Коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығының беталысы қандай?

Елдегі эпидахуал түзелмесе, басқа салалар сияқты бұл нарық та құлдырайды.

Коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығының беталысы қандай?

Карантин басталған тұста қиын жағдайға тап болған нарықтың бірі – жылжымайтын коммерциялық мүлік саласы. Қызметкерлердің көпшілігі қашықтан, онлайн жұмысқа көшкен тұста, ғимараттар босап, шағын компаниялар кеңседен, кәсібін дөңгелетіп отырғандар орнынан бас тартты. Бұл өз кезегінде жалға берушілер мен жалға алушыларға да әсерін тигізді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бірі ай сайынғы табысынан қағылса, бірі үйреншікті орнынан айырылды. Пандемия ұзаққа созылғандықтан, бизнес жұмыс процессін автоматтандырып, интернет саудаға көше бастады. Кәсіпкерліктің бұл трансформациясы әлі де жалғасуда. Сондықтан коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығы әлі қозғалыссыз тұр. Мамандардың болжамына сүйенсек елдегі эпидахуал түзелсе, аталған нарықта жағдай жарты жылдан кейін оңала бастайды. 

"Golden key" жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Ботагөз Кенжебаева кәсіпкерлердің жаңа жағдайға бейімделуі, бизнестің трансформациясы биыл да жалғасатынын айтады. Компаниялар жаңа технологиялар енгізіп, барынша жаңа форматта жұмыс істеуге үйренеді. Мұның салдарынан ірі бизнес ғимараттарының құрылысы баяулайды, бірақ интернет сауда дамығандықтан қойма түріндегі ғимарттарға сұраныс артады. 

"Қазірдің өзінде коммерциялық нысандарға сұраныс төмен. Тек азық-түлік дүкендері мен тамақ өнімдерін шығаратын компаниялардың жұмысы жүруде. Ал бизнес орталықтары мен сауда ойын-сауық орталықтарын жалға алушылардың жағдайы мәз емес. Себебі қатаңдатылған карантиннен енді шықты, соған қарамастан демалыс күндері жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Былайша айтқанда толық жұмыс істей алмай отыр", – дейді маман. 

Алайда жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры бизнес қазіргі форматта қалып кетпейтінін айтады. Оның ойынша коронавирусқа қарсы вакцинация аяқталған соң, қалыпты өмірге оралуымыз мүмкін. 

"Оған компаниялардағы корпоративтік мәдениет, жергілікті таным-түсінік, басқару тәсілі түбегейлі онлайн режимге көшуге мүмкіндік бермейді. Бұл жылдың басында-ақ байқала бастаған. Сондықтан бірінші тоқсанның соңында кеңселерге сұраныстың өсуі күтілді. Алайда Алматы мен Нұр-Сұлтан "қызыл аймаққа" кіріп, карантин қатаңдатылды. Салдарынан босаған ғимараттар саны 10-20% артты", – дейді Ботагөз Кенжебаева.

Сарапшылар нарықтың жылдам қалпына келуіне әсер ететін фактордың бірі –ретейл, ШОБ-ты мемлекеттік қолдау деген пікірде. Несиелік, салықтық жеңілдіктер жалға берушіге де, алушыға да қолдау болып отыр. Әйтсе де, қазіргі жағдай жалғаса берсе немесе былтырғыдай қатаң карантинге көшсек, бизнес нысандар нарығы тоқырауға ұшырауы мүмкін. 

Жыл басында Алматыда коммерциялық жылжымайтын мүліктің орташа бағасы шаршы метріне 410 мың теңге, жалға алудың орташа құны – шаршы метріне 4 450 теңге болды. Нұр-Сұлтанда шары метріне 297 мың теңге, жалға алу шаршысына – 2 207 теңгені құраған.  2020 жылдың басынан бері көрсеткіштер өзгеріссіз.

Коммерциялық жылжымайтын мүлік риелторы Гүлнар Нарбекованың пікірінше биылғы жылдың екінші жартысында баға қандай болатынын болжау қиын. 

"Қазір барлық коммерциялық нысандарға сұраныс төмен. Бұл 2008 жылғы бағаның күрт түскен кезіне ұқсайды. Барлық коммерциялық нысандар нарығында дағдарыс кезеңі деп айтуға болады. Сондықтан бұл салада табыс төмен. Қазір бағалар қалыпты, бірақ ол негізсіз. Біраз уақыттан соң баға түседі. Тіпті нарықтағы танымал бизнес орталықтар бос тұр, себебі сұраныс жоқ. Тек жазғы алаңы бар нысандар өтімді болуы мүмкін", – дейді маман. 

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты Алматыда көптеген салалардың қызметіне тыйым салынды. Бұл ретте Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов "Атамекен" ҰКП жұмысының нәтижесінде бизнес пен биліктің "қарым-қатынасында" тиімсіздігін көрсеткен бірқатар шектеулер алынып тасталғанын айтады.

"Өкінішке қарай, COVID-19 экономиканың барлық саласына әсер етті, коммерциялық жылжымайтын мүлік саласы да соның ішінде. Бұл салада 15, 1 мың нысанның жұмысына шектеу қойылды. Ал бұл компанияларда 89,7 мың адам жұмыс істейді", – дейді Айтуар Қошмамбетов.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының наурыз айында жүргізген сауалнамасына сәйкес респонденттердің 59%-ы жалға алу ақысы мен коммуналдық қызмет ақысын төлеуде қиыншылықтар барын жеткізген. Сондықтан "Атамекен" ҰКП кәсіпкерлер мен экономиканың зардап шеккен салаларын қолдау шараларын ұсынған. 

"Мұның бірқатары Алматы қаласы әкімімен, бизнес қауымдастықпен келісілген. Жалға алушы егер локдаунға байланысты ғимаратты пайдалану тиімсіз болғанын дәлелдесе, жалға алу құнын төмендетуді сұрай алады.  Алайда жалға алушы мен беруші арасындағы қатынасқа, бағаны төмендетуге мемлекет ықпал ете алмайды. Сондықтан мемлекеттік қолдауға ұсынылған шараның бірі – жалға алу мен коммуналдық төлемдерді субсидиялау", – дейді палата басшысы. 

Айтуар Қошмамбетовтың айуынша бүгінде компания шығындарының және жалға алу алаңдарының қысқаруы сынды үдеріс байқалады. 

"Алдағы уақытта коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығында "сапалы" қызмет ұсынушылар арасында бәсеке артады деп есептеймін. Жалға алу алаңдары қысқарып, мерзімі де азаяды. Себебі жалға алушыларға ұзақ мерзімді шарттарға қарағанда, уақыт жағынан шектемейтін қысқа мерзімді ұсыныстар ыңғайлы", – деп түйіндеді  Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры. 

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу