"26 тамызда сағат 18.45-те "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының инженерлік оқ-дәрілер базасындағы қоймалардың бірінен өрт шықты. Өртті оқшаулауға әскери бөлімнің кезекші басқармасы мен Байзақ ауданының төтенше жағдай жөніндегі бөлімі бірден кірісті. Алғашқы кзееңде өртті оқшаулауға 500 адам тартылды. Содан кейін олардың саны мыңға дейін көбейтілді. 31 техника жұмылдырылды",– деді Нұрлан Ермекбаев бүгінгі баспасөз мәслихатында.
Өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтауға бар күшін салғанымен, өрт шыққан соң бір сағат өткеннен кейін алғашқы жарылыстар болған. Қуаттылығы шағын 10-ға тарта жарылыс әртүрлі уақытта тіркелген. Нұрлан Ермекбаев атап өткендей, қоймада инженерлік оқ-дәрілерден бөлек, алысқа ұшу қаупі жағынан қатерлі фрагменттер де болған.
"Инженерлік оқ-дәрілер алысқа ұшпайды. Олардың бір бөлігі екі жыл бұрын Арыстан шығарылған еді. Алысқа ұшу қаупі бар оқ-дәрілердің саны бұл қоймада аз болған. Бұл жағдайда фрагменттердің ұшу ұзақтығы 3 шақырымды құрайды. Жақын маңдағы ауылдарды эвакуациялау туралы шешім қабылданды",– деді ол.
Айта кетсек 26 тамыз күні сағат 19:00-де Жамбыл облысы, Байзақ ауданында қуатты жарылыс болды. Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шықты. Өрт салдарынан белгісіз заттың жарылысы орын алды.
"Өрт салдарын жою бойынша жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. ТЖМ, ІІМ бөлімшелері жұмылдырылды. Темір жол уақытша тоқтатылды",–деп жазды Президент.
Оның хабарлауынша, Жамбыл облысына Қорғаныс министрі мен Ішкі істер министрінің төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары ұшып шыққан. Жарылыс болған маңдағы ауылдардың тұрғындары эвакуацияланып жатыр. 30-ға тарта облыстық ТЖ жөніндегі департаменттің қызметкері мен әскери қызметкерлер жарақат алған.
Аян Бекенұлы
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !