Қорғаныс министрлігі теңіз флотындағы жағдайдың "нашарлығына" қатысты түсініктеме берді

2574

Сардар отандық теңізшілерді сасып кеткен шұжықпен, бұзылған етпен тамақтанатына шағымданған болатын. 

Қорғаныс министрлігі теңіз флотындағы жағдайдың "нашарлығына" қатысты түсініктеме берді

Аға лейтенант Д.Королевскийдің мәлімдеуінше, Қазақстанның әскери-теңіз күштерінде әскери қызметті өтеу үшін лайықты жағдай жасалмаған, деп жазады Inbusiness.kz.

"Қазақстанның теңіз флотында тек патриоттар қалды"

"Біріншіден, бізге әкелінетін азық-түлік нормаға, талапқа сәйкес келмейді. Кемелерге балғын емес тамақ өнімдері жеткізіледі. Оларды тасымалдау ережелері сақталмайды. Азық-түлік кемелерге қарапайым "газельдермен" жөнелтіледі, ал олар тоңазытқышпен жабдықталмаған. Салдарынан, келгенше, тамақ өнімдері бүлінеді. Әсіресе, ет, шұжық өнімдерінің қолқаны қабатын күлімсі иісі шығып тұрады", – дейді офицер.

Екіншіден, оның мәліметінше, кемелерде жеке құрамның жетіспеуі шегіне жетіпті. Бос лауазым орындары көп көрінеді. Соның кесірінен, кемелерде қалған азын-аулақ жеке құрамның әр мүшесіне қалыптағыдан 2, тіпті 3 есе көп жұмыс істеуге тура келеді екен. "Әбден шаршаған, әлі құрып біту алдында тұрған теңізшілер дұшпан түгіл, контрабандистерге қарсы қауқар, тегеурін таныта ала ма" деген сауал туады.

Төзімі таусылған сардардың айтуынша, кейбір кемеде жеке құрам жауынгерлерінің демалыс-отгул алып, дұрыстап тынығуға мүмкіндігі жоқ: күнара нарядқа шығады. Кемелер теңізге шыққанда кадр тапшылығының зардабын қатты тартады: сардарлар мен сарбаздар "күші таусылып, құлап жығылғанша жұмыс істейді, ағзалары қалпына келіп үлгермейді" 

"Үшіншіден, флоттың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі сын көтермейді. Жаңадан келген жеке құрам жұмыс киімі формасын өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болды. Себебі қоймада не форма жоқ, не қажетті мөлшер-размері болмай шығады. Бұған қоса жоспарлы алдын алу тексеруін (ППО) және жоспарлы алдын алу жөндеуін (ППР) жүргізу үшін қажетті шығыс материалдарымен қамтамасыз етілмейді. Сондықтан жеке құрам оны өз ақшасына сатып алады. Төртіншіден, бізде жалақы, әсіресе, жауынгерлік бөлімдердің техниктерінде жоғары емес. Кеме құрамдарында бірқатар офицерлер мен старшиналар қызметтен кетуді ойлап жүр. "Теңіз үстемеақысы" кемедегілердің бәріне бірдей төлене бермейді", – деді аға лейтенант.

Оның байламынша, бір жайт назар аудартады: қазақстандық теңіз флотында негізінен нағыз отаншыл азаматтар қалды, әскери қызметтен мол табыс тапқысы келгендер тұрақтамайды. Мұны көптеген әскери қызметшілердің бір лауазымды ұзақ уақыт бойы атқарып келе жатқанынан байқауға да болады. Сондықтан Д.Королевскийдің айтуынша, барлық бағытта жабдықтауды және қамтамасыз етуді жақсартса, әскери қызметті өтеу үшін әлдеқайда қолайлы жағдай туғызса, теңіз флотында тез-ақ оң өзгерістерге қол жеткізуге болады.

20 минутта шұжық бұзылып кете ме?

Қорғаныс министрлігі бұл шағымды қарады. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың өз блогында жариялаған мәліметіне жүгінсек, Қазақстанның Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштерінің (ӘТК) кемелерінде тамақтандыруды ұйымдастыру ісімен "Asker Food" ЖШС айналысады. Биыл өткен мемлекеттік сатып алу нәтижесінде 2021 жылғы 17 мамырда осы жеткізушімен келісім бекітіліпті.    

"Біріншіден, осы жеткізуші әскери бөлімнің төл өтінімдеріне сәйкес, әрі белгіленген тәртіппен апта сайын кемелерге балғын азық-түлік апарады. Тамақ өнімдері жөнелтілмес бұрын әрбір әскери бөлімнің кемедегі тамақтандыруды ұйымдастыруға жауапты өкілі, яғни боцман ол өнімдердің сапасын, нормаларға сәйкестігін тексеріп, қабылдап алады. Тек содан кейін ғана өнімдер жеткізушінің көлігімен 15-20 минут ішінде әскери бөлімнің кемесіне жеткізіледі. Тасымалдау қашықтығы 8–9 шақырымды құрайды. Сертификатқа сәйкес, осы азғантай уақыт ішінде тамақ өнімдері сапасын жоғалтпайды. Демек, тасымалдау ережелері бұзылмайды", – деді ведомство басшысы.

Қарулы күштердің Тылы және қару-жарақ бастығының басқармасы хабарлағандай, аталған сардар жұмыс істейтін әскери бөлімнің қолбасшылығынан азық-түліктің бекітілген норма мен сапаға сәйкес келмейтініне қатысты шағым түспепті.  

"Екіншіден, кемедегі кезекшілік мәселесіне келсек, ол бір ай бұрын әзірленетін наряд парағына сай өткізіледі. Кеме қолбасшылығы күнібұрын құрылған наряд кестесін ұстанады. Алайда жеке құрамның жетіспеушілігі кесірінен, сондай-ақ бірқатар офицерлер мен старшиналардың жыл сайынғы еңбек демалысына, немесе отбасы жағдайына байланысты демалысқа кетуіне орай жеке құрамға қосымша жүктеме, ауыртпалық түседі. Мысалы, аталған кемеде кезекшілік атқаратын 3 әскери қызметші – кезекті еңбек демалысында. Тағы 1 әскери қызметші биатлонға дайындалуы үшін қызметін атқарудан босатылған", – деп хабарлады Қорғаныс министрі.

Жеті талапқа сай болса, жалақысы жоғары болады

Үшіншіден, ведомствоның мәліметінше, ӘТК әскерилері бекітілген нормаларға сәйкес, заттай мүлікпен жыл сайын қамтылады. Бірақ былтырғы шілде-тамызда Түркияның жоғарғы оқу орындарынан жаңадан келген офицерлер заттар мен мүлікті толық көлемде ала алмапты. Мысалы, қоймада болмай шыққандықтан курткалар, жұмыс шалбарлары берілмеген. Бұл киімдер тек өткен жылғы қазан айында қажетті көлемде жеткізіліп, таратылған.

Министрліктің сендіруінше, қазіргі кезде мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында 2021 жылға арналған заттай мүлікті сатып алу жоспарлануда. Соның аясында әскери-теңіз күшіндегілердің қажеттіліктері де толыққанды ескерілмек.

Ведомство жеке құрамның жөндеу, яғни ППО, ППР мақсатында шығыс материалдарын өз ақшасына сатып алғаны туралы дерек расталмағанын хабарлады. Министрлік биыл кемелерді, катерлер мен өзге де су көліктерін жөндеуге және оларға қызмет көрсетуге қатысты барлық іс-шара бойынша келісімдер бекітілгенін мәлім етті.

Төртіншіден, Үкімет қаулысына сәйкес, кемедегі әскери қызметшілерге лауазымдық айлықақысының 5%-ы мөлшерінде үстемеақы төленеді. Бұған қоса, Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 22 тамыздағы №019 бұйрығына сәйкес, әскерилердің жекелеген санаттарына 30% және 50% мөлшерінде қосымша үстемеақылар беріледі екен. Нәтижесінде, бірдей қызмет атқарса да, бір офицер 5 пайыз, енді басқасы 50 пайыз үстемеақы алуы мүмкін. Жоғары үстемеақыға қол жеткізу үшін әскери қызметші белгілі бір талаптарға сай болуы, мысалы, қорытынды тексеру кезінде тексерілетін пәндер бойынша "жақсыдан" төмен емес баға алуы, кемелерде кем дегенде 1 жыл қызмет тәжірибесінің болуы, негізгі оқыту пәндері бойынша нормативтерді "жақсыға" және "өте жақсыға" тапсыруы, кемені өз бетінше басқаруға жіберілу жөнінен сынақтан өтуі және басқа да талаптарды орындауы шарт.  

Тиісінше, 7 талаптың тіпті біреуіне сәйкес келмеген әскери жоғары үстемеақыдан қағылатын көрінеді.

Теңізші-техниктердің тым аз алатынына қатысты министрлік түсініктеме берді: шағым түскен әскери бөлімде 30 адам техник қызметін атқарады. Орташа алғанда жалақысы 126 мың теңгедей делінді. 

Қорғаныс министрлігі еліміздің Әскери-теңіз күштерінің әскери бөлімдері Ақтау гарнизонында орналасқандықтан, теңізші сардарларды үнемі ротациялау мүмкіндігі жоқтығын еске салды.

Қазақстанның Әскери-теңіз күштері – армиямыздағы ең жас құрылым, ол – тәуелсіздік түлегі: 1993 жылы Тұңғыш Президенттің жарлығымен құрылды. Ал Қарулы күштердің өзге түрлері кеңес кезінде қалыптасқан. Ендеше ӘТК құрылу, еңсе тіктеу, өсу кезеңдерінен өтуде. Бұл кезеңде қиындықтар да болмай тұрмайды. Тек Қорғаныс министрлігінің жауырды жаба тоқымай, мәселелерге назар аударғаны, шешуге күш салып жатқаны көңілге үміт құяды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу