Көпбалалы отбасылар 1 мамырдан бастап пәтер ала бастайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3395

Оларға дайын тұрған үйлер сатып алу үшін 25 млрд теңге бөлінді.  

Көпбалалы отбасылар 1 мамырдан бастап пәтер ала бастайды Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет көпбалалы отбасыларға дайын тұрған үйлерді сатып алып беру үшін 25 млрд теңге бөлді. Бұл туралы бүгінгі үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлімдеді.

Бұған дейін жазғанымыздай, 2019 жылғы бюджетті нақтылау барысында көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысына және пәтер сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңге қарастырылған болатын. Министрдің сөзінше, бұл мақсатқа алдағы 7 жылда жалпы 350 млрд теңге жұмсалмақ екен. Бөлінген қаржы жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасыны пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Демек, жеті жылда 40 мыңнан астам пәтер қолданысқа беріледі деген сөз.

"50 млрд теңгенің 25 млрд теңгесі құрылыс жобаларын жүзеге асыруға жұмсалады, ал қалған 25 млрд теңгесі дайын пәтерлерді сатып алуға қарастырылған. Бұл шара көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуді тездетуге ықпал етеді. Қаржы облыс əкімдіктерінде кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың санына қарай негізделеді. Мәселен, Түркістан облысында 4 832 көпбалалы отбасы кезекте тұр. Осыған байланысты өңірге 8,6 млрд теңге бөлінуде. Бұл қаражаттың 4,3 млрд  теңгесі құрылысқа, қалған 4,3 млрд теңгесі дайын пәтерді сатып алуға жұмсалады. Солтүстік Қазақстан облысындағы 342 көпбалалы отбасыға берілетін қаржы 700 млн теңгені құрайды", – деді Роман Скляр үкімет отырысында.

Министрдің мәліметінше, биыл баспанаға мұқтаж 27 мың отбасы қоныс тойын тойламақ. Осы жылы республика бойынша 118 мың пәтер пайдалануға берілмек.

"Былтыр тұрғын үй құрылысына барлық қаржы көздерінен 1,2 трлн теңге инвестиция салынды. Бұл 2017 жылдың деңгейінен 8,1 пайызға жоғары. Мемлекеттің 1 теңгесіне жеке инвестицияның 6 теңгесі тартылды. 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Бұл 2017 жылдың деңгейінен 12,1 пайызға артық. Барлығы 113,7 мың баспана салынды. Биыл біз 13,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Ол 118 мың пәтер болады", – деді Роман Скляр.

Ведомства басшысының дерегінше, мемлекеттік инвестициялар есебінен 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл 27 мыңнан астам мұқтаж адамды баспанамен қамтамасыз етуге жол ашады. Қазірдің өзінде жыл басынан бері барлық қаржы көздерінен 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 15 мың баспана пайдалануға берілген. 5 өңірде тұрғын үйлерді ел игілігіне беру қарқыны төмендеген. Олар – Астана қаласы, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстары.

Үкімет басшысы Асқар Мамин көпбалалы отбасыларға 1 мамырдан бастап пәтер беріле бастайтынын айтты.

"Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын іске асыру аясында 5 жылдың ішінде жыл сайын 6 мыңға жуық көпбалалы отбасы үймен қамтамасыз етіледі. 1 мамырдан бастап пәтер бөлуді бастаймыз. Мұқтаж отбасыларға тұрғын үй несиелері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі арқылы беріледі. Екі жылда 22,5 мың отбасы жеңілдікпен несие алады", – деді Асқар Мамин.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу