Сондай-ақ, "Қазақ тілі" қоғамының құрылтайы қасиетті Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығының қарсаңында өтіп жатқанына ерекше екпін берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қазақстан Егемендік жолының осындай айтулы межесіне беделі биік, болашағы жарқын ел ретінде қадам басып отыр. Тәуелсіздік туын көтергелі бері халқымыз көптеген белесті абыроймен еңсерді. Біртұтас ұлт болып, мемлекеттігіміздің іргетасын қалады және оны нығайта түсті.
Берекелі бірлігіміздің арқасында біз соңғы жеті жыл ішінде ауқымды реформаларды табысты іске асырдық. Ел өмірінің барлық саласында түбегейлі өзгерістер жасап, тың бастамалар көтердік.
Ең бастысы, халқымыздың темірқазығына айналған қастерлі құжат – Конституциямызды қабылдадық. Мазмұны айрықша Конституция Әділетті Қазақстанды құру ісіне заң тұрғысынан жол ашты.
Енді Конституцияға сәйкес еліміздің Тәуелсіздігін, Егемендігін, кең байтақ жеріміздің тұтастығын, азаматтарымыздың заңды құқықтарын және бостандықтарын қорғау мемлекетіміздің басты, тіпті, қастерлі міндеті саналатын болды деп айтсақ, қате болмас, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, баршамызға Тәуелсіздік – бәрінен қымбат асыл дүние. Тәуелсіздік болмаса, біздің халқымыздың келешегі тығырыққа тірелетіні анық. Сондықтан Тәуелсіздікті қорғау әрі нығайту – ең қасиетті борыш, ең қастерлі парыз.
– Бірақ, ашығын айтуымыз керек, Егемендігімізді қорғауға қатысты мәселенің бәрі толығымен шешімін тапты десек, үстірт пікірге тең болар. Алдымызда ауқымды және кезек күттірмейтін, маңызды әрі күрделі міндеттер тұр. Халықаралық ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Әлемде саяси, экономикалық, идеологиялық шиеленістер ушығып тұр. Осындай алмағайып кезеңде әлемнің болашағын болжау өте қиын екені түсінікті.
Мұндай заманға біздің бір ғана жауабымыз бар. Бұл – бірлігімізді бекемдеп, ортақ мүддеге күш жұмылдырып, ұлттық жауапкершілігімізді терең сезіне отырып, қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасына адал қызмет ету.
Түптеп келгенде, Егемендікті нығайту – халықтың әл-ауқатын арттыру, жаңа технологияларды жетік меңгеру, заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, өзара жанашыр, еңбекқор, жасампаз болу, табиғатты аялау деген сөз.
Біз осы міндеттерді табысты орындасақ, жаһан өркениетінің төрінен лайықты орын аламыз. Сондықтан Конституцияда қазіргі заман талабына сай білім мен ғылымды, инновацияны, адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілді.
Ұлтымыздың бас құжатында, яғни Конституциямызда еліміздің тамыры терең тарихы мен бітім-болмысы, болашақтағы бейнесі айқындалды. Атап айтқанда, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің конституциялық мәртебесі тайға таңба басқандай жазылды, – деп сөзін қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.