Қонақүйлер мен мейрамханалардың жұмысы қалай жанданады?

6813

"Сбербанк" "Дамудың" кепілін менсінбейді.  

Қонақүйлер мен мейрамханалардың жұмысы қалай жанданады?
Мемлекет төтенше жағдайдан кейінгі кезеңде бизнестің дамуына 6 пайыздық несие беруді жоспарлап отырғанымен, кейбір банктер бұл бастаманы қуаттауға құлықсыз. Кәсіпкерлікті қолдау қоры ұсынған кепілдік құжатты "қағаз ғана" деп бағалаған "Сбербанкке" ақмолалық кәсіпкерлердің өкпесі қара қазандай. Бұл туралы ATAMEKEN BUSINESS арнасының тікелей эфирінде өткен телемарафонда айтылды.

Марафон барысында "Атамекен" ҰКП сауда және шағын бизнесті дамыту департаментінің сарапшысы Әлібек Момынбеков мемлекет тұралап қалған бизнесін қайта дөңгелеткісі келгендерге 6 пайызбен 5 және 20 млн теңге беретінін жеткізген болатын. Мұндағы 5 млн теңге шағын бизнес нысандарына қаржы айналымын қалыптастыру үшін ұсынылса, 20 млн теңгенің несиесі нақты өндірісті аяқтан тұрғызуға берілмек. Екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін несиеге мемлекет "Даму" қорының үйреншікті тетіктері арқылы 85 пайыздық кепіл бермекші.

Кәсіпкерлер бұл жоба сөз жүзінде мінсіз көрінгенімен, жүзеге асуы күрделі екенін айтады. 

"Нақты мысал ретінде айтайын, "Сбербанк" "Даму" ұсынған 85 пайыздық кепілді қабылдамай қойды. "Сізге несиені өз қалтамыздан береміз. Мемлекеттен алып отырған жоқпыз. Сондықтан мемлекет ұсынған кепілдіктің күші жүрмейді. Біз кімге қандай шартпен несие беретінімізді өзіміз білеміз.Несие алғыңыз келсе, тым құрығанда  кепілдің 70 пайызын өз қалтаңыздан төлеңіз. Мемлекет берген кепілдік құжаты қағаз ғана. Ал бізге нақты кепілдік керек", – деген жауап айтты.

Тіпті банктер мемлекеттің кепілдігін қабылдаған күннің өзінде сіздер айтып отырған 5 млн теңгені алу үшін 750 мың теңге кепіл төлеу керек. 5 млн теңгеге мұқтаж болып отырған адамға оны тауып беру де қиын", - дейді Ақмола облысындағы сервис және туризм академиясының басшысы Регина Закирова.

Марафонға қатысушылар арендалық төлемдер мен шегерілген салықтың кейін түсер салмағы мейрамхана бизнесін қос бүйірден қыса бастағанын жарыса айтты.

"Атамекен" ҰКП жер-жерден келген өтініш-шағымдар негізінде 2021 жылға дейін қосымша құн салығынан босату туралы ұсыныс дайындап, Үкіметке жолдаған. Бірақ қоғамдық тамақтану орындарын жыл соңына дейін мүлік салығынан босату туралы ұсыныс қана қолдау тапты. Маусым айына дейін барлық шағын және орта бизнес үшін барлық салықтар кейінге шегерілді", – дейді Әлібек Момынбеков.

Нұр-Сұлтан қаласында мейрамхана бизнесін дөңгелентіп отырған Артем Марченко салықтарды шегеру бір жағынан жеңілдік болып көрінгенімен, екінші жағынан тұзақ іспетті деген пікір айтты.

"Біздің 5 мейрамханамыз болған. Біреуін жабуға тура келді. Оны енді қалпына келтіру мүмкін емес. Тіпті ішіндегі мүліктерді сатуға мәжбүр болдық.  Алматыда бір жобаны уақытша тоқтатып қойдық. Осыдан-ақ салаға қандай салмақ түскенін көруге болады. Қазір құзырлы органдар шегерілген салық төлемдерін қыркүйекке дейін төлеп тастауларың керек деп отыр. Олар салық төлеткісі келсе, қандай тетіктерді қосып қинайтынын біз жақсы білеміз. Есепшоттарды бұғаттап, тынысымызды тарылта салу оларға оп-оңай. Пандемияға дейін табысты жұмыс істеп тұрған мейрамханалар мен дәмханалардың 85 пайызы ғана карантиннен кейін қайта ашылады. Ал шегерілген салықты төлеу басталған кезде жаңағы  қысымдарға шыдамай, нысандардың 50 пайызы біржола жабылып тынады", – дейді кәсіпкер. 

Батыс Қазақстан облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Нұрқуатов та бұл уәждің жаны бар екенін айтады.

"Кредитті кейінге шегерудің де біздің кәсіпкерлер қандай көмек ретінде ұсынғанын түсінбей отыр. Салық болсын, кредит болсын, қазірдің өзінде кәсіпкерлердің мойнында қомақты қарыз қордаланып қалды. Сол қарыздың бәрін 1,5-2 ай бойы табыссыз қалған кәсіпкерге қайтару қиын болады", – деген маман арендалық төлемдер онсыз да титықтап шыққан бизнесті тығырыққа тірей түсетінін айтады.

"Аренда туралы арнайы заң керек деп жүргенімізге екі жыл болды. Әзірге құлақ асқан ешкім жоқ. Ондай заң дамыған елдердің бәрінде бар. Ел экономикасында қиындықтар туындағанда жалға алушылар мен берушілердің қатынасын реттейтін нақты норма болуы керек. Қазір осындай тәртіптің жоқтығынан арендалық төлемдер кәсіпкерлердің жағдайын қиындатуда",  деді ол.

Ал Орал қаласындағы "Неолит" дәмханасының басшысы Могамед Юсуфзаде қоғамдық тамақтану орындары үшін жеңілдетілген карантиндік шаралардың аса бір пайдасы жоқ деген пікір айтты.

"Мейрамханалар мен дәмханаларға 30 адамдық шектеумен жұмыс істеуге рұқсат ету аса бір көмек болып жатқан жоқ. Адамдар  дәмханаға көбіне кешке қарай келеді. Ал бізге тек сағат 18.00-ге дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат берген. Жазғы дәмханалар бос тұр деп айтуға болады. Біз әйтеуір үйге жеткізіп берудің арқасында күнелтіп келеміз", – деді кәсіпкер.

 
 
 
Есжан Ботақара
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу