Қаңтардан бастап тиісті норма қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тиісті жаңашылдық төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардың әл-ауқатына әсер етеді деп күтілуде.
Қолданыстағы Салық кодексінде "Көпбалалы отбасы үшін салықтық шегерім" атты 347-бап бар. Онда көпбалалы отбасы үшін салықтық шегерім күнтізбелік жылға айқындалған 282 АЕК-тен аспайтын мөлшерде екі ата-анаға қолданылатыны жазылған. Салықтық жеңілдіктер ата-аналардың екеуіне бірдей қолданылады.
Атап айтқанда, ата-ананың біреуіне – әрбір ай үшін айлық есептік көрсеткіштің 23 еселенген мөлшерінде (90 436 теңге); екі ата-анаға да ай сайын 12 АЕК "47 184 теңге) мөлшерінде делінген.
"Учёт" компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев тиісті жаңашылдықты түсіндіріп берді.
"2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінде бұрын тоқтатылған жеке табыс салығына және көпбалалы отбасыларға арналған салық шегерімдеріне қатысты бөлімдер күшіне енді. Бұл өзгерістерді жеті жыл күтті, себебі о басында мұны 2018 жылы енгізу жоспарланған болатын. Бұл жеңілдіктерді енгізу жалпыға бірдей декларациялауды ауыстыруға байланысты кейінге қалдырылды, алайда Қазақстанның барлық азаматтары енген төртінші кезең биыл басталғандықтан, сәйкесінше шегерімдер де күшіне енді. Көпбалалы отбасыларға салық шегерімдерін енгізу – дұрыс бағыттағы қадам, себебі балалары бар отбасыларды қолдау әрқашан маңызды. Көпбалалы ата-аналардың табысына түсетін салық ауыртпалығын азайту олардың қиын қаржылық жағдайын кішкене жеңілдетуге көмектеседі", – деді ол редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.
Сарапшының айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша 2024 жылдың басынан бері төрт және одан да көп баласы бар отбасылар түрлі жәрдемақы түрінде шамамен 432 млрд теңге алған.
Максим Барышев салықтық жеңілдіктер қолдаудың жеке түрі екенін баса айтты.
"Көпбалалы отбасында күнтізбелік жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалар болса және бұл туу туралы куәліктердің көшірмелерімен расталса, салық шегерімдері қолданылады. Мысалы, егер де төрт балаңыздың бірі 2 қаңтарда 18 жасқа толса, онда биыл сіздің отбасыңызға осы шегерім қолданылады. Ата-аналар тиісті шегерімді қалай бөлу керек екенін өздері таңдайды. Яғни, не ата-ананың бірі айына 23 АЕК-ке (90 436 теңге) немесе ата-ананың әрқайсысы 12 АЕК-ке (47 184 теңге) тең шегерімді қолданады. Жылына бұл 1 109 000 теңге болады, ол салықтан босатылады", – деп түсіндірді спикер.
Бұл жеңілдік түрін алғысы келетін қазақстандықтар өздерінің жұмыс орындарында салық шегерімдерін қолдануға қатысты өтініш беріп, балаларының туу туралы куәліктерінің көшірмелерін ұсынса жеткілікті.
"Мысал ретінде қарастырсақ, 2025 жылы қызметкер 300 000 теңге жалақы алады дейік. Ол салық шегерімін қолдануға өтініш жазып, балаларының туу туралы куәліктерінің көшірмелерін әкеледі. Есептелген жалақыдан міндетті зейнетақы жарналары, МӘМС жарналары және стандартты салық шегерімдері (14 АЕК) шегеріледі. Содан соң көпбалалы отбасылар үшін шегерім қолданылады, бұл салық салынатын табыстан айына 90 000 теңгені босатуға мүмкіндік береді. Яғни, көпбалалы ата-ана үшін төлем көзінен алынатын табыс салығы төмен болады және қызметкер қолына шамамен 9 мың теңгеге көбірек жалақы алады", – деді Максим Барышев.
Алдыңғы жылдары көпбалалы отбасылар үшін мұндай салық шегерімдері қолданылған жоқ.
Сарапшының сөзінше, көпбалалы отбасыларға арналған тиісті шегерімдерді жұмыс берушілер де, 270.00 нысанындағы декларацияда азаматтардың өздері де дербес қолдана алады.
Бұл ретте көпбалалы отбасылар үшін қолданылатын салық жеңілдіктерінің максималды сомасы бір жылда 564 АЕК-тен (2 217 648 теңге) аспауы тиіс.