Содан отандық банктер шетелдіктерге жаңа карта ашуды уақытша доғарды.
Телефон және интернет алаяқтар қазақстандықтарды шетелде отырып алдайды. Бірақ шетелге ақша аудару ұзақ уақытты талап етеді. Ол үшін клиенттің өзі банкке келіп, тұлғасын сәйкестендіруі, қаптаған құжатқа қол қоюы шарт.
Уақыт ұзаған сайын, кез келген сәтте құрбан қалың ойға батып, райынан қайтып, тұзақтан сытылып шығып кетуі мүмкін. Бұл жағдайда халықаралық алаяқтарға жергілікті дропперлер көмекке келеді.
Оларда кез келген банктің картасы болса жеткілікті. Қаскөйлер құрбанынан алдап алған ақшаны алдымен тегіс соның картасына қотарады. Содан кейін дроппер елге келіп, елде болса, банкке барып, асығып-аптықпай қаржыны шетелдік шоттарға жолдайды.
Осы орайда Қазақстандағы дроп-карталардың 90%-ының иегерлері – шетелдіктер болып шықты. Содан құқық қорғау органдары амалсыз, азаматтарының заңсыз тірлігі туралы материалдарды көрші елдерге жіберуге мәжбүр.
Қаржылық мониторинг агенттігі 2024 жылдың қорытындысында қазақстандықтардан жалпы сомасы 24 миллиард теңгені ұрлауға атсалысқан 6,2 мың "дроп-картаны" әшкереледі.
"Қылмыскерлер өз кірістерін заңдастыру үшін жеке тұлғаларды белсенді түрде пайдалануда. "Дроптар", "дропперлер" – бұл банктік карталар мен шоттарды рәсімдеу үшін қолданылатын жалған тұлғалар. Ведомство қылмыстық кірістерді заңдастыру мақсатында елімізде 6,2 мың дроп-карталардың пайдаланылғанын анықтады. Бұл карталар арқылы әкетілген қаражаттың жалпы сомасы 24 миллиард теңгеге жетті", – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Агенттіктің дерегінше, құрбанының интернет-банкингіне қашықтан қол жеткізу үшін кәсіби жылыстаушылар үшінші, бөгде тұлғаларға тіркелген байланыс операторларының SIM карталарын пайдаланған.
ҚМА сарапшыларының айтуынша, "дроп-карталар" көбінесе есірткі саудасы, кибер-алаяқтық, заңсыз құмар ойындар және басқа да қылмыстық әрекеттерге байланысты схемаларда қолданылды.
"Іс жүзінде "дроптар" деп аталатындар халықтың осал топтарына жататын адамдар санатынан болып келеді. Яғни, жұмыссыздар, студенттер, зейнеткерлер және басқасы. Олар қылмыстық схемаға қатысуынан болатын барлық салдарды түсінбейді. Мұндай карталар иелерінің 90%-дан астамы резидент емес тұлғалар, яғни, шетелдіктер. Олар туралы ақпарат шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарына жіберілді", – деп мәлім етті Қаржылық мониторинг агенттігі.
Мұндай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою үшін Қаржылық мониторинг агенттігі уәкілетті органдармен бірлесіп келесі шараларды қабылдады:
- бір өзінде 10 немесе одан да көп карталары бар клиенттерге, соның ішінде қазақстандықтарға да тексерістер жүргізіледі;
- банктік картасын үшінші тұлғаларға бергені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістерге бастамашы болды, заң жобасы әзірленді;
- күдікті шоттардағы қаражатты уақытша "қатыру" және қашықтан банктік қызмет көрсетуді өшіру механизмі енгізілді;
- бір клиентке берілетін банктік карталардың саны шектелді;
- күдікті операцияларды анықтау және күмәнді клиенттерді қаржы мониторингі субъектілерінің қызметтерінен ажырату үшін типологиялар әзірленді.
Ведомство Қазақстан азаматтары мен елде тұрып жатқан шетелдіктерге ескерту жасады.
"Сіздерге банктік карталар мен шоттарды пайдалану арқылы заңсыз схемаларға қатысқаны үшін жазаға тартылу қаупі бар екенін ескертеміз. Күмәнді қаржылық операцияларға қатысудан сақ болуға шақырамыз. Егер сізге қаражат аудару арқылы жеңіл табыс табуды ұсынса, бұл қылмыстық схеманың бір бөлігі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол адаммен барлық байланысты тоқтатып, құқық қорғау органдарына хабарлауыңыз қажет. Сіздің сақтығыңыз бен мұқияттылығыңыз – елдің қаржылық қауіпсіздігінің кепілі!" – деді Қаржылық мониторинг агенттігінің мамандары.
Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шетел азаматтарына берілетін банк карталарының қолданыс мерзімін шектеді. Бұл жаңалық биыл күшіне енген, агенттік басқармасының 2024 жылғы 31 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы ұйымдарының қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" №96 қаулысында қарастырылған.
Сарапшылардың түсіндіруінше, жатжұрттықтардың қазақстандық картаны "дропқа" ғана емес, сондай-ақ есірткі саудасын өрістетуге, криптовалютаны жылыстатуға пайдалану деректері жиілеген екен.
Қаржылық реттеушінің мәліметінше, осы себепті биылдан бастап бөтен елдің азаматтары қазақстандық банктік картаны 1 жыл ғана қолдана алады. Содан кейін идентификациядан, аутентификациядан өтіп, қайта шығаруы қажет.
Қаржы нарығын реттеу агенттігі "есірткі құралдарының және цифрлық активтердің заңсыз айналымы саласында банк қызметтерін пайдалану тәуекелдерін азайту" үшін шаралар қабылданғанын жариялады.
Атап айтқанда, біріншіден, қаржылық мониторингті жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекіткен, қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар және:
- есірткіні заңсыз өндірумен, айналымымен және транзитімен байланысты;
- "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушысы болып табылмайтын "цифрлық активтер биржаларына" төлемдер жасаумен, ақша аударумен байланысты;
- электрондық казиноның, интернет-казиноның пайдасына төлем жасаумен, ақша аударумен байланысты операцияларды анықтауды автоматтандыру бойынша банктерге талаптар қойылды.
Екіншіден, Қазақстанның бейрезиденттері, шетелдіктер үшін берілетін төлем карточкаларының қолданыс мерзімі 12 аймен шектелді
Үшіншіден, Қазақстанда бір клиентке берілетін төлем карталарының саны қысқартылды.
Сондай-ақ, жаңа талаптарға сәйкес, банктер:
- бір банктен 5-тен көп карта алған;
- әртүрлі 3 банктің әрқайсысынан 3 және одан көп төлем картасын рәсімдеген клиенттерді ерекше бақылайтын болады. Мұндай адамдар құзырлы органдардың қырағы назарына ілігеді.
Осы мақсатта қолданыстағы "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарға" және "Екінші деңгейдегі банктерге, ҚР бейрезидент-банктерінің филиалдарына арналған тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларына" өзгерістер енгізілді.
Айта кететін жайт, Kaspi, Home Credit Bank, Halyk Bank, "Еуразиялық банк", "Нұрбанк", ресейлік ВТБ-ның қазақстандық еншілес банкі сияқты ірі банктер шетелдіктерге жаңа дебеттік карта ашуды уақытша доғарды.
Банктердің түсіндіруінше, бұл шешім елде тұруға ықтиярхаты (ВНЖ) жоқ бейрезиденттердің карталарының қолданыс мерзімін 12 аймен шектейтін жаңа қағидалармен байланысты.
Kaspi Bank жатжұрттықтарға карта беруді 2025 жылғы 19 қаңтардан 3 ақпанға дейін тоқтатқанын хабарлады. Осы мерзімнен кейін бейрезиденттер тек 1 жыл ғана пайдаланылатын карта ала алады. 19 қаңтарға дейін берілген карталар мерзімі түгесілгенше жұмысын жалғастыратын көрінеді. Бірақ қажет болған жағдайда банк кез келген картаның күшін жоя алады.
Ал, Home Credit Bank болса, шетелдіктерге карта рәсімдеуді толығымен және белгісіз мерзімге тоқтатып тастады.
Басқа банктер жаңа қағидаларға карта шығаруды доғарусыз, бірден көшетіндерін жариялады. Олар өзге мемлекеттердің азаматтарына жаңа шарттармен карта рәсімдеуге биылғы 19-20 қаңтардан бастап кірісіпті.
Барлық отандық банктер бұдан былай шетелдіктерге 5-тен көп карта бермейтіндерін мәлім етті.
Алайда Қаржы нарығын реттеу агенттігінің нақтылауынша, бұл шектеулер елімізде тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктерге, кәсіпкерлерге, инвесторларға және дипломаттарға таралмайды. Олар әлгінде айтылған қылмыстарға бармайды деп үміттенеді.