Көлік салығын дұрыс есептемеу мәселесі қалай шешілмек?

5360

Өткен жылы 10 мыңнан аса тұрғын көлік салығының дұрыс есептелмеуіне шағым түсірген. 

Көлік салығын дұрыс есептемеу мәселесі қалай шешілмек?

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ішкі істер вице-министрі Сәкен Сәрсенов Қазақстанда көлік салығы неге дұрыс есептелмейтінін, бұл мәселе қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, салымшылардың қатысуынсыз 1 млн-ға жуық ақпарат өзектендірілген. Бұл көлік салығын есептеу кезінде қате көп жіберілетінін көрсетеді. 

"E-salyq-Azamat мобильді қосымшасының арқасында қандай мәселенің барын біліп отырмыз. Мұндай мәселе көбінесе тұрғындар көлігін сатқан кезде туындайды. Мысалы, олар көлікті сенімхат арқылы сатады. Сондай-ақ ұрланған көліктер бар. Кейбір тұрғындар басқа мемлекетке көшкен кезде көлікті сенімхат арқылы сатады. Ол көлікті сатып алған тұрғын оны атына аудармайды. Міне осындай мәселелер бар. Оны мойындаймыз. Бұл мәселе бойынша ішкі істер министрлігімен бірігіп, жұмыс істеп жатырмыз", – деді министр Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Ведомство басшысы қайтыс болған тұрғындар мен шетелге көшіп кеткендерге де қатысты мәселе барын жеткізді. Оның пікірінше, ескі көліктерге рақымшылық жасау керек.

"1960-1970 жылдары шығарылған көліктер бар. Олар қазір жүрмейді. Олардың арасында жол апатына түскендері де бар. Оның бөлшектері саудаға шығарылған. Біз мұндай көліктер бойынша Үкіметке тиісті ұсыныс бердік. Ондай көліктерге рақымшылық жасау керек шығар. Себебі оларды табу қиын", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов көлік салығын дұрыс есептемеу мәселесін шешу үшін арнайы калькулятор іске қосылатынын жеткізді.

"...Бүгінде Салық комитеті мемлекеттік корпорациямен бірігіп, жүйені түзеп жатыр. Арнайы калькулятор жасалады. Кейін бұл мәселе шешіледі деген үміттеміз", – деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұл мәселе көбінесе көлікті сату кезінде туындайды.

"Мысалы, әрқайсымыздың көлігіміз бар. Көлік салығы жылына бір рет есептеледі. Мысалы, мен сізге көлігімді сатсам, салық маған келеді. Көлікті сатып алған тұрғын салық төлемейді. Себебі ол арнайы калькулятор арқылы есептелмейді. Енді біз бұл мәселені Салық комитетімен бірлесіп, шешейін деп отырмыз. Жақында бұл калькулятор іске қосылады", – деп түйіндеді сөзін Сәкен Сәрсенов.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу