Ал 17 сәуірде дәл осы жерден шу шықты. Бұған әлеуметтік желі арқылы тараған жалған ақпарат түрткі болды.
Істің насырға шапқаны соншалық, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі ресми мәлімдеме жасап, елді арандатушылардың арбауына түспеуге шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Шекара маңындағы Көптоғай ауылының кейбір тұрғындары жүргізіліп жатқан жұмысқа қанағаттанбайтынын айтып, жағдайды түсіндіруді сұрады. Біз 13 сәуірде Көптоғай ауылының тұрғындарымен кездесіп, мәселенің мән-жайын баяндадық. Алаңдауға негіз жоқ екенін, атқарылып жатқан жұмыс мемлекетаралық келісім аясында жүзеге асырылып жатқанын айттық. Кездесуде шекара қызметі мен құқық қорғау органдарының өкілдері бұл істің заңға қайшы тұсы жоқ деп мәлімдеді", – деді Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев.
Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі 2013 жылдың мамыр айында №23 және №24 шекара белгілері арасында орнатылған темір қоршаулар Ресей аумағына қарай 10-70 метрге дейін енетінін, сәйкесінше Ресей Федерациясының аумағында орналасқан ұзындығы 1 800 метр қоршауды тұрғызу үшін инженерлік жұмыс Көптоғай ауылының маңынан басталғанын хабарлады.
Өз кезегінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Көптоғайда көтеріліс болған жоқ деген ойды алға тартып: "2021 жылғы 17 сәуірде жекелеген электрондық ақпараттық ресурстарда Атырау облысында өтіп жатқан акциялар туралы видео тарала бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды. Әлеуметтік желілерде тараған видеода "Қалқан-2021" оқу-жаттығулары көрсетілген. Осыған байланысты ҰҚК баспасөз қызметі отандық БАҚ редакцияларынан мұндай материалдарды қайта жариялағанда немесе оған сілтеме жасаған кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгініп, ақпаратты растауды немесе түсініктеме алуын сұрайды. Сондай-ақ ҰҚК жалған ақпарат таратпауға шақырады", – деп мәлімдеді.
Нақтылай кетейік, екі ел арасында шекара белдеуін орнату 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған "Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы" келісімге сәйкес атқарылып жатыр.
Елді елеңдеткен жағдайға "Атырау-Ақпарат" медиахолдингінің директоры Ысқақ Дүйсембайұлы өзінің әлеуметтік парақшасы арқылы пікір білдірді.
"Қазақ десе, өзімізге тиеді. Бірақ анық-қанығына бармай жатып, жалған ақпарат таратуға келген кезде алдымызға жан салмаймыз-ау. Көптоғайда көтеріліс болып жатыр деген жалған хабарды ойлап шығарған да, оның анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, сүйінші сұрағандай желіде таратып жатқан да өзіміз. Құрметті әлеумет! Елдігіміз, бірлігіміз осындайда көрінеді. Ең болмағанда, жалған ақпараттың таралауына жол бермейікші", – деді директор.
Көптоғай селолық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайыржан Өтепов та халыққа сөз арнады.
"Мемлекеттік шекараны нығайту, белгілу мәселесінде аяқталмай қалған іс бар. Қазір Көптоғай ауылында 1 шақырымнан артық жерге кері қоршау жұмысы жүріп жатыр. Осыған байланысты ел арасында түсініспеушілік туды. Ресеймен ауылымыз аралас, қойымыз қоралас болды, қыз алып, қыз беріскен құдандалы ел болдық. Қазір тату-тәтті тұрып жатырмыз. Біздің талабымыз – шекараны бұрынғы қоршаумен қалдырып, халыққа кеңшілік жасау. Әлеуметтік желідегі арандатушылықты, негативті ойларды ескермеулеріңізді, еліміздің тыныштығын сақтауға атсалысуларыңызды сұраймын", – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Қанат Махамбет
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !