"Қорасандағы Ислам мемлекеті" қаншалықты қауіпті?

7518

Бұл топ әлемдік жиһадтан бас тартқан "Талибан" қарамағындағы Ауғанстаннан Американы жойқын жарылыстармен шығарып салып жатыр.

"Қорасандағы Ислам мемлекеті" қаншалықты қауіпті?

Кабул әуежайының жанында бейсенбіде 170 адамды (құрбандардың 13-і – америкалық жауынгерлер) мерт қылған жойқын жарылыстарды өз мойнына алған "Ислам мемлекетінің" жергілікті тармағы  алты жыл бұрын Ауғанстанның шығысында пайда болып, тез арада әлемдегі ең қауіпті террористік топтардың біріне айналды.

АҚШ бастаған коалицияның жылдар бойғы әскери шабуылдарына қарамастан, "Ислам мемлекеті - Қорасан"  АҚШ пен НАТО Ауғанстаннан кетіп, "Талибан" билікке оралған шақта, тағы да бой көрсетіп отыр.

Президент Джо Байден сейсенбіде АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығару науқаны аяқталар шақта "Ислам мемлекеті" теракт жасауы мүмкін екенін ескертті. Ал, бейсенбіде Ақ үй басшысы бұл топты әуежайдағы лаңкестік үшін ашық айыптап, жұманың кешінде Пентагон дрондары Ауғанстанның шығысында кек алу операциясын жүргізіп, "Ислам мемлекеті - Қорасанның" 2 лидерін мерт қылды. Сонымен қатар, бүгін пилотсыз аппараттың соққысынан Кабул әуежайының қасында көлік мінген тағы бір жаншкешті жойылды.

Айта кетсек, тамыздың 26-да жанкештілер америкалық жауынгерлердің бақылауындағы авиациялық терминалдың қақпасы алдына жиналған көпшіліктің ортасына кіріп өздерін жарған.

Өзі талай адам жоғалтса да, бұл топтың қырғын шабуылдарының тізімі қысқа емес. Кабул әуежайындағы тарихи эвакуация мен Құрама Штаттардың ондағы әрекеттеріне ықпал етіп жатқан қарулы ұйымның өткеніне көз жүгіртсек, оның қысқаша сипаты төмендегідей:

"Ислам мемлекеті-Қорасан" дегеніміз не?

"Ислам мемлекеті" ұйымының Орталық Азиядағы филиалы 2014 жылдың жазында "Даиштың" содырлары Сирия мен Иракты аралап, ол елдерде халифат немесе ислам империясын жариялағаннан кейін бірнеше ай өткенде пайда болды. Айта кетсек, Сирия мен Иракта құрылған халифатты талқандауға жергілікті және халықаралық күштер бес жыл жұмсағаны белгілі.

"Даиштың" Ауғанстандағы тармағы өзінің атауын орта ғасырларда Ауғанстанның, Иранның және Орталық Азияның көп бөлігін қамтыған Қорасан аймағынан алады. Бұл топ ағылшынша IS-K немесе ISIS-K ("Ислам мемлекеті – Қорасан" немесе "Қорасандағы Ислам мемлекеті" – авт.) деп аталып жүр. Бүгінде оның сан мың содырының көбі Кабулден шығысындағы Нангархар провинциясында жасырынып жүр деген мәлімет бар.

"Ислам мемлекеті-Қорасан" құрамындағы содырлар кімдер?

Бұл топтың тарихы Пәкістанда жүргізілген әскери операциялардан қашып, Ауғанстан жеріне өтіп, шекара бойынан пана тапқан пәкістандық тәліптерден басталды. Оларға өздерімен пікірлес экстремистер, соның ішінде, ауғандық "Талибанды" тым қалыпты әрі бейбітшіл деп айыптаған жергілікті жасақтар қосылды.

Соңғы жылдары "Талибан" Америка Құрама Штаттарымен бейбіт келіссөздер жүргізген сайын, бұған наразы тәліптер әсіре экстремисттік "Ислам мемлекетіне" бет бұрып, олардың санын көбейте түсті. Бұл содырлардың көбі "Талибанның" соғыста жеңіске беттеп бара жатып, АҚШ-пен диалогты көздегеніне қарсы болды.

Сонымен қатар, ISIS-K өз қатарына көрші "Өзбекстан ислам қозғалысының" маңызды кадрларын; Ирандағы сүнниттер көп шоғырланған жалғыз провинциядағы содырларды; және Қытайдың солтүстік-шығысындағы ұйғырлар кіретін "Түркістан" ислам партиясының мүшелерін тартты.

"Ислам мемлекетінің" қатал әрі экстремисттік идеологиясы, соның ішінде, ислам әлемін біріктіру жолында ғаламдық халифат құру уәдесі аймақтағы талай мұсылман жастарын қызықтырғанымен, "Талибан" тарапынан ешқашан қолдау таппады.

Олардан төнген қауіп неліктен зор?

"Талибанның" күресі Ауғанстанмен ғана шектелсе, Ауғанстан мен Пәкістандағы "Ислам мемлекеті" тобы "Даиштың" мұсылман еместерге қарсы дүниежүзілік жиһадқа үндеуін қолдады.

Халықаралық және стратегиялық зерттеулер орталығының есебінше, "Ислам мемлекеті" содырлары 2017 жылдан бері Ауғанстан мен Пәкістанның бейбіт тұрғындарына, соның ішінде, шиит-мұсылмандар азшылығына ондаған рет шабуыл жасап, Ауғанстан, Пәкістан қауіпсіздік күштерімен және АҚШ бастаған коалициялық әскерлермен жүздеген мәрте қақтығысқан. Бұл топ АҚШ-қа әлі соққы бермесе де, Вашингтонның ойынша, ол келешекте Құрама Штаттар мен оның Оңтүстік және Орталық Азиядағы одақтастарының мүдделеріне ұзақ уақыт бойы қауіп төндірмек.

Олардың "Талибанмен" қарым-қатынасы қандай?

Олар бір-бірімен жау. Барлаушылар "әл-Каида" содырлары "Талибанға" біріктірілген деп санайды, ал "Талибан", керісінше, Ауғанстандағы" Ислам мемлекеті " тобына ірі шабуылдар жасап отырады. "Талибан" жасақтары кейде Ауғанстанның солтүстік-шығысында "Ислам мемлекетіне" тойтарыс беру үшін тіпті америкалықтармен және АҚШ-қа арқа сүйеген ауған үкіметінің күштерімен одақтасқан.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі жасырын түрде Associated Press агенттігіне айтып бергендей, Трамп әкімшілігі 2020 жылы Ауғанстаннан әскерді әкету туралы тәліптермен келісім жасай отырып, "Ислам мемлекетімен” күресте "Талибанмен" күш біріктіруге үміттеніпті. Себебі, Вашингтондағы әкімшілік бұл топты Америка үшін нағыз қауіп деп есептейді.

Қазір қандай қауіп бар?

Амира Джадун мен Эндрю Мейнс "Вест-Пойнт терроризмге қарсы орталығы" үшін әзірлеген есебінде атап өткендей, Америка Құрама Штаттары Ауғанстанда "Ислам мемлекетін" бақылау және оған соққы беру үшін әскери күштерді, ұшақтарды және қарулы дрондарды қолданса да, экстремисттік топ мыңдаған адам шығынына қарамастан, шабуылдарды әрі қарай жалғастыра берді.

Ауғаннан контингентті шығару АҚШ-ты құрлықта соққы беру мүмкіндігінен айырып қана қоймай, "Ислам мемлекеті" мен оның шабуыл жоспарларын қадағалауды да әлсіретеді. Дегенмен, Байден өкілдерінің сөзінше, "Ислам мемлекеті" - әлемдегі көптеген террористік қауіптердің бірі ғана. Ал, Америка олардың іс-әрекеттерін Парсы шығанағындағы әскери кемелері мен басқа да нысандарында орналасқан "көкжиектің ар жағында" атты әскери және барлау құралдарымен-ақ басқара алады екен.

Америка Құрама Штаттары Ауғанстаннан 20 жылдан кейін кете отырып, тәліптердің қолына қайта өткен мемлекет Батысқа шабуыл жасауды көздеген экстремистер үшін магнит пен көпірге айналады деп қауіптеніп отыр.

Американың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан өткен демалыс күндері CNN телекомпаниясына берген сұқбатындай айтқандай,  бұл қауіп - АҚШ арсеналындағы барлық құралдарды қолдана отырып, назар аударатын мәселе екен.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу