Ресейдің Бас прокуроры Игорь Краснов ТАСС агенттігіне сұхбатында ресейлік коррупционерлер мемлекетке қанша ақша мен мүлікті мәжбүрлі қайтарғанын мәлімдеді.
"Прокурорлар соңғы бес жыл ішінде сотқа 400-ден астам талапарыз енгізді. Соның нәтижесінде, мемлекет кірісіне жемқорлардан 11 мыңнан аса жылжымайтын және жылжитын мүлік алып қойылды. Сондай-ақ коррупционерлерден жалпы сомасы 760 миллиард рубльден асатын қаражат тәркіленді", – деді ол.
Оның пікірінше, бұл қаражатқа 250 мектеп тұрғызуға болатын еді. Өйткені РФ-та 1 заманауи мектептің құрылысы шамамен 3 миллиард рубль тұрады екен.
Бірақ РФ-та сонша мектеп салынбайды, себебі, заң бойынша тәркіленген қаражат тікелей бюджетке түседі. Одан айырмашылығы: Қазақстанда жемқорлардан тәркіленген қаражат Инфрақұрылымды қолдау қорына (арнайы есепшотқа) түседі және соның есебінен білім ордалары салынады.
Мысалы, Оқу-ағарту министрлігінің Инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Мақсұтовтың айтуынша, қор құрылған уақыттан бері еліміздің бірқатар өңірлерінде 92 мың оқушы орнына арналған 82 мектептің құрылысы қаржыландырылды. 2024 жылғы қараша айының соңында соның ішінен 70 мыңға жуық орындық 55 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 7 нысанды іске қосу жоспарлануда.
Мақсұтов қорға жемқорлардан нақты қанша қаржы түскенін айтпады. Қазақстанда 800-1100 оқушыға арналған шағын мектептер құны 3 миллиард теңгеге дейін баратынын ескерсек, жалпы алғанда 246 млрд теңге ғана шығады. Бұған дейін Үкіметтің жариялаған инфографикасында қорға 2023 жыл қорытындысында жемқорлардан алып қойылған 151,9 миллиард теңге ғана түскені айтылды.
Қалай болғанда, Ресей өз коррупционерлерінен 760 миллиард рубль немесе ҚР Ұлттық банкінің ресми бағамы бойынша 3 триллион 845,6 миллиард теңгенің қаражатын қайтара алған.
"Бүгінде мемлекетке 265 миллиард теңгені құрайтын активтер, соның ішінде ақшалай 177 миллиард теңге қайтарылды. Барлық қайтарылған қаражат әлеуметтік маңызы зор жобаларға жұмсалып жатыр. "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңның субъектілері бірқатар жобаларды, атап айтқанда, мұқтаж адамдарды оңалту және әлеуметтендіру бағдарламаларын, мәдени-білім беру орталығы мен спорттық манеж құрылысын қаржыландыруды бастады", – делінген сол қабылдаудан таратылған мәліметте.
Содан кейін Олжас Бектенов 8 қарашада Активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссия (АҚМК) отырысын өткізді. Сонда белгілі болғандай, комиссия "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң субъектілерінің жалпы сомасы 525 миллиард теңгеден астам қаражатын мемлекет пайдасына аудару және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімдерін мақұлдады.
Қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аударумен қатар, заң субъектілері есебінен келесі объектілердің құрылысы мақұлданды: Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған 120 орындық спорттық кешен, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған 400 орындық жаттығу орталығы.
"Мемлекет басшысы атап өткендей, қайтарылған барлық қаражат ел игілігі үшін жұмыс істеуге тиіс. Осы жылдың басынан бастап комиссия қайтарылған активтер бойынша жалпы сомасы 900 миллиард теңгеден астам келісімдерді мақұлдады. Бұл қаражатқа бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің құрылысы басталды", – деп атап өтті Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Бұл сандар да солтүстік көршінің 4 триллион теңгедей көрсеткішінен әлдеқайда кем.
"Қазақстанның Азаматтық альянсы заңсыз активтерді қайтару рәсіміне қатысты өте маңызды пікірталасқа бастамашы болды. Бас прокуратура мен Қаржы министрлігінің Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚАБК) өздерінің жеткен жетістіктері туралы негізді мақтанышпен әңгімелеп берді. Бірақ проблемасы сол, шетелге әкетілген активтердің орасан зор көлемде екенін ескерсек, бұл процесс 80 жылға ұзап кететін түрі бар. Демек, анағұрлым жүйелі шаралар қажет. Өйткені бюджеттік дағдарыс күшейді, Ұлттық қордан рекордтық көлемде қаражат алып қойылуда және бюджет тапшылығын өтеу үшін шетелден қарыз алу қарқын алды", – деп жазады "Exclusive" порталы.
Оның үстіне қайтаруға жататын, бірақ қайтарылмай жатқан актив өте көп. Жоғарғы аудиторлық палатаның дерегінше, заңсыз иемденілген зауыт-кәсіпорын, қонақүй, стратегиялық нысан және басқасы бар, кем дегенде 344 жылжымайтын және жылжитын мүлік анықталды. Оның 131 объектісі шетелде орналасқан. Қайтарылуға тиіс құнды қағаздардың құнының өзі 448 млрд теңгеден асады.
Бұдан бөлек, 220 триллион (!) теңгедей қаражаттың банктер арқылы аударылуының заңдылығы зерделенуде. Тұтастай алғанда, 2 жылда анықталған заңсыз активтердің небары 3%-ынан азы ғана елге оралыпты. Бұған қоса, белгісіз, жасырын жатқан активтер қаншама?
Global Financial Integrity (GFI) мәліметінше, Қазақстаннан тек 2004-2013 жылдары ғана 167 миллиард доллардан (шамамен 90 триллион теңгедей) астам қаражат шетелге әкетілген.
Tax Justice Network ұйымы анықтағандай, Қазақстаннан жыл сайын 212 миллион доллардай капитал сыртқа ағып кетеді. Осылайша, сарапшылардың болжамынша, әңгіме шамамен 500 миллиард доллар немесе 260 триллион теңгедей актив туралы болып отырған көрінеді.
Қазіргі қарқынмен оның бәрін қайтару ғасырларға созылуы ғажап емес. Сонымен бірге, сарапшылар ол қаржының шетелде заңдастырылып болғанына, тастай батып, судай сіңгеніне назар аудартады. Сондықтан бұл тұрғыда инвесторын қадірлейтін, жеке меншікті қасиет тұтатын дамыған елдермен ол активтерді қайтаруға келісу қиынға түсері сөзсіз.
Активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның отырыстарының сирек өте бастауына қарап, кейбір сарапшы бұл тақырыпқа биліктің қызығушылығы жоғала бастаған болар деп топшылаған. Дегенмен, кеше "Казправдаға" сұхбат берген "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" (ҚАБК) ЖШС бас директоры Қуанышбек Мұқаш активтерді қайтару жұмысы жалғасатынына уәде берді.
Бұл ретте оның келтірген цифрлары тіпті де мардымсыз болып шықты.
"Бізге келіп түскен және Қазақстанда орналасқан активтер E-Qazyna мемлекеттік мүлік тіркелімі порталы арқылы сатылады. Ал, шетелде орналасқан активтерді өткізу сол елдің заңнамасы аясында жүзеге асырылады. 2024 жылғы 9 желтоқсандағы жағдай бойынша біздің компания жалпы сомасы 12,6 миллиард теңгенің активтерін өткізе алды. Сондай-ақ активтерді басқарудан дивиденд түрінде 464,2 миллион теңге алды. Мысалы, біз елордадағы "Думан" қонақүй кешенін, бұдан өзге "Жаркент Су" ЖШС мен "Тұлпар" ЖШС компанияларындағы үлестерді басқарамыз. Сатылып кеткенге дейін арендаға беру есебінен бұл активтер бізге тұрақты табыс әкеледі", – деді ол.
Оның айтуынша, қайтарылған активтерді сатудан түсетін барлық қаражат Қазақстандағы әлеуметтік және экономикалық жобаларды қолдауға бағытталған Арнайы мемлекеттік қорға аударылады. 2024 жылғы 29 шілдеден 9 желтоқсан аралығында, яғни, белсенді жұмысқа кіріскелі компания активтерді өткізуден және басқарудан түскен 13 миллиард теңгедей қаражатты сол қорға жолдапты.
Қуанышбек Мұқаштың айтуынша, бұл қаржы денсаулық сақтау, білім беру жобаларына, әлеуметтік осал топтарды қолдауға жұмсалады. Сондай-ақ моноқалалар мен ауылдарда коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын салуға бағытталады. Жобалар тізімін Үкімет бекітеді.
Мұның бәрі дұрыс және халық оны қолдап отыр. Проблема тек қайтарылған активтердің аздығында болса керек.