Көпбалалы ана балаларын қалай үш есе арзан киіндіріп отыр?

1919

"Мейлі торт пісір, мейлі нан пісір, мейлі іс тік... Өз қолыңмен не істесең де пайда табасың. Осыны әрдайым естен шығарма!".

Көпбалалы ана балаларын қалай үш есе арзан киіндіріп отыр?

Бұл – пандемия кезінде үйінде отырып кәсіп бастап, қазір дүкен ашуға талпынып жүрген астаналық көпбалалы ана Жұма Нұрғалиеваның сөзі.

Ол inbusiness.kz тілшісіне бизнес бастаудағы тәжірибесін әңгімелеп берді.

Үнемдеу туралы

"Әрине, үйде баламен отырған адамға оңай емес. Бос адам болсаң, бизнесіңді дамытуыңа мүмкіндігің көп болады", – дейді Нұрғалиева. 

Жеке бизнестің артықшылығы да, қиыншылығы да бар.
"Қиыншылығы – көп уақыт арнауың керек". Таңертеңгі тоғыздан, кешкі алтыға дейін жұмыс істеп, шығып жүре беру жоқ мұнда. Өзің ғана болған соң, көп нәрсені түсінбей қиналасың. Мәселен, салық төлеуде қиыншылықтар болады.

"Бір жақсысы "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасында қаржы, заң жөнінен тегін кеңес беретін адамдар бар. Олардан барып сұрап алуға болады", – дейді ол. 

Тігінші спорттық киім тігуді бәрінен артық көреді екен. Өйткені футер материалынан тігілген "свитшот" пен "худиді" қазір бәрі киеді.

"Жеке кәсіптен көп табыс таппасам да, мемлекеттің жәрдемақасына қарап отырмаймын, бала-шағамды үш еседей арзан киіндіремін. Мысалы, дүкендерде балалардың спорттық киімдері 20 мың теңге болса, оны алты-жеті мың теңгеге тігіп аламын. Бір баланы мектепке дайындауға 100 мың теңге кетеді. Ал мен спорттық киімдерін, шалбарларын өзім тігемін де, көп бөлігін үнемдеп қаламын", –деді Нұрғалиева. 

Тұрақты клиентті жоғалтпау үшін не істеу керек?

"Басында үйде іс тіктім. Өйткені пандемия болды. Үйде іс істеген өте қиын екен. Үй шаң болады, инелер кілемге түсіп қалады, яғни балаларға қауіпті. Сондықтан кейін шағын бөлме жалдап алдым", – деді ол.

Ол келесі жылы кәсіпкерлер палатасына тағы жоба ұсынып, бөлме сатып алу ашу үшін грант алуға талпынып көрмек.

"Жалдап отырған жерің тұрақты болмауы мүмкін. Бірде жабылып қалады, енді бірде иесі босатып беруіңді сұрайды. Сондайда далада қалғаның өз алдына, мекенжай бойынша іздеп келетін тұрақты клиенттеріңді жоғалтасың. Басқа жерге ауысқан соң, бәрін басынан бастауға тура келеді", – дейді Нұрғалиева.

Жеке бөлме сатып алса, қоластына жұмысшылар алып, тендерлерге қатысып, кәсібін кеңейтуді ойлайды.

Ол былтыр "Бастау Бизнес" курсынан өтіп, 560 мың теңге грантқа ие болып, бұған екі іс мәшинесін сатып алған. Үшінші мәшинесі мен өзге жабдықтарына өз ақшасын қосқан. 

Негізгі бағыты – спорттық киім. Қажетті матаны Қарағанды облысынан алдырады. Алдағы уақытта Түркиядағы фабрикалардан алдыруды ойлап отыр. Сонда киімнің бағасы да арзандайды.

Оның жұмыс бастағанына бір жыл болды. Инстаграмда Gaukhar_Tazhi деген атаумен өзінің брендін қалыптастыруға күш салып келеді.

Іс тігуді қалай үйренді?

"Бастау Бизнес" жобасы бойынша курс өткеннен кейін, тест тапсыруда еш қиналмадым. Өйткені қаржы маманымын. Банк саласында 12 жыл жұмыс істегенмін", – деді ол. 

Тұрмысқа шығып, дүниеге балалары келген соң, ол жерден қызметін жалғастыру мүмкін болмаған. Төрт баласын спорт үйірмелеріне апарып тұру үшін, сонымен қоса кенжесіне қарау үшін еркіндік керек.

"Киім тігуді бұрыннан жақсы көремін. Бірақ кәсіби біліктілігім жоқ. Сондықтан интернеттен тігін курстарын оқыдым", – деді ол.

Бірінші балаларына, сосын туыстары мен таныстарына киім тігіп, тәжірибе жинаған. "Қазір үлкен ұлым да, жеті жастағы қызым да тігін тігуді үйреніп жүр", – дейді ол.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу