Иран Президенті тікұшақ апатынан қаза тапты

5749

Президент жанында болған мешіт имамы бірінші болып, құтқаруды сұрап, қоңырау шала алған. 

Иран Президенті тікұшақ апатынан қаза тапты Фото: nypost.com

Кеше түс ауа Каспий бойынша көршіміз – Иран Ислам Республикасына қатысты суыт хабар тарай бастады. Ел президенті Ибрахим Раиси отырған тікұшақ Әзербайжан республикасынан қайтар жолда, Иран аумағында, шекараға жақын жерде апатқа ұшырады.

Елді шошытпауды мақсат тұтса керек, Тегеран тарапы "әуе көлігі жерге соғылды", "қатты қонды" деген сөздерді қолданды. Шынында, тікұшаққа не болғанын ешкім білмеді. Ресми мәлімдемелерде де әуе апатының салдарлары белгісіз екенін ашық айтылды.

Хабар белгілі бола салысымен, апат болған ықтимал ауданға – шекара жақтағы Верзеган қаласы бағытына құтқарушылар аттанды. Бұл туралы ИИР ішкі істер министрі Ахмад Вахиди жариялады. Бірақ ауа райының қолайсыз болуына байланысты құтқару операциясы қиындыққа тап болды.

"Президент бірнеше тікұшақтың бірімен Әзербайжаннан оралып келе жатқан. Ол отырған әуе көлігі тұман кесірінен жерге қатты қонды. Аталған ауданға құтқарушылар тобы бағытталды, алайда тұман мен күрделі ауа райы салдарынан ол жерге жеткенше біраз уақыт өтуі мүмкін", – деген ІІМ басшысының сөзін жария етті жергілікті IRIB телеарнасы.

Иранның Tasnim ақпарат агенттігінің мәліметінше, тікұшақ қияндағы Узи ауылының қасында апатқа ұшыраған. Бұл – Ирандағы ең қиын, тар жол, тайғақ кешті жерде орналасқан елді мекен.

Бастапқыда ирандық Mehr агенттігі президенттің аман-есен екенін, оған басқа жолаушылармен бірге ирандық Шығыс Әзербайжан провинциясындағы Тебриз қаласына дейін жету үшін құрлықпен біраз жолды еңсеруге тура келетінін жариялап жіберді. Артынша ол сенсация қуалаған жалған хабарламасын жоя қойды.

Бүгінгі түнде, елорда уақытымен 02:15-те ақпарат құралдары Иран президенті Ибрахим Раисидің тікұшағы құлауы мүмкін жаңа орын анықталғанын хабарлады. Бұл туралы Иранның Қызыл Жарты ай қоғамының төрағасы Пирхусейн Куливанд мәлімдеді. Оның айтуынша, алынған жаңа ақпаратқа сүйеніп, іздеу-оперативті топ сол ауданды шолуға кірісті.

Куливандтың дерегінше, әуе көлігі апатты жағдайда қонуы мүмкін мейлінше ықтимал аудандардың бәрінде іздеу операциялары жүргізілді. Сонымен бірге ол ауа райының ары қарай қолайсыз болып қалғанын растады. Тұман сейілмеген, төпелеп жаңбыр жауып тұрған.   

Түнге қарай ақпарат құралдары президенттің жанында болған адамның бірі телефон байланысына шыққаны туралы хабар таратты. Ол адам жаралы болған. Сондықтан бортта болған өзге адамдардың хал-жағдайы, қайда жатқаны туралы егжей-тегжейлі мағлұмат бере алмағанға ұқсайды.

Тегеран тарапы ақпаратты шым-шымдап жария етумен болды. Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Мехди Сафаридің түсіндіруінше, Иран президентін жеткізуге тиіс тікұшақ жерге соғылған соң оның ішінде болған Тебриз мешітінің имамы, Иранның жоғарғы көшбасшысының осы қаладағы өкілі Әли Хашим ұялы телефонмен қоңырау соққан.

Сафаридің айтуынша, имам Хашим онымен екі рет сөйлескен және өзінің жағдайы ауыр екенін жеткізген. Ол сондай-ақ алыстан жедел жәрдем машинасының дабылына ұқсас дыбысты естігенін әңгімелепті.

Ақпарат құралдарының жазуынша, кеше үш тікұшақ Әзербайжанның Худаферин ауылынан Иранның Тебриз қаласына бет алды. Оның бірінің бортында Иран президенті Ибрахим Раиси, елдің сыртқы істер министрі Хусейн Әмір Абдуллахиян, Иран жоғарғы көшбасшысының Тебриздегі өкілі Мохаммед Әли Әли Хашеми, Шығыс Әзербайжан провинциясының губернаторы Мәлік Рехмати болыпты.

Қалған екі тікұшақ көздеген жеріне жетті деген ақпарат болды. Олардың "№1 борттан" неге көз жазып қалғаны түсініксіз.

Ирандық жоғары мәртебелі меймандар Әзербайжандағы Араз өзенінде тұрғызылған "Худаферин" және "Гыз Галасы" гидротораптарының ашылу салтанатына қатысқан болатын. Ресми рәсімде сөз сөйлеген Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев мұны "тарихи оқиға" деп атады. Осы орайда Мемлекет басшысы осынау алып объектіні салып шыққан барлық ирандық мамандарға, жұмысшыларға алғысын айтты.  

Бірақ артынша екі елдің қуанышын су сепкендей басқан суыт, көңілсіз жаңалық тарады.  

Осыдан кейін, елорда уақытымен кешкі сегізде Иранның жоғарғы басшысы және рухани лидері аятолла Әли Хаменеи ислам республикасының Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Онда, ақпарат құралдарының мәліметінше, елдің солтүстік-батысында болған тікұшақ апаты мәселесі қаралған. Жабық жиыннан басқа ақпарат таратылмады.

Түнгі онда аятолла Сейед Әли Хаменеи елдің Қарулы күштерінің ресми өкілдерімен кездесу өткізді. Онда Иранның жоғарғы көшбасшысы "мемлекеттің қызметінде ешқандай олқылық болмайтынын" мәлімдеді. Аятолланың айтуынша, Иран халқы ештеңеге алаңдамауына болады. Оның орнына Жаратқан Иеге жалбарынғаны жөн.

"Құрметті президент пен оған ілескен тұлғалар халықпен қайта қауышады деген үміттеміз", – деп қысқа қайырды Хаменеи.

Түнгі 11-де ИИР вице-президенті Мохсун Мансури екі адам байланысқа шыққанын жариялады.

"Құтқарушылар тікұшақтың жолаушыларының біреуімен және ұшқыш персоналмен бірге іздеу жүргізуде. Олардың куәландыруынша, апат сонша күрделі болмаған. Оқиға орнына Қызыл Жарты айдың, армияның және Иранның революция сақшыларының корпусы шұғыл аттанды", – деді Мансури.

Алайда, оның байламынша, қолайсыз ауа райына байланысты құтқарушылардың ол жерге жетуі мұңға айналды. Ол маңда күн күрт суытқан. Жаңбыр да тоқтаусыз нөсерлеткен. Түн ішінде жерді, айналаны шолу мүмкін болмай қалған. Иранның вице-президенті: "Осы түнде жақсы жаңалықтарды естіп қаламыз" деген үмітін жеткізді.  

Дегенмен, жергілікті және халықаралық ақпарат құралдары Иранның ішкі істер министрі Ахмед Вахидиге сілтеме жасап, іздеу жасақтарының тікұшақты таба алмағаны туралы түні бойы хабарлаумен болды.

Іздеу жұмыстарына барлық күштер, соның ішінде сақшылар корпусы, әскерилер, құқық қорғау органдары, Қызыл Жарты ай қоғамы, әлеуметтік топтар мен жақын ауылдардағы бүкіл ерікті тұрғындар жұмылдырылған.  

Бұған қоса, Түркия да апатқа тап болған тікұшақты іздеуге өз құтқарушыларының бригадаларын жолдады. Бұған Тегеранның ресми өтініші негіз болыпты.

Түріктер түнде көру аспаптарымен және арнайы құрылғыларымен жарақталған Cougar тікұшағын, Akıncı дрондарын жұмылдырды. Бұл туралы Түркияның төтенше жағдайларды басқару агенттігі (AFAD) мәлімдеді. Иран тарапының өтініші Түркияның Сыртқы істер министрлігінің каналдары арқылы түсті.

Осыдан кейін түріктің Ван және Эрзурум провинцияларынан Иранға 32 құтқарушы мен 6 көлік құралы жіберілді. Сонымен қатар Анкара, Диярбакыр және Конья провинциялары да 45 құтқарушысын ұсынған.

Өз кезегінде таңға қарай Әзербайжанның Төтенше жағдайлар министрлігі егер сұрау түссе, 40 құтқарушыдан тұратын іздеу жасағын аттандыруға дайын екенін мәлімдеді.

"Президент Ильхам Әлиевтің тапсырмасына сәйкес, ТЖМ қажетті техникалық құралдармен жасақталған 40 кәсіби құтқарушыдан тұратын іздеу-құтқару жасағы екі тікұшаққа отырып, кез келген уақытта іздеу-құтқару операциясына қосылуға дайын екені туралы достас елдің салалық меморганын хабардар етті", – деп жазады Trend агенттігі.

Түрікменстан, Ресей де көмек қолын созуға даяр екенін жеткізді.

Шығыстанушы, "Восточный Синдром" телеграм-арнасының авторы Ксения Светлова Иранда саяси шешімдерді президент емес, жоғарғы діни көшбасшы қабылдайтынына назар аудартты.

"Бұл лауазымды сонау 1989 жылдан бері аятола Әли Хаменеи атқарып келеді. Раиси өткен ғасырдың сексенінші жылдары прокурор болғанда, Иранның мыңдаған азаматының өлім жазасына кесілуіне ықпал еткен. Сондықтан көптеген ирандықтардың оған да аяушылық танытпағанын түсінуге болады", – деген пікір білдірді шығыстанушы Ксения Светлова.

Иран президенті мінген тікұшақтың апаты Батыс елдерін де алаңдатты. АҚШ Мемлекеттік департаменті Вашингтонның апатқа қатысты түсіп жатқан хабарларды мұқият бақылап отырғанын мәлім етті.

Еуропалық кеңестің басшысы Шарль Мишель де Еуроодаққа мүше елдермен бірге Ирандағы ахуалды қадағалап отырғандарын мәлімдеді.

Reuters агенттігі Иран Президенті Ибрахим Раиси мен оның сыртқы істер министрі тікұшақ апатынан қаза болғанын жазды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу