Қолында байлығы мен билігі бар адамдар зорлық-зомбылыққа бейім келе ме?

1737

Жыл сайын 300 мыңдай әйел зомбылықтың құрбаны болады.

Қолында байлығы мен билігі бар адамдар зорлық-зомбылыққа бейім келе ме? Фото: canva.com

Қуандық Бишімбаев кейсі сырт көзге білінбей, тері астын толтырған "қанды іріңдей" ушыққан қоғамдық проблеманың бетін ашты. 

Ресми мәліметке сәйкес, кейінгі жылдары Қазақстанда зорлық-зомбылықтан қаза тапқандар саны 2 546-нан 2 358 адамға дейін азайған. Бірақ бұл сан да үрейлі, бейбіт уақытта көзіне қан толған қаскөйлер қолынан тек бір жылда екі жарым мыңдай адамның жан тапсыруы төбе шашты тік тұрғызады. 

Бұдан бөлек, былтыр 1 840 адамның денсаулығына ауыр зақым келтірілген, 386 адам зорланған.

Тәуелсіз эксперттердің бағалауынша, Қазақстанда жыл сайын 200-300 мың әйел түрлі сипаттағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Олар үйінде, жұмысында сексуалды зорлық көреді, соққыға жығылады.

Есімі ТМД көлеміне белгілі психолог Мейірім Қожагелдиеваның түсіндіруінше, құрбандардың көбісі мұның зорлық-зомбылық екенін танып, түсіне бермейді. Бастығы, әріптесі не күйеуі қорлық, қиянат көрсетсе, "бұл өмір, ондай бола береді" деп өзін-өзі сендіреді. Тәні мен жанына жарақат салған зорлықшылдан, отбасынан, жұмысынан кете алмайды. 

"Кез келген абьюзердің мақсаты – құрбанының өмірін, сезімін, тіпті ойларын бақылауда ұстау, басқару. Манипулятор құрбанның үстінен толық билігін орнатуға ұмтылады. Мысалы, бастықтары түн ішінде қоңырау шалатын, жұмысқа, қонақүйге, өз үйіне шақырып алатын, соған үнсіз көнетін қызметкер әйелдер жетерлік. Әзер деп құрған мансабынан, лауазымынан айрылып қалудан қорқып, қарсы шықпайды. Отбасы тирандары (бұл тек еркек емес, әйел де болуы мүмкін) өз жарын қаржыдан қағады, телефонындағы геодеректер арқылы бүкіл жүріс-тұрысын бақылайды. Достарымен, туыстарымен араластырмай қояды. Бұл құрбанды оқшаулап, моралдық, психологиялық жүнжіту, рухын түсіру, өзін әлемде жалғыз қалып, ешкімге керексіз болғандай сезінуі үшін жасалады. Сондай-ақ сүйікті ісімен айналысуына жол бермейді. Құрбанын қаржылық, эмоционалды түрде өзіне толығымен тәуелді етеді. Бұл үшін оны үнемі сынап-мінеп, өзіндік бағасын түсіреді. Ақыры суицидке дейін жеткізуі, немесе өлтіріп тынуы мүмкін", – деді психолог.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай адамдар билікте де, байлар арасында да жетеді. Себебі, жоғарғы тұрған басшыдан көрген қорлығының запыранынан арылу үшін ашуын отбасы мүшелеріне, әсіресе әйеліне бағыттап, проекциялауы мүмкін. Қазақ мұны "тазы ашуын тырнадан алады" дейді. Салдарынан, олигархтар, биліктегі тұлғалар арасында ажырасқандардың үлесі үлкен.

Осы орайда әлеуметтік желіде "Президенттің бұрынғы кеңесшісі де әйелін қудалап, күш көрсетіп жүр екен" деген ақпарат тарады.

Әңгіме 2019 жылдың желтоқсанынан бері шамамен жеті ай Президенттің штаттан тыс кеңесшісі болған, бүгінде "Қазақстан халқына" қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі, экономист Олжас Құдайбергенов туралы болып отыр. Оның бұрынғы әйелі Мөлдір Қабылова "2022 жылғы наурызда Олжастың кәмелетке толмаған 4 баласын ұрлап әкетуге талаптанғанын" мәлімдеді. Алайда британдық полиция әуежайда экс-шенеунікті уақытша ұстап алғаннан кейін балдырғандар анасына қайтарылыпты.

Мөлдірдің айтуынша, Құдайбергеновпен ажырасуға өзіне және балаларына жасалған тұрмыстық зомбылық ықпал етіпті. Қабылова ақыры шыдамай, былтырғы қаңтарда ажырасқысы келетінін Олжасқа хабарлапты. Бұл кезде Мөлдір "Болашақ" мемлекеттік стипендиясы аясында Ұлыбританияда оқып жатқан екен. 

Мұны естіп, Құдайбергенов Ұлыбританиядағы пәтердің аренда ақысын әрі қарай төлеуден бас тартады. Салдарынан Мөлдір балаларымен далада қалған және мойнына коммуналдық қызметтер үшін қарыз артылған. Оларға британдық әлеуметтік қамқорлық қызметтері қолұшын созып, панасыздарға арналған шұғыл баспанаға орналастырады.

Сондықтан қызының мүшкіл хәліне іші ауырған әкесі Құдайбергеновке шығып, одан ата-аналық борышын орындауды, балалары үшін оқу жылы аяқталғанша, баспана ақысын өтеуді талап етеді. Мөлдірдің айтуынша, осыдан кейін Олжас оның әкесін де қырына алып, оған ақша бопсалады деген айып тағыпты. Полиция Қабылованың әкесін тұтқындап әкетеді. 

Әйелдің сендіруінше, мұнымен шектелмеген О.Құдайбергенов оған 2023 жылғы ақпаннан бастап, "Болашақ" бағдарламасы стипендиясының төленуін тоқтату үшін де қолдан келгенін жасаған. Бұған қоса, қыркүйек айында Мөлдірдің ағасы да Құдайбергеновке қарызын қайтармады деген айыппен тұтқындалды. Олжастың бұрынғы әйелі әкесі мен бауырына қатысты сот процесі әділ өтпеуі мүмкін деп қорқады. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан қорған, араша болуды сұрады.

Өз кезегінде НеМолчиKZ қоры Мөлдір Қабылованың қолдау сұрап, өздеріне жүгінгенін растады.

"Мөлдір өте ұзақ шыдап, үндемеген. Оның айтуынша, 2022 жылдың наурызынан бүгінге дейін көп құқай көрген. Олжас Құдайбергенов қайын атасының үстінен ақша бопсалады деп айыптап, шағым түсірген. Мөлдірдің әкесі күйеу баланың балалар тұратын пәтердің ақысын төлеуді доғарғанына, немерелерін панасыз далада қалдырғанына ызаланған екен. Полиция оны дереу тұтқындап әкетті. Полиция бөлімінде Мөлдірдің әкесі жаны қиналып, есінен танып құлаған. Бас сүйегі, жамбасы, аяғы сынған, 4 ай бойы төсекке таңылып жатқан. Бұдан бөлек, О.Құдайбергенов Халықаралық бағдарламалар орталығының Мөлдірге 2023 жылғы ақпаннан бастап, Болашақ стипендиясын төлеуді тоқтатуына қол жеткізген", – деп хабарлады НеМолчиKZ қоры.

Қордың мәліметінше, 2023 жылғы қыркүйекте бұрын берілген қарыз ақшаны қайтармады деген айыппен, Олжастың шағымы негізінде Мөлдірдің ағасы тұтқындалған. 2023 жылғы қазанда полиция Мөлдірдің әкесін тағы да тұтқындап, екі айға қамап тастаған. Оған да ақша бопсалауға қатысты былтырғы айып себеп болыпты.

Олжас Құдайбергенов мұның бәрін жоққа шығарып, "жалған" деп атады. Ол әйелдерін тек әлсіз, ақымақ еркектер ұрады деп санайтынын және бұл кесір құбылысты айыптайтынын жеткізді.

"Балаларына зомбылық көрсетті деп жатыр. Бұл – жала. Мен өз балаларымды сүйемін, олар да мен дегенде ішкен асын жерге қояды. Балаларыма зорлық-зомбылық көрсетпегенім, ондай фактілердің жоқтығы балаларды Қазақстанға кері қайтару мәселесін қараған қазақстандық сот үшін жасалған психологтың есебінде де айтылған. Әйеліне зорлық көрсетті деген де көрінеу жалған айып. Мен ешқашан әйелімді ұрған емеспін. Оны сотта Мөлдірдің өзі де растаған. Соған қарамастан, ол Ұлыбритания полициясына тұрмыстық зомбылық туралы жалған шағым түсірді. Айыпқа дәлел болмағандықтан, британдық полиция ол істі жауып тастады", – деді Олжас Құдайбергенов.

Оның айтуынша, биылғы наурызда Астана қаласында сот процесі аяқталып, сот Қабылованы балаларды Қазақстанға қайтаруға міндеттеді. Сот шешімі әлі күнге орындалмапты.

Содан, О.Құдайбергеновтің түсіндіруінше, жеке сот орындаушысы қамтамасыз ету шарасы ретінде Халықаралық бағдарламалар орталығын Қабыловамен арасындағы "Болашақ" стипендиясына қатысты келісімшарттың күшін уақытша болса да тоқтатуға міндеттеді.

"Міне, дәл осы себепті оған бүгінде стипендия төленбейді. Ол сот шешімін орындаса, келісімшарт қайта жалғасады. Егер ол балалармен бірге Қазақстанға оралудан бас тартса, Халықаралық бағдарламалар орталығы оны стипендиядан айырып, кепілдегі үйін тартып ала алады. Бұл жағдайда оның әкесі де және өз пәтерін кепілге қоюға келіскен менің бауырым да баспаналарынан айрылады. Ол болса, Лондонда мәңгілікке қалғысы келеді", – деген пікір білдірді Құдайбергенов.

Ол Мөлдірдің әкесіне және ағасына қатысты қылмыстық істер ажырасқанға дейін қозғалғанын жеткізді. Отбасын күйреуден аман сақтап қалу үшін күш салғанын, әйелі бірінші рет айырылысуды ұсынғанда, одан бас тартқанын айтты. Бірақ кейін "некенің еш мәні қалмады" деген байламға келіп, ажырасыпты.  

Олжас Құдайбергеновке сенсек, Анлияда оның балаларды ұрлап әкетуге талаптануына қарсы арызын қызы қайтарып алуы үшін Мөлдірдің әкесі одан 30 мың фунт талап етіпті. Оның әкесінің ақша сұраған әңгімелерін тегіс жазып алған екен. Содан қазақстандық полицияға шағым жазған. Мөлдірдің әкесі Олжастан ақшаның екінші бөлігін алу кезінде ұсталыпты. Бірінші бөлігін алғанда, оның қызы да арызын кері алған көрінеді.

Мөлдірдің ағасы оған 7 млн теңгедей қарыз екен. Ол "досымен бірге 98 миллион теңгенің тендерін ұтып алған" көрінеді. Контрактіні орындауға қажетті ақшаны табуға Құдайбергеновтен көмек сұрап, табысымен бөлісуге уәде етеді. Алайда артынша қоңырауға жауап беруін доғарыпты. Сондықтан оны алаяқ деп санап, оның үстінен де полицияға арыз жазған. Барлық ісі заң аясында жасалғанына сенімді.

Әйелінің шетелде не істеп жүргенінен қазіргі кезде хабар-ошары жоғын, бірақ балалары телефонмен хабарласқанда қуанатынын қосты. Әділдікті, ақ-қарасын сот анықтайды.

Дегенмен, тұрмыстық зомбылыққа тосқауыл қойылуы үшін мұндай мәселелер жасырылмай, жаба тоқылмай, ақпарат құралдарында ашық көтерілгені маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу