Көрші елде "1 арба ақшаны 1 нанға айырбастайтын" жағдай туындауы мүмкін

1977

​Қырғыз басылымдары Ұлттық банктің ақша басу станогін іске қосуы Қырғызстанда гиперинфляцияға соқтыруы мүмкін екенін жазуда.

Көрші елде "1 арба ақшаны 1 нанға айырбастайтын" жағдай туындауы мүмкін Фото: canva.com

"Жоғорку Кеңеш Ұлттық банкке өз табысын бюджетке табыстауды және тағы көп ақша басып шығаруды ұсынды. Бұл бастаманы депутаттар еш қиналыссыз, толғанусыз, оңай-ақ жария ете салды. Алайда оның артында ел экономикасы үшін үлкен тәуекел тұр: гиперинфляцияның басталу қаупі бар. Ондай жағдайда бағалар күн сайын дерлік тоқтаусыз өседі, ұлттық валюта үздіксіз құнсызданады. Өйткені нарықтағы, айналымдағы ақша массасы бақылаусыз артады", – деп жазды Vesti.kg.

Өз кезегінде қырғыз экономисті Искендер Шаршеев Германияда, Африка елдерінде мұндай тірлік ақыры неге соқтырғанын еске салды.

"Біздің шенеуніктерге Веймар республикасында, содан соң Зимбабведе, соңғы жылдары Түркияда не болғанын зерделейтін уақыт жетті. Ол елдерде де шенеуніктер жұрт алдына шығып, ақшаға қатысты ешқандай проблема жоқтығын, оны үсті-үстіне басып шығара беретінін мәлімдеді. Басылатын ақша елдің шығаратын өніміне барабар болғаны жөн. Мысалы, Америка бүкіл тарихында болған доллардың 20%-ына тең көлемін соңғы 5 жылда-ақ басты. Сонымен бірге, АҚШ өз валютасының орнықтылығын мемлекеттік кепілдіктермен және экономикасының өсуімен қорғайды", – деді экономист.  

Жаңа Президент Дональд Трамп бұрынғы лидерлердің Құрама Штаттарда мұнай-газ өндіруге қойып келген шектеуін жоюда және жер қойнауын пайдаланушыларға дем беріп: "Бұрғыла, жарқыным, бұрғыла!" деп ұран тастады.

"Басқаша айтқанда, дамыған елдер ақша басуда ақылға қонымды белгілі бір шектеуді сақтайды. Ал, егер Қырғызстан қолма-қол сомды шектен тыс көп баса берсе, ол елімізде гиперинфляция туындатады. Оның арғы жағында дефолт қаупі тұр. Ондай заман туса, қаржылық басқаруды – сыртқы ұйымдарға, ал, ұлттық резервтерді басқаруды мысалы, хедж-қорларға беруге тура келеді", – деп болжады Шаршеев.

Оның айтуынша, мұның бәрі мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер, тәуелсіздікке нұқсан.

"Ақша массасын экономиканың даму қарқынынан көп асыруға болмайды. Ақша басу мәселесіне өте байсалды, ұстамды қарау қажет. Оңдысы, мультивалюталық операцияларды жүргізген, Қырғызстанда әртүрлі шетелдік валюталардың айналымы мен көлемін арттыра берген жөн. Ұлттық валютамыз бен экономикамызды гиперинфляциядан қорғау өмірлік маңызды міндет! Біз бүгінде бағалардың өсіп бара жатқанын көріп отырмыз. Дәл осы кезде тағы 20 миллиард сом банкнотты басып шығарсақ, баға бассыз кетеді. Сонда бір бөлке нанды сатып алу үшін сом толтырылған арбамен баруға мәжбүр боламыз", – деп ескертті Искендер Шаршеев.

Кеңес кезінде сом-рубльдің қатты құнсыздануы кесірінен Қазақстанда да қап-қап ақшамен есеп айырысатын. "Базарда бір келі алмаға 4 келі ақша сұрайды" деген әзіл де сонда туындады.

Қазіргі заманда, әрине, сауда-саттық негізінен қолма-қолсыз ақшамен жүретіні мәлім. Дегенмен, экономистің айтуынша, басы артық қаржының айналымға жіберілуі электронды төлемдерге де теріс әсер етеді. Банк картасымен немесе мобильді әмиянымен сауда жасауға үйренген қырғызстандықтардың көпшілігі шет-шегі көрінбейтін нөлдер тізбегінен жаңылысатын болады.

"Мұның несі жақсы?! Транзакция алдында көп-көп нөл жазуға тура келеді. Ақша басу станогі деген – өте қауіпті жабдық. Ұлттық валютаға деген сенімді бір рет жоғалтып алсақ, қайтару қиын болады, елде валютаның қара нарығы белең алады. Онда адамдар криптовалютаға кетеді. Бір-бірімен мемлекет бақыламайтын биткоинмен, эфириуммен есептесе бастайды. Сондықтан тағы да қаптатып сом басуға шақырғанда немесе соған қатысты шешім қабылдағанда өте абай болуға тиіспіз. Халық та, бизнес те бұл үшін мемлекетке рахмет айтпайды", – деді қырғыз экономисті Искендер Шаршеев.

Сондай-ақ, Жоғорку Кеңеш депутаты Дастан Бекешев те әріптестерін Ұлттық банкке ақша басу станогін іске қосуға рұқсат етуден сақтандырды. Оның пікірінше, бұл елдегі гиперинфляцияға соқтыруы мүмкін.

Алайда бұдан көрші туысқан елдің ахуалы нашар екен деген ой туындамауы керек. Үкіметтің әрбір ісін сынау – қырғыз демократиясының бір рәмізі.  

Өйткені өзге сарапшылар Қырғызстандағы экономикалық жағдай өзге көршілеріне қарағанда көш озық екенін еске салды. Біріншіден, 2024 жылдың қорытындысында Қырғыз Республикасы ЖІӨ өсімі бойынша Орталық Азияның көшбасшысы атанды.

ҚР Ұлттық статистика комитетінің дерегінше, 2024 жылы Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі ғаламат 9%-ға жетті. Оған дейінгі 3 жыл бойы Алатаудың арғы баурайындағы ағайынның экономикасы орта есеппен 7,5% қарқынмен өсіп келді.

Екіншіден, ұлттық валютасы да мықты. 

Оны аз десеңіз, алдағы 5 жылды да қырғыздар бюджеттік профицитке қол жеткізуді жоспарлап отыр. Азия Даму Банкінің сарапшылары республиканың тиісті әлеуеті барын растады.

"Қырғызстанның 2025 жылғы бюджеті де профицитпен қалыптастырылды. Бұл туралы Министрлер кабинетінің отырысында қаржы министрі Алмаз Бакетаев мәлім етті. Мемлекеттік бюджеттің жиынтықты табысының жалпы көлемі 472 млрд 856,1 млн сом болады деп жоспарланған. Шығыстан артық қалған 26 миллиард 105,8 млн сом (шамамен 156,6 миллиард теңгедей) кірісті Үкімет экономикалық бағдарланған іс-шараларға және сыртқы борышты өтеуге жұмсауға ниетті", – деп хабарлады Economist.kg.

Көршіміз 2024 жылды 10,1 млрд сом профицитпен аяқтаған еді.

Бас қаржыгер Бакетаев Қырғызстанның алдағы 5 жылды да бюджеттік профицитпен аяқтауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Яғни, республика "көрпесіне қарай көсіле" алатын табысты жолға тұрақты түсті.

Бір қызығы, Қырғызстан күні кешеге дейін ұлттық валютасын шетелде басып келді. Тек былтыр ғана ел Президенті Садыр Жапаров бұдан былай қырғыз сомы елде басыла бастайтынын жариялады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу