Көпбалалы, жалғызбасты, жұмыссыз, жесір аналарға аборт жасалады

5624

Әрбір түсік нәрестелердің өлім-жітімі санына қосылғаны жөн.

Көпбалалы, жалғызбасты, жұмыссыз, жесір аналарға аборт жасалады

Таяуда "Халықаралық әйелдер күні" мерекесінде биліктің рұқсат беруімен және 18 шет мемлекет елшіліктерінің қолдауымен бірнеше феминистік ұйым бірігіп өткізген Қазақстан тарихындағы тұңғыш шеру қазақстандық қоғамды тіксінтті, тіпті шошынтты. Себебі, Алматы, Ақтау, Нұр-Сұлтан, Атырау, Шымкент секілді біраз қаланың тұрғыны қатысқан шеруде "Өз жатырым – өз ережем" секілді ұран көтерілген.

Гендерлік теңдік ұранына Қазақстан халқының көзі үйренді, ондай саясат мемлекеттік деңгейде жүргізілуде. Тіпті осы қағидатты бекітетін (сайлау туралы, партиялар туралы) заңдар да қабылдануда. Алайда феминистердің аналардың жатырына тиісуі қоғамның қабырғасына батты. Бұл онсыз да саны өспей тұрған қазақтың арқасына пышақ ұрғанмен бірдей деген пікір айтылуда.

Осы орайда сарапшылар өткен жылдың соңында Денсаулық сақтау министрлігінің осыған қатысты тосын бұйрықты ың-шыңсыз ғана қабылдай салғанына назар аудартуда. Құжат "Жүктілікті жасанды үзуді жасаудың тәртібін, медициналық және әлеуметтік көрсетілімдерінің, сондай-ақ жүктілікті жасанды үзуді жасауға қарсы көрсетілімдерінің тізбесін бекіту туралы" деп аталады.

Акушер-гинеколог, жеке клиниканың гинекология бөлімінің меңгерушісі Оксана Петрова Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға өтінішпен жүгінді.

Клиникаларға әртүрлі санаттағы әйелдер – жұмыссыз, жалғызбасты, көпбалалы және басқа да нәзік жандылар жүгініп, ішіндегі баласын "алғызып" тастауды сұрайтын көрінеді. Бұл ретте аборт жасату үшін медициналық көрсетілімдер жоқ: аяқ-қолы балғадай, инфекциялық, паразиттік, онкологиялық және басқа да ешқандай ауыр дерті жоқ, ұрықтың да дамуы қалыпты. Жалғыз себеп – бала өсіруді әлеуметтік жағдайы көтермейді.

"Осыған орай бізді мынадай мәселе қызықтырады: Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 қазандағы бұйрығына сәйкес, айталық, 4 және одан көп баласы бар аналарға "әлеуметтік себептері бойынша" жүктілігін үзуге рұқсат етілген. Ондай пациенттерді Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы госпитализациялап, жүктілігін тоқтатуға болады. Сонда бұл үшін ол әйелдерден қандай құжаттар сұратуымыз керек? Емханасынан анықтама алдырту қажет пе? Әлде баспана жағдайының қанағаттанғысыз екенін растайтын құжат керек пе?", – деп сұрады клиника өкілі.

Ведомство ондай аналарды жүктілік "проблемасынан" айыру үшін қандай құжаттар талап етілуге тиістігін түсіндіріп берді.

"Жүктілікті жасанды үзу қағидалары ДСМ-нің 2020 жылғы 9 қазандағы №122/2020 бұйрығымен бекітілді. Әлеуметтік көрсетілімдер бойынша аборт жүктіліктің 22 аптасына дейінгі мерзім ішінде жүргізіледі. Жүктілікті үзудің әлеуметтік көрсетілімдері болған жағдайда, дәрігерлік-консультациялық комиссия (ДКК) қорытынды береді. Оны алу үшін әйел комиссияға 4 және одан көп бала туғанын дәлелдеуі, яғни туу туралы

куәліктердің түпнұсқасын көрсетуі қажет. Содан кейін әйелге егер гестация мерзімі 63 күнге жетпесе – талдау-анализ нәтижелері, жүктілікті жасанды үзуге бағыттама, қосымша медициналық немесе әлеуметтік көрсеткіштер болған жағдайда ДКК қорытындысы ұсынылады. Егер гестация 63 күннен 22 аптаға дейінгі аралықта болса – Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы жүктілікті жасанды үзуге жіберуге бағыттама, талдау нәтижелері бар амбулаториялық пациент картасынан үзінді көшірме, медициналық немесе әлеуметтік көрсеткіштер болған кезде қосымша ДКК қорытындысы берілуі керек", – деді министрлік.

Яғни, сонша көп құжат жинаудың да қажеті жоқ көрінеді.

Рас, аборт жасамас бұрын дәрігерлер әйелге бұл қадамның моральдық-этикалық, психологиялық және кері физиологиялық салдарлардын айтып, ықтимал асқынулар болуы ықтимал екенін түсіндіруі шарт. Бірақ әңгімелесіп отыруға дәрігердің уақыты болмауы мүмкін. Ал бір ауыз ескерту түсік жасатуға бекініп келген әйелді райынан қайтаруы неғайбыл.

ДСМ бекіткен "аборт жасаудың әлеуметтік көрсеткіштерінің" көптігі қайран қалдырады. Денсаулық сақтау министрінің аталған бұйрығына сәйкес, келесі жағдайларда әйелдер түсік жасата алады:

1) жүктілік кезінде жұбайының қайтыс болуы;

2) әйелдің немесе оның жұбайының бас бостандығынан айыру орындарында болуы;

3) әйел мен оның жұбайы белгіленген тәртіппен "жұмыссыз" деп танылған жағдайда;

4) ата-ана құқығынан айыру не шектеу туралы сот шешімінің болуы;

5) зорлаудан кейінгі жүктілік;

6) босқын немесе мәжбүрлі қоныс аударушы мәртебесі бар әйел;

7) отбасында мүгедек баланың болуы;

8) жүктілік кезінде некенің бұзылуы;

9) көп балалы (балалар саны 4 және одан да көп болса);

10) кәмелетке толмаған жаста жүкті болып қалу.

Ресми статистика бойынша Қазақстанда жыл сайын 95–100 мың әйел аборт жасатады.

Көрші Ресейде түсіктер туралы мәліметтерді "нәрестелердің өлім-жітім статистикасына қосу" ұсынылды.

"Түсік жасатуды адамның өлімі ретінде ресми мойындаған жөн. Елдегі демографиялық жағдайды ескерсек, бұл бастама өзекті. Сонда аборттардың алдын алу жұмысы жаңа, жоғары деңгейге шығады", – дейді "Дома для мамы" ұйымының директоры Мария Студеникина.

Ал "Спаси жизнь" жүкті әйелдерге көмек қайырымдылық бағдарламасының басшысы Екатерина Маркова РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин осы бастаманы заңдастыруды сұрап, хат жолдады.

"Бұл ұсыныс жүзеге асса, жас ұрпақ жасанды түсіктер – адам өлімі ретінде мойындалатын елде өсетін болады. Нәтижесінде, көбісі жүктілікті жасанды ұзуден бас тартады, бұл рәсімді адам өлтіру деп таниды. Әйтпесе, аборттар заңдастырылған 100 жыл ішінде біздің қоғамның сана-сезімі деформацияланды. Біз осы құбылыспен қатар өмір сүруге үйрендік, оны елемейтін болдық, етіміз өліп кетті. Ал жасанды түсік жасату статистикасы өлім-жітім статистикасына қосылса, бұл қоғамға осы проблемаға жаңа қырынан, жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Ел Үкіметі өлім-жітімнің және демографиялық дағдарыстың түп-төркінін түсінеді. Тиісінше, аборттардың алдын алуға бағытталған жаңа шаралар пайда болады", – деп түсіндірді Екатерина Маркова.

Алматылық Гүлнар Ескина өзі бастан кешкен қиындықты басқа ешбір келіншектің басынан өткермеуін қалайды.

"Содан бері мінезім де өзгеріп кетті. Көңілімде әлдебір қуыс пайда болғандай. Ештеңеге зауқым болмаған соң, күйеуім де кетіп қалды. Егер әйелдің денсаулығы жараса, ұрықтан кінәрат болмаса, абортқа жүгінбеген жөн. Тәңір бойға бала бітірген екен, туған дұрыс. Ары қарай оны өзің асырайсың ба, өзге бауырына баса ма, ол басқа мәселе. Ең бастысы, ешкімді де өлтірмегеніңді біліп жүресің", – дейді ол.

Демографиялық дағдарысқа кезіккен Ресей осы саладағы заңнамасын қатайтты. Енді солтүстік көршіде әйелдер тек жүктіліктің 12 аптасына дейін ғана өз қалауы бойынша түсік жасата алады. Одан кешіксе, жүктілікті тек медициналық көрсетілімдер және зорлану себебіне байланысты ғана жасанды түрде үзуіне рұқсат етіледі.

Ұлан-ғайыр даласында бір мегаполис тұрғыны санына ғана теңесер халқы бар Қазақстанда керісінше, әлеуметтік көрсетілімдер мейлінше кең болып келеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу