Коронавирус квазисектордың дәрменсіздігін паш етті

2866

Мемлекет бизнеске жауапты құрылымдарын реформалай ма? 

Коронавирус квазисектордың дәрменсіздігін паш етті

Билік бөлек, бизнес жеке жұмыс жасағаны жөн. Нарық заңы осы. Алайда мемлекет ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды деп, стратегиялық салаларда өз бизнесін құрады. Әйтсе де COVID-19, төтенше жағдай және карантин "мемлекеттік бизнестің" ел қауіпсіздігіне төнетін сын-қатерлер кезінде билікке де, халыққа да көп сүйеу бола алмайтынын көрсеткендей.

Мәселен, көрші Қытай үрейлі індетпен күрескеніне біраз болды, бірақ іргедегі Қазақстанда басқа түгіл, хирургиялық маска секілді ең қарапайым қорғаныш құралының да жетіспейтіні анықталды. Алайда не квазимемлекеттік сектор, не кәсіпкерлікке қолдау көрсетуші құрылымдар әбжіл қимылдап, қарқын танытып, тапшылықты жедел жоя алмады. Соның кесірінен тіпті елордадағы ауруханаларда дәрігерлерге күніне бір маскадан ғана берілген.

Карантин қарсаңында қос ір мегаполис тұрғындары азық-түлік пен көп тұтынылатын тауарларды жаппай сатып ала бастағанда, зәрулік туындады. Нәтижесінде, мысалы, "Әсем", "Сарыарқа", "Магнум" және басқалары күріш пен жарманы қаппен сатуды тоқтатып, келілеп саудалауға көшті. Бұл жағдайда да "мемлекеттік бизнес" халықты бірінші кезекте қажетті өнімдермен қамтуда қауқарсыздық танытты.

Осы орайда "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың төтенше жағдай кезеңінде квазисекторды реформалау қажет деген байламы назар аудартады.  

ATAMEKEN BUSINESS телеарнасы арқылы тікелей эфирде сөз сөйлеген ҰКП басшысы мысалы, "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингінің бір ғана әкімшілік шығындары 54 млрд теңгеден асып түскенін мәлімдеді.

"Біздің "Атамекеннің" ұстанымы – дәл қазір квазимемсекторды реформалауды қолға алатын оңтайлы кез. Түсінемін, бұл әлдекімге ұнамауы мүмкін. Мысалы, "Бәйтерекке". Оның ішінде "Даму" қоры бар. Онымен серіктеспіз, көптеген бағдарламалар бойынша бірігіп жұмыс жасаймыз, алайда көптеген шараларымыз бірін-бірі қайталайды. Мысалы, біздегі Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары бір-біріне ұқсас. Бұл жерде күш біріктіруге болады", – деді Абылай Мырзахметов.

Оның пікірінше, "Қазақстанның даму банкі" импорталмастыру саясатының операторы ретінде жұмыс істеуі тиіс. Ал "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін" ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тапсыруды ұсынды.

"Бәйтеректің" 11 еншілес ұйымының үшеуін қалдыруға болады. Біз қарадық, жылдық әкімшілік шығысы 54 миллиард теңгеге жетеді. Бәлкім, бүгінде осындай шешім қабылдайтын уақыт туған шығар. Бұл Елбасының стратегиялық бағдарына сай", – деп түйді А.Мырзахметов.

Атап өту керек, "Бәйтерек" ҰБХ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов ұлттық палата басшысының мәлімдемесіне қатысты өз дәйектемелерін келтіріп, жауап қатты. Ол әрине, қазіргі шақ реформа жүргізетін кез емес дейді. Себебі, "Бәйтерек" төтенше жағдай кезеңінде кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа бастамаларын белсенді жүзеге асыруға кірісіпті.

"ТЖ режимі кәсіпкерлердің қаржылық жағдайына салмақты соққы жасайтыны еш күмәнсіз. Олар өздері үшін ауыр шешімдер қабылдауға мәжбүр. Біз микро, шағын, орта және ірі бизнесті қолдау үшін холдингтің және оның барлық еншілес ұйымдарының бүкіл ресурстарын жұмылдырамыз", – деген Айдар Әріпханов КҰП басқарма төрағасының ұсыныстары жете зерттеуді қажет етеді деді.

Холдинг басшысы "Даму" қорын ұлттық палатаға бергісі келмейді: өйткені "Даму" "палата функцияларын қайталамайды және микро, шағын, орта бизнесті дамыту бағдарламаларына бөлінген қаржыларға иелік ететін Үкіметтің жалғыз операторы".

Ол "Қазақстанның даму банкінің" портфелінде 55 инвестжоба және 15 экспорттық операция барын және олардың беткеұстарларын санамалады. Оған 6,3 триллион теңге шығындалыпты.

"Бәйтерек" басшысы 1 мың 300-ден астам қызметкері, 1,5 миллион салымшысы бар "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін" министрлікке беру ұсынысына келіспейді: "Акционерді ауыстырусыз-ақ ол өзіне жүктелген функцияларды толыққанды және табысты орындауда".

Оның мәліметінше, 2015 жылдан бастап, 2019 жыл қорытындыланғанға дейін "Бәйтерек" мемлекеттен шамамен 1,2 триллион теңге сомасында қаржы алыпты. Бірақ сонымен қатар капитал нарығынан 2 триллион теңге көлемінде қаражат тартуды қамтамасыз еткенін жетістік санайды.

"Мемлекеттен алынған өте арзан қаражатты нарықтан тартылған қымбат қаржымен араластыра отырып, холдинг осы соманың бәрін экономикаға инвестициялады. Кәсіпкерлерге сыйақының төмен ставкасымен несие ұсынды", – деді холдинг жетекшісі.

Бұл дәйектемелерге "Атамекен" басшысы түсініктеме бере кетті.

"Палата холдингтің барлық еншілес ұйымдарының қызметіне шүбә келтірмейді. Алайда олардың жұмыс тиімділігін арттыру және экономикадағы қазіргі дағдарысты жағдайға қайта форматтау талап етіледі. Атап айтқанда, ҚДБ портфеліндегі жобалардың жартысынан астамы – квазимемлекеттік сектор, сондай-ақ ірі компаниялар. Бұрындары ірі және ұзаққа созылатын инвестжобаларды несиелеу өзін-өзі ақтаған болар. Ал бүгінде ұлттық палата шағын және орта бизнесті, импорталмастыру жобаларын кредиттеуге басымдық беруді ұсынады. Елдің қажет етіп отырғаны да осы ғой. Пандемия және негізгі экспорттық тауарлар бағасының құлдырауы қаржылық институт жұмысының форматын өзгерту керек екенін көрсетті. Ол енді отандық бизнес сұранысына сәйкес келуі тиіс", – деді Абылай Мырзахметов.

Ол Президент әкімшілігі жанынан биыл құрылған Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингтеу орталығының жиынын шақыруды және онда мембағдарламалардың тиімділігі туралы холдинг басшылығының есебін тыңдауды ұсынды. Ендеше бұл мәселенің жалғасы болатынға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу