Көлік салығын жою ұсынылды

17947

"Темір тұлпар" иелерінің қосарлама салық төлеуі – әділетсіздік. 

Көлік салығын жою ұсынылды

Қазақстанда көлік салығын алып тастау мәселесі кейінгі онжылдықта белсенді көтеріліп келеді.

"Негізі, автомобиль иелерінен жеке салық жиналуында әділетсіздік көрінісі бар. Көлік салығы әлемде тұңғыш рет 1908 жылы АҚШ-та "Ford Model T" жеңіл көлігі конвейерден шыққан кезде пайда болғаны мәлім. Бірақ ол жеке салық түрінде бекітілмеді, оның сомасы бензин құнына қосыла салынды. Яғни, көлігі бар адамдар үшін бензин қымбатырақ сатылатын болды. Қазақстанда да мұнай өнімдерінің акцизі бірнеше рет көтерілді, алайда көлік салығы құрыған жоқ, керісінше, ол да барған сайын өсуде. Осылайша, машина қожайындары құны артқан бензинге бір шығындалса, артынан жыл сайын көлік салығын да төлеп, екі шығындалады. Сондықтан бензин құнындағы акцизді қалдырып, көлік салығын жойған жөн", – дейді экономист Марат Ерғозин.

Кәсіпкер, "Wesing Eac" компаниясының басшысы Ұлан Қамшыбаев та салық органына – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевке ұқсас ұсыныспен шықты.

"2019 жылы жалпы жиынтығында көлік салықтарынан шамамен 39 миллиард теңге түсіпті. Қазақстанда автомашиналардың шартты түрдегі жалпы саны 4 миллион айналасында. Оған салық салудың тиімділігі нашар. Өйткені азаматтардың құқықтық жауапкершілігі төмен. Осыған байланысты көлік салығына қатысты реформа жүргізуді ұсынамын. Оны отын құнына қосу керек", – деді Ұлан Қайратұлы.

Ол осы өзгерістің қажеттілігіне дәйектеме келтірді: мысалы, үй шаруасындағы әйел көлік алып, оны балаларын балабақшаға, мектепке, емхана-ауруханаға апарып-әкелуге, тамақ, керек-жарақ сатып алу үшін дүкен-базарға баруға пайдаланады. Дәл сондай көлікке ие таксиші оны табыс табу үшін қолданады, елордада күн сайын орта есеппен 10–15 мың теңге, ал айына 300–450 мың (кейде тіпті миллион) теңге табыс табады. Бірақ үй бикесі де, таксиші де көлік құралына бірдей салық төлейді. Себебі таксишінің көлігі "коммерциялық мүлік" ретінде тіркелмейді, демек, салығы жоғары емес.

Салықшылар көлік салығы жолдарды лайықты жағдайда ұстап тұру үшін қажет екенін айтып, дәйектейді. Әйткенмен, өз ауданында ғана қозғалатын үй бикесін тәулігіне 300 шақырымға дейін жолды еңсеретін таксишімен салыстыруға тағы болмайды. Яғни, таксиші жолда көп жүретіндіктен жол жабынғысын да көбірек тоздырады. Екеуіне бірдей салық салу әлеуметтік әділетсіздік болса керек.

Экономистердің байламынша, осы орайда көлік алымының бензин не дизель акцизіне қосылғаны әлдеқайда әділ. Қарапайым арифметика: автомобильмен көп жүйткісең, көп бензин тұтынасың, сәйкесінше, онсыз да көп акциз төлейсің.       

Мысалы, АҚШ, Франция, Австралия және басқа да дамыған елдерде көлік салығы деген жоқ. Өзге елдерде бұл салық отын құрамында ескерілген.

Ел Үкіметі биыл заңнамаға өзгеріс енгізіп, көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтер иелерін жер салығынан босатқаны мәлім. Көлік салығының болашағы не болатыны туралы билік әзірге тіс жармай отыр.

Салдарынан, ол қазақстандықтарға проблема әкелуін жалғастыруда.

"Мен 2019 жылдың маусымында-ақ көлік салығы бойынша 192 мың теңге берешегімді толық төлеп болғанмын. Соған қарамастан борышым әртүрлі базаларда бой көрсете бастады. Бұл кейбір маңызды мәселені шешуге кедергі болуда. Мен Бостандық ауданының мемкірістер басқармасына өтініш жаздым. Ондағылар қарыздың өтелгенін және есептен шығарылғанын айтып, алаңдамауға кеңес берді. Қалай алаңдамассың! Берешек бәрібір менің атымда қалып тұр. Инстанцияларды жағалап, біліксіз шенеуніктердің сауатсыз істерінің салдарын жойғызып жүруге уақыт та, мүмкіндік те жоқ. Мүмкіндігі шектеулі екі баламды сауықтыруға баса мән беруім керек", – дейді алматылық Фарида Юнусова.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу