Қазақстан Қарулы күштерінің құрамындағы арнайы жасақтарға түркиялық мамандар тренингтер мен жауынгерлік даярлық шараларын өткізуі мүмкін. Мұндай келісімге екі жақ Түркия Ұлттық қорғаныс министрінің қазан айында келген сапарында қол жеткізген екен. Қазақстан Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың Inbusiness.kz сауалдарына жолдаған жазбаша жауабынан осындай мәлімет алдық.
"Түркия Ұлттық қорғаныс министрі Х. Акардың Қазақстанға сапары шеңберінде (2020 ж. 26.10.) әскери біліммен қатар әскери салада өзара іс-қимыл жасау, жауынгерлік даярлық іс-шаралары (бірлескен оқу-жаттығу, әртүрлі мамандық бойынша тренингтер, оның ішінде Арнайы күштер операциялары), әскери-техникалық өзара іс-қимыл мәселесі талқыланды", – деп жазылған министрдің ресми жауабында.
Ал Таулы Қарабақ пен Сирия аумағындағы қақтығыстарда өзінің тиімділігін дәлелдеген Bayraktar аппаратын Қазақстанда құрастыру әзірге мүмкін емес сияқты.
Құрастыруды былай қойып, сатып алу мәселесі де әлі нақты шешілмеген.
"Түркияда шығарылған ұшқышсыз ұшатын аппараттарды сатып алу мәселесіне тоқталсақ, қазіргі уақытта біз осы сегменттегі халықаралық қару-жарақ рыногын белсенді зерделеудеміз. Мамандардың сараптамалық қорытындысынан кейін ол бойынша шешім қабылданатын болады", – деп жазылған ресми жауапта.
Демек, армия арсеналын ұшқышсыз жедел-тактикалық аппараттармен жабдықтау күн тәртібіне қойылғанмен, қай елдің технологиясын алатынымыз белгісіз. Түркиялық Bayraktar-дың даңқы жайылып кеткендіктен, оған қарсы технологиялар жасалып жатқаны даусыз. Осы жағын ескеріп, қорғаныс ведомствосының "әліптің артын бағуы" стратегиялық тұрғыда дұрыс қадам деп бағалауға болады. Бірақ мұндай сақтықтың астарынан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының ықпалынан ұзап шыға алмайтын жалтақтықты да көруге болады. Бұл мәселеде өз ұстанымын нық айта алмай отырған Қазақстанға келешекте Ресей өз баламасын тықпалап жатса, таңғалмас едік.
Соңғы кезде ел арасында Қазақстан Қарулы күштерінің құрамында Ресейден білім алған әскери шенділердің көптігі жиі талқыланып жүр. Мұның бір ұшығын Түркиямен қанаттаса отырып Таулы Қарабақта айтарлықтай жетістікке жеткен Әзербайжанның стратегиялық-тактикалық әрекеттерінен іздеуге болады. Екінші жағынан, Никонов, Федоров, Жириновский сияқты Ресей Думасы депутаттарының Қазақстанның территориялық тұтастығына қайта-қайта наразылық білдіруі түрткі болып отыр. Ресми деңгейде стратегиялық серіктесіміз саналатын Ресейдің Заң шығару билігінің өкілдері конституциялық құрылымымызды өзгерту туралы бастамалар айтса да, ресми Мәскеу тарабынан жоққа шығарылмауы Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымында қосар стандарттар бар екенін көрсетеді. Мұны жалпақ тілмен "Сендерге бізден басқа ешкім тиісе алмайды" деген дөрекі достыққа теңеуге болады.
"Офицерлік құрамдағы Түркиядан оқып келген мамандардың үлесі қандай, Ресейден білім алғандардың үлесі қандай", –деген сауал жолдаған болатынбыз Қорғаныс министріне.
Жауапта іс басындағы офицерлік құрам туралы айтылмағанмен, айтарлықтай маңызды мәлімет беріліпті.
"Шетел мемлекеттерінің әскери оқу орнында, оның ішінде Түркияда және Ресей Федерациясында Қазақстан әскери қызметшілерін оқыту Қарулы Күштер үшін қажетті мамандықтар бойынша жүзеге асырылады. Атап айтсақ, осы елдерде киберқауіпсіздік, Әскери-теңіз күштері, инженерлік әскерлер, гидрография және тағы басқа саланың мамандары білім алады. Ресей Федерациясында білім алу Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттер үшін әскери кадрлар даярлау келісіміне, Түркияда үкіметаралық келісімге сәйкес өтеусіз негізде жүзеге асырылады", - дейді Нұрлан Ермекбаев.
Оның сөзінше, соңғы үш жылда шетелден әскери оқу бітіргендердің 50 проценті Ресейде, 20 проценті Түркияда және 30 проценті басқа мемлекетте білім алған екен. Министрдің жауабында Қазақстан Қарулы күштерінің құрамындағы "кәсіби тұрғыдан білікті, бірақ өз ойын мемлекеттік тілде жеткізе алмайтын мамандарға, яғни басшылық құрамнан бастап вертикаль бойынша төменгі буынға дейінгі жеке құрамға мемлекеттік тілді оқыту ұйымдастырылғаны айтылыпты.
Есімжан Нақтыбайұлы
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!