Көліктердің техникалық байқаудан WhatsApp арқылы өтуіне тыйым салынады

19223

Елімізде осы салада кезекті реформа әзірленуде. 

Көліктердің техникалық байқаудан WhatsApp арқылы өтуіне тыйым салынады

2015 жылғы заң бойынша 7 "жасқа" дейінгі жаңа автомобильдер техникалық байқаудан (ТБ) өтуден босатылды. Салдарынан көшелер мен трассалар техникалық жағдайы біраздан тексерілмеген көліктерге толып кетті. Енді оған қарсы шаралар қабылданғалы жатыр.

Оның үстіне осы сыннан өтті деген көлік иелерінің біразы көзбояушылық жасағаны анықталып отыр.

Жалпы, былтыр Мәжіліс депутаттары Грузиядағы сияқты бізде де мәнсіз әрі жемқорлыққа септесетін тетік ретінде техбайқауды мүлдем жоюды ұсынған. Алайда көлік саласына жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұған қарсы шықты. Ведомствоның пікірінше, мерзімді техбайқаудан өту – әлемдік тәжірибе. Тіпті, грузиндер де Еуропа үлгісіндегі "автобайқауға" көшуде.

Оның орнына ел Үкіметі техникалық байқау операторларының бақылау-диагностикалық құрылғыларынан ақпарат жіберетін мамандандырылған бағдарламаларға қойылатын талапты күшейте түспек. Билік машиналарды жалған тексеру секілді қылмыспен осылай күреспек. Әйтпесе, жүргізушілердің көлігін көрсетпей-ақ, техникалық байқаудан өтуі, сондай-ақ операторлардың деректерді жүйеге қолмен теріп енгізуі және түзетуі секілді масқара фактілер тіркелуде.

Мұнымен күресу үшін қажетті заңнама бар: Парламент 2019 жылғы сәуірде "Жол жүрісі туралы" заңына өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, мысалы, үш мегаполисте және облыстық маңызы бар барлық қалада міндетті техникалық қарап-тексеруді мобильді-ұтқыр желі арқылы жүзеге асыруға тыйым салынды, тек стационарлық желі, яғни төл ғимараты ішінде өткізуі керек. "Темір тұлпар" иесі оған көлігімен және бар болса, тiркемесімен баруы шарт.

Заңға сәйкес, егер автокөлік қожайыны біріншіден, "көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ұсынбаса", екіншіден, "көлік құралының өзін ұсынбаса", үшіншіден, "мемтіркеу туралы куәлігінің деректеріне сәйкес келмейтін, нөмірлік агрегаттары (шасси, шанақ) уәкілетті органмен келісілмей ауыстырылған көлік құралын ұсынса", төртіншіден, "мемтіркеу нөмірі жоқ көлік құралдарын ұсынса", онда оператор міндетті техникалық қарап тексеруден бас тартуға тиіс.

Әйткенмен Қазақстанда заң қабылданғанымен іс ілгерілей бермейді: ол заңның техникалық тұстарын нақтылайтын, егжей-тегжейі жазылатын нормативтік-құқықтық актілер әзірленіп, күшіне енуі керек.

Бұған қоса, кейбір анықталған мәселелер тек жаңа заң қабылдау арқылы шешіледі екен. Осыған орай Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын дайындап отыр. Ол бойынша реттеуді қатайту, ТБ қызметін қазіргі хабарлама тәртібінен рұқсат алу тәртібіне ауыстыру қарастырылуда.

Бұған министрлікті техникалық байқау операторларының қарау тірлігі итермелеген көрінеді.

"Ешбір ғимаратсыз, аула-аумақсыз және жабдықсыз техникалық байқауды өткізу қызметін жүзеге асыра беретін болды, бұл проблемаға айналып келеді. Техбайқаудан өтпеген автокөліктер санын 2%-ға дейін азайту көзделіп отыр. Себебі жылына 4 мыңға жуық көлік құралы техникалық байқаудан өтпейді. Сонымен қатар жаңа проблемалар қатарында автомобильдерді диагностикалау нәтижелерін түзету, техбайқауды көліксіз іске асыру, жауапкершіліктен жалтару мақсатында күн сайын жалғыз бір операторды сөндіріп-қосып отыру бар. Бұдан бөлек, техбайқауды WhatsApp мессенджері арқылы өткізу орын алуда: яғни көлік құралдарының фотосуреттерін алғызып, соның негізінде "қарап тексере" салады", – дейді ведомство.

Саладағы түйткілдер бүкіл елге зиянын тигізеді.

"Техникалық байқау орталықтарын ашу кезінде бақылау шараларын жүргізу қарастырылмаған. Осыған байланысты ТБ операторлары техникалық байқаудан өткенін растайтын диагностикалық карталарды сату кеңселері мен пунктерін ашып алған. Сондай-ақ ТБ операторлары өз материалдарын үнемдеу және заңсыз баю мақсатында автокөліктерді қарап тексеруді олардың WhatsApp мессенджері арқылы келген фотосуреттері негізінде үстірт, формальды түрде жүргізеді. Осылай қағаз жүзінде ғана өткізілген техбайқау көбінесе жол-көлік оқиғаларына, ауыр жарақаттар салуға және басқа да ауыр зардаптарға әкеп соғады", – деді министрлік.

Сорақысы сол кейде жүргізушілер көліктің нашар жағдайда екенін паш ететін фотосуреттерді жібереді екен, ал оператор оны "фотошоппен" жөндейді.

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ деректері бойынша 2020 жылдың басынан бері автокөліктің мемлекеттік нөмірін, "темір тұлпардың" өзін "фотошоппен" түзетіп келген 128 техникалық байқау операторы анықталды.

Ал 2018–2019 жылдары "Техбайқау" Бірыңғай ақпараттық жүйесінде жоқ 1000-нан астам диагностикалық карта табылды. Яғни оны заңсыз сату жолға қойылған. Құжаттарды қолдан жасау фактісі бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды. Әзірше қылмыстық жазаланғандар жоқ.

Егер жаңа заңды Парламент қабылдаса, біріншіден, тиісті аумағы, үй-жайы, ғимараты, жабдықтары бар ТБ орталықтары ғана "Техникалық байқау операторларының тізіліміне" енгізіледі. Тиісінше тек осы тізімдегілердің диагностикалық картасы жарамды саналады.

Екіншіден, ТБ станцияларында мессенджер секілді бейресми түрде техбайқаудан өтудің жолын кесетін шаралар қабылданып, жаза түрлері енгізілуі мүмкін. Үшіншіден, ТБ орталықтарын ашпас бұрын ол рұқсат ету алдындағы бақылаудан өтуі қажет.

Дегенмен бұл заң жобасын қабылдау – тек жаңа депутаттық корпустың еншісіне тиетінге ұқсайды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу