Қолма-қол ақшамен есеп айырысу қысқарып келеді

8698

Қаңтар-қазан аралығында төлем карталарымен жасалған транзакциялар 67,5 %-ға өскен. 

Қолма-қол ақшамен есеп айырысу қысқарып келеді

Осы күні жаңа технологиядан хабары бар жандардың барлығы дерлік баяғыдай банкоматқа кезекке тұрмайды. Қажетіне керек соманы төлем картасымен жұмсай береді немесе онлайн төлем жасағанды жөн көреді. Бұған Ұлттық банк ұсынған соңғы деректер де дәлел. Қаржылық реттеушінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылдың қаңтар-қазан аралығында қолма-қол ақшамен есепайырысу көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,4 %-ға азайған.

Республика бойынша қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көлемі 2,4 есе немесе 2,187 млрд операцияға дейін көбейген. Тиісінше, сома көлемі де 2,5 есе ұлғайған. Яғни, 26,7 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері ел тұрғындары 248,5 млн операция жасап, 13,415 трлн теңге көлеміндегі қолма-қол ақшаны шешіп алған.

"Қолма-қол ақшасыз жасалған операциялардың негізгі бөлігі интернет және мобильді банкинг арқылы жасалған. Тарқата айтсақ, қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдердің 57,7 %-ы, ақша аударымдарының 81,4 %-ы интернет пен мобильді банкинг арқылы жүргізілген. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдердегі POS-терминалдардың үлесі 42,1 %-ға тең. Ақша аударымдарының 18,2 %-ы POS-терминалдар арқылы жасалған. Қолма-қол ақшаның дені банкоматтардан шешіп алынған", – делінген хабарламада.

Есепті кезеңде қазақстандық эмитенттердің төлем карталарын пайдалану арқылы жасалған транзакциялар көлемі 40,1 трлн теңгені құрады. 2019 жылмен салыстырғанда өсім 67,5 %-ға тең. Ал жасалған транзакциялар саны – 2,435 млрд транзакция. Аталған көрсеткіш бойынша шамамен 100 %-ға жетеғабыл өсім көрсетілді деп айтуға әбден болады.

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша айналымда 45,4 млн төлем картасы бар. Аталған карталарды ұстаушылардың жалпы саны 37,9 млн. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төлем карталарының үлесі 45,6 %-ға, оны ұстаушылардың үлесі 36,3 %-ға көбейген. Кең таралғаны – дебеттік карталар. Олардың үлесі 75,4%. Кредиттік карталардың үлесі – 21,1 %.

Осы жылдың маусым айында хабарланғандай, Қазақстандағы транзакциялардың 72 %-ы байланыссыз төлем құралдары арқылы жасалады. Соңғы жылда smart-құрылғылардың көмегімен жасалатын транзакциялар көлемі екі есе өсті.

Санжар Беркінбай

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу