеке сот орындаушысы "онда үстіңнен қылмыстық іс қозғатқызамын!" деп қорқытты. Амалсыз, оның да қызметіне ақша төлеуіме тура келді. Қолымда түбіртегі бар. Мемкірістер басқармасы мен сияқты кәрі зейнеткерлерді әдейі қыспаққа алып, заңсыз бұйрық шығарып, ЖСО-лардың талауына тастайтын сияқты", – деп қапаланады Геннадий қарт. 

Ол салығын хабарлама ала сала төлегенін алға тартты және салық органының оны не үшін жазалағанын түсінбейді. ЖСО өз кезегінде Геннадий Шегайдың зейнетақы шотын бұғаттап тастапты. Салдарынан, ол зейнетақысына қол жеткізбеді, диабетке қарсы дәрі-дәрмегін сатып ала алмаған. Ол қалалық емханада есепте тұрған сырқат.

Сондықтан Г.Шегай борышты өндірту туралы заңсыз бұйрық шығарған шенеуніктерді және оны орындаған ЖСО-ны жазалауды, оларды сыбайлыс жемқорлыққа тексеруді сұрап, құзырлы органдарға жүгінді. Әйтпесе, Президент Тоқаевқа шағымданбақ ниетте.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу