Көпбалалы отбасылар пәтерді тек жаңа үйлерден ғана ала ма

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
9224

Елімізде 28,1 мың көпбалалы отбасы пәтер кезегінде тұр.

Көпбалалы отбасылар пәтерді тек жаңа үйлерден ғана ала ма Фото: liter.kz

Бүгін Мәжілісте 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджеттің таныстырылымы өтті. Жиында депутат Нұртай Сабильянов көпбалалы отбасыларды пәтермен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

"Тұрмысы төмен, көпбалалы және толық емес отбасыларға 20 жылға 2 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріледі. Бұл қаржыға тек жаңа үй ғана сатып алынуы керек пе? Әлде ауылдық елдімекендердегі бұрын бой көтерген үйлерді де алуға бола ма? Осы мақсатқа бағытталатын 50 млрд теңге өңірлерге қалай бөлінеді? Жалпы бұл мәселе қалай шешіледі?" – деді Нұртай Сабильянов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Қазақстанда 28,1 мың көпбалалы отбасы пәтерге мұқтаж. 

"Пәтер кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардың дені Түркістан облысында. Бүгінде 4822 түркістандық отбасы кезекте тұр. Одан кейінгі орынға Алматы облысы жайғасқан. Ал пәтер кезегі ең аз өңір – Солтүстік Қазақстан облысы. Аталған аймақта 342 көпбалалы отбасы ғана пәтерге мұқтаж. Қостанай облысында 477 отбасы кезекке тұрған", – деді Қайырбек Өскенбаев.

Вице-министрдің сөзінше, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі арқылы көпбалалы отбасыларға берілетін жеңілдетілген несиеге жаңа үйлерді ғана емес, бұған дейін салынған үйлерді де алуға болады.

"Өйткені, көпбалалы отбасылардың бәрі бірдей қалалық жерде тұрмайды. Аудан орталығында тұратындары жетерлік. Мәселен, Түркістан облысында 4800-ден астам отбасы пәтер кезегінде тұр. Егер нақты айтатын болсақ, оның 645-і Кентау қаласында, 641-і Арыс қаласында өмір сүріп жатыр. Яғни, көпбалалы отбасылардың жартысы облыс орталықтарында, қалғаны аудандарды мекендейді", – деді Қайырбек Өскенбаев.

Қаржы вице-министрі Татьяна Савельеваның сөзінше, жалпы 2019 жылы тұрғын үймен қамтамасыз етуге 100 млрд теңге қарастырылған. Бөлінген қаржы "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы екі бағытта жүзеге асырылатын болады.

"Бірінші бағыт тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға арналған. Оларға сатып алу құқығынсыз арендалық үйлер салынады. Осылайша, жыл сайын шамамен 6 мың пәтер пайдалануға беріледі", – деді ол.

Ал екінші бағыт Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

"Бұл ретте, тұрмысы төмен, көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды асырап отырған отбасыларға 20 жылға 2 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие берілетін болады", – деді Татьяна Савельева.

Қайырбек Өскенбаевтың сөзінен ұққанымыз, негізгі мақсат отбасыларды пәтермен қамту болғандықтан, бөлінген 50 млрд теңгені теңдей бөліп, бір бөлігін арендалық пәтерге, екінші бөлігін жеңілдетілген несиеге беру жағы пысықталып жатқан көрінеді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу