"Коронавирус адамзатқа соңғы сынақ емес"

2370

COVID-19 вирусы адамзатқа соңғы сынақ емес, мамандар пікіріне сүйенсек, алдымыздан әлі де қауіпті індеттер шығуы мүмкін. Өйткені әлем тарихында түрлі індеттер қайталанып тұрған. 

"Коронавирус адамзатқа соңғы сынақ емес"

Былтырдан бері енгізілген пандемия елімізде биологиялық қауіпсіздік мәселесі өте өзекті екенін көрсетіп берді. Елеусіз қалған дүниелерді дамыту керегін еске салды. Сондықтан осы мәселе бойынша заң жобасы әзірленіп, қазір оны мәжіліс депутаттары мен ғалымдар талқылап жатыр. 

Талқылауға қатысқандар өзекті ұсыныстар айтты. Мысалы, қазір антибиотиктер орынды-орынсыз қолданыла бастаған. Қауіпті аймақта, қолайсыз жағдайда жұмыс істейтін мамандарға іссапар ақысы төленбейді. Кадрлар жетіспеушілігі, сондай-ақ кейбір елдер ұлттық құндылық ретінде бағалайтын микроорганизмдер коллекциясы тұрақты қаржыландырылмайды... Осылай жалғаса береді. Бұл туралы inbusiness.kz тілшісі кеңірек баяндайды.

Антибиотиктер туралы

"Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының" бас директоры Күнсұлу Закарья елімізде антибиотиктерді орынсыз қабылдаудың зиянын айтты.

"Сарапшылардың пікіріне қарағанда, жаһандану мен халықтың белсенді көші-қоны, жабайы жануарлар мен құстардың миграциясына байланысты аса қауіпті аурулар жаңа аймақтарға тарап отырады", – деді Күнсұлу Закарья.

Аса қауіпті аурулардың қатері мен жаңа инфекциялардың пайда болуына байланысты індеттің алдын алу және салдарын барынша төмендетуге жүйелі шаралар қабылдау керек. 

Ғалым биопрепарат, дәрі-дәрмек және қорғаныс құралдарын өндіруді арттыру өте маңызды екенін айтады.

"Қазір антибиотиктерді қадағалаусыз қабылдауды реттеу мәселесі өзекті болып тұр. Антибиотикке төзімді микроағзалардың пайда болуын төмендету үшін медицина мен ауылшаруашылығында антибиотиктерді қабылдауды реттеу қадамдарын енгізу керек", – деді Закарья. 

Мамандарға қосымша қаражат төлеу туралы

"Әзірленіп отырған осы Заң жобасының 26-бабына сәйкес, мамандардың еңбегіне ақы төлеу, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларын, кәсіптік аурулар қаупінің жоғарылауын ескере отырып, үстемеақылар мен қосымша ақылар беру көзделді", –дейді Тоқтасын Ерубаев, Денсаулық сақтау министрлігінің "М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының" бас директоры.

Оның айтуынша, енді патогендігі I және II топтағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істейтін мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер өзінің мамандары мен қосалқы персоналының жыл сайынғы негізгі демалысы кезінде кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлейді. 

Ал далалық жұмыстар кезінде мамандарға қызметтік іссапарлар төлемі беріледі. 

"Яғни бұрын біздің қызметіміздің мамандарына уақытша тұруға (проживание) қаражат төленген жоқ, ал осы Заңның жобасына сәйкес бұл болжанып отыр", – дейді Ерубаев.

Қауіпті аймақтарда қолайсыз кездерде жұмыс істейтін мамандардың кадрлық резервін құруға мүмкіндік береді. 

"Бұл мамандар кез-келген стандартты емес жағдайларда биологиялық қауіпсіздік саласындағы алдын-алу шараларына тартылуы мүмкін. Мысалы, тырысқақ бойынша қолайсыз елден ұшып келген ұшақ бортында тырысқаққа күдікті науқасты тіркеу кезінде зертханалық зерттеулерді үлкен көлемде және эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу қажет. Қазіргі кадр тапшылығы жағдайында мамандар бригадаларының тәулік бойы жұмыс істеуін ұйымдастыру қиын болады. Резерв болған жағдайда резервтік мамандарды жұмысқа тартуға болады", – дейді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан аумағында аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары бар. Олар: оба, туляремия, сібір жарасының, Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының, бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызбаның және басқалардың топырақ ошақтары. Сондықтан тұрақты мониторинг жасалып, эпизоотиялар анықталған кезде далалық және кенттік дезинсекция жүргізіледі.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, обамен ауыратын бір науқасқа емдеу-алдын алу және карантиндік іс-шараларды жүргізуге арналған шығындар 1 млн доллар шамасында. Оба бойынша энзоотиялық аумақ Қазақстан аумағының 41%-ын (1 081.7 мың шаршы км) алады. Зерттеуді бізің 9 филиалымыз жүргізеді", – дейді Ерубаев.

Микроорганизмдер қоры тұрақты қаржыландырылмайды

Микроорганизмдер кез-келген экожүйенің жұмысына, яғни планета мен адамдардың денсаулығына үлкен әсер етеді.

"Ол дегеніміз – тамақ, медициналық, биотехнологиялық және қоршаған ортадағы негізгі белсенді микро объектілер. Микроорганизмдерді сақтау үшін бүкіл әлемде микробтардың генетикалық ресурстарын ex-situ (табиғи мекендейтін жерлерден тыс жерде сақтау) сақтау үшін микробтар жиынтығы жасалды. Микроорганизмдер коллекциясы баға жетпес қымбат және көптеген елде ұлттық қазына болып саналады", – дейді Зинигүл Сармурзина, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің "Микроорганизмдердің республикалық коллекциясының" бас директоры.

Оның айтуынша, биоәртүрлілікті сақтау үшін өнеркәсіптік микроорганизмдердің коллекциялары жасалған.

"Қазіргі негізгі проблема – коллекциялық қорды тұрақты қаржыландыру болмай отырғаны. Микроорганизмдердің республикалық коллекциясындағы штаммдар санын ұлғайту үшін коллекциялық қорды толықтыру және қолдау үшін үздіксіз қаржыландыру және Қазақстан Республикасының микроорганизмдердің өнеркәсіптік штамдары депозитарийін біріктіру қажет", – дейді Сармурзина.

Оның айтуынша, құрал жабдықтар сатып алу керек. Оған 982 976 066 теңге қажет.

"Вакуумды тозаңдату қондырғысы бар сканерлеуші электрондық микроскоп (172 467 429 теңге), Laconic STA Compact ULT -80°c сыйымдылығы 57 600 1000 мкл криопробирка үлгілерін сақтаудың автоматтандырылған жүйесі (531 799 000 теңге), толық геномдық NGS секвенаторы (119 700 000 теңге), Agilent 5 800 атомдық эмиссиялық спектрометрі (59 897 000 теңге), Owl ™ D3-14 кең гель электрофорез жүйесі (462 637,00 теңге) және нуклеин қышқылдарын бөлуге арналған автоматты станция (98 650 000 теңге)", – дейді Сармурзина.

Бұл ұйым биотехнологиялық өндірістің және ғылыми-талдамалық зерттеулердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін өнеркәсіптік микроорганизмдердің ресурстарын орнықты дамыту, орталықтандырылған сақтау және есепке алу, жаңа микробтық биопрепараттар жасау бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу, өнеркәсіптік микроорганизмдердің коллекциялық дақылдарының биоқауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын атқарады. 

Үкіметтің 2011 жылғы 14 желтоқсандағы шешімімен Республиканың стратегиялық объектілерінің тізбесіне енгізілген (мамандандырылған күзетпен қорғалады).

Заң жобасының мақсаты туралы толығырақ

Заң жобасы "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" деп аталады. "Қазақстанда, өкінішке қарай, Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы, оба, кене энцефалиті және басқа да аса қауіпті инфекциялардың тарихи қалыптасқан әрі белсенді табиғи ошақтары бар. Сондықтан бұл заң жобасы Қазақстанда алғаш рет елдегі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықты, жануарларды, өсімдіктерді және қоршаған ортаның басқа да объектілерін биологиялық факторлардың әсерінен қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік реттеу жүйесін құру бойынша заңнамалық база қалыптастырудың негізі болып отыр", – деді жиын модераторы, депутат Дархан Мыңбай. 

Оның айтуынша, елдің биоқауіпсіздігін болжаудың біртұтас моделін құрып, бүгінгі күні елімізге онша танымал емес инфекциялар мен вирустардың ену қаупі алдын ала жедел әрекет ету шараларын қабылдауды қажет. 

"Заң жобасы аясында биологиялық тәуекелдерді уақытылы басқаруға, биоқауіпсіздік саласында бір орталықтан есепке алу мен мониторинг жүргізуге, сондай-ақ патогенді биоагенттердің көшуін қадағалауға мүмкіндік беретін биологиялық қауіпсіздік саласында мемлекеттік ақпараттық жүйе құру көзделіп отыр", – деді Дархан Мыңбай. 

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу