Коронавирустың бесінші толқыны наурызда шарықтау шегіне жетуі мүмкін

Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы эпидахуалға қатысты оптимистік және пессимистік болжамдармен бөлісті.

Коронавирустың бесінші толқыны наурызда шарықтау шегіне жетуі мүмкін Фото: Максим Морозов

Наурыз айында Алматыда инфекцияның жаңа толқыны шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде. Бұл туралы Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қарлығаш Әбдіжаббарова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Барлық фактілер омикрон штамының халық арасында тез таралып жатқанын және жақын арада дельта штамның орнын басатынын көрсетеді. Ал біз бұрын болжағанымыздай, коронавирус инфекциясының келесі толқынының шыңы наурыз айында күтілуде. Оптимистік болжам бойынша, наурыздың аяғында – күніне 2,5 мың жағдайға дейін ал пессимистік болжам бойынша, наурыздың басында күніне 3,8 мыңға дейін инфекция жұқтыру жағдай тіркеледі деп күтілуде", – деді Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Спикердің сөзінше, коронавирус жұқтырғандардың ішінде 20 жастан 40 жасқа дейінгі адамдар арасында сырқаттанушылық 16,4%-ға және жасөспірімдер арасында 1,1%-ға өскен. Ал бұл омикрон штамына тән екен. 

13 қаңтар күнгі ақпарат бойынша, бір тәулікте қалада 1 115 адам коронавирус жұқтырған. Барлық емделіп шыққандар – 37, келіп түскені – 193 науқас. 

"Инфекциялық стационарларда 739 адам бар. Оның ішінде 113 бала емделіп жатыр", – деді спикер.

Сондай-ақ реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 39 адам жатыр. Ал 10 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 12 адам ем қабылдауды жалғастыруда. High flow-да 10 аппарат жұмыс істейді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 2 765 пациент бар. Оның ішінде індет белгілері бар, орташа ауыр жағдайда – 2 594 науқас. 171 адамда коронавирус белгілері жоқ.

Еске сала кетсек, Алматы соңға үш күннен бері "қызыл" аймақта. Тек соңғы тәулікте мегаполисте 1 115 инфекция жұқтыру жағдайы анықталды. Апталық сырқаттанушылық 100 мың тұрғынға шаққанда 2,2 есе өсті. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, қалада "омикрон" штамы таралуда. Елімізде бұл нұсқа 6 қаңдарта зертханалық зерттеу нәтижесінде анықталды. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу