"Қожайыны – әйел!" деген таңба тосыннан трендке айнала бастады

909

Іргедегі мемлекетте әйелдерінің көбіне жұмыс істемеуге рұқсат етілген. Әрине, күйеуі тарапынан. Мемлекет мұны өзгертуге ниетті.

"Қожайыны – әйел!" деген таңба тосыннан трендке айнала бастады Фото: canva.com

Моңғолияда әйелдердің жартысынан астамы жұмыс істемейді. Бұл туралы елдің Еңбек министрлігіне сілтеме жасап, "Монцамэ" ұлттық агенттігі хабарлады.

Ведомствоның дерегінше, қазіргі кезде моңғол әйелдерінің 48,6%-ы ғана түрлі қызмет атқарады. Қалғаны – үй шаруашылығындағы, немесе бала бағумен отырған үйбикелері.

Бұл статистика үкіметтегілерді шошынтты. Өйткені онсыз да халқы аз елдің (Моңғолия тұрғындарының саны 3,5 миллионнан асады) үлкен адами ресурсының әлеуеті толыққанды пайдаланылмай тұр. Шенділердің байламынша, егер оларды еңбек нарығына тарта алса, мемлекет сырттан еңбек мигранттарын тартудан аулақтай алар еді.

Сондықтан Моңғолияның Отбасы істері, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты меморгандардың, салалық қоғамдық ұйымдардың сарапшыларын жиып, "Әйелдерді дамыту саласында мемлекет пен азаматтық қоғам ұйымдарының арасындағы серіктестік" тақырыбында пікірталас өткізді.

"Небәрі 48,6 пайызының ғана жұмыспен қамтылуына әйелдердің бала күтімі, отбасы мүшелерін, қарияларды бағып-қағу, тамақтандыру, үй шаруашылығы және басқа да қаптаған ақысы төленбейтін, тегін жұмыстарға көп уақыты мен күш-қуатын сарп етуі себепкер. Әлемнің басқа елдеріне қарағанда Азия-Тынық мұхит өңірі елдерінде әйелдер мысалы, бала бағу бойынша ақы төленбейтін жұмысқа 4 есе көп уақыт жұмсайды", – деп мәлім етті агенттік.

Сондықтан мемлекет үйбикелерді еңбекпен қамтуға ерекше мән бермек. Жұмыс күшіндегі әйелдердің үлесін арттыру Моңғолияның жалпы ішкі өнімін 26%-ға өсіруі мүмкін.

Еңбекминінің хабарлауынша, Моңғолия "күтім экономикасын" дамытуға ниетті. Оның аясында балабақшалар желісін арттыру, қарттарға көмек қызметін жетілдіру, бала бағушылар (няня) институтын дамыту және басқа шаралар қабылдануы қажет.

Сонда қолы босаған әйелдердің жұмыс істеуге ынта-ықыласы артады. Әзірге, 2024 жыл қорытындысында елдің 15 аймағы мен астанасының 6 ауданын қоса алғанда, балалар ұйымында балалар күтімі жөніндегі жұмысшы болып, 315 әйелдің ғана қызмет ететіні айтылды.

Ведомство Моңғолияның "тең құқылы, инклюзивті және экономикалық өсім үшін қолайлы қоғам құру" қағидатына беріктігін нұсқады.

Моңғолияда жұмыс істейтін жалпы саны 1 миллион 196 мың адамның 563 мыңын әйелдер құрайды.

Екінің бірі біле бермес, Шыңғыс хан бабаның атажұрты – Моңғолия әйелдердің теңдігін Азияда бірінші болып мойындаған ел. Жай мойындап қана қоймай, гендерлік теңдікті осыдан 100 жыл бұрын қабылдаған тұңғыш Конституциясында бекітті.

Ол құжатта әйелдердің саяси құқықтары танылды, олардың дауыс беру және сайлану құқығына кепілдік берілді.

2025 жылы әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын тұңғыш үкіметтік емес ұйымның – Моңғолия әйелдері қауымдастығының құрылғанына да 100 жыл толды.

Бүгінде Азиядағы демократиялық даму тұрғысынан ең озық елдердің бірі саналатын Моңғолия нәзік болмыс иелерінің Парламентке сайлану мүмкіндіктерін кеңейтуде.

Соның арқасында 2024 жылғы маусымда өткен парламенттік додада Ұлы мемлекеттік құрылтайға (хурал) 32 әйел сайлана алды. Бұл – елдегі барлық депутаттардың жалпы санының 25 пайызы. Дүниежүзілік банк сарапшылардың бағалауынша, бұл жетістігі Моңғолияны Парламентте әйелдерге орын ұсыну жөнінен Азияның көшбасшы елінің біріне айналдырды.

Салыстырсақ, бүгінде Қазақстанның Парламентінің қос палатасын қоса алғанда, 28 әйел депутат бар, бұл жалпы депутаттар санының 18,9%-ы.

"Біздің ел әйелдердің саясатқа, қоғамдық өмірге, экономикаға, мәдениетке, бизнеске – барлық салаға қатысуын қолдайды, сол үшін қажетті құқықтық ортаны үнемі жетілдіріп отырады. Сондай-ақ, гендерлік мәселелерге жауапты институттарды нығайтуда. Қазіргі уақытта әйелдердің ресми жұмыспен қамтылуын арттыру, олардың табысын ұлғайту, күтім экономикасын дамыту, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау мүмкіндіктерін одан ары кеңейту мәселесі күн тәртібінде тұр", – деді Моңғолияның Мемлекеттік хатшысы Мунхзул Лхагвасурэнгийн ханым.

Оның айтуынша, осының бәрі әйелдер, әсіресе, ауылдықтары үшін жаңа жұмыс орындарының құрылуына өріс ашады.

Бұдан бөлек, мемлекет қыздар мен аналардың сексуалдық және репродуктивті денсаулығын нығайтуға, интернеттегі әйелдер құқығын қорғауға, климаттың өзгеруі жағдайында әйелдердің мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған, бұрын-соңды болмаған жаңа тұрпатты іс-шараларды жүзеге асырып жатыр.

Моңғолияда тың тренд-тәжірибе өрістеуде. Ұлттық сауда-өнеркәсіптік палата жанынан Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығы ашылды. Ол банктермен бірлесе отырып, әйел басқаратын немесе қожайыны әйел болатын кәсіпорындар мен бизнес нысандарын жеңілдетілген несиемен, гранттармен қолдайды.

Бизнесінің ілгерілеуіне, жаңа нарықтар табуына, заң, салық және басқа мәселелерді шешуіне көмектеседі. Осы арқылы Үкімет әйелдерді жұмысқа тарту, экономикадағы рөлін арттыру міндеттерін шешеді.

Осы орайда аталған орталық "Women Owned" (Қожайыны – әйел!) атты бренд пен сертификацияны ендірді. Бұл бастама әйел кәсіпкерлерді бөле-жара қолдауға және олардың бизнесін ілгерілетуге бағдарланған.

Жобаны қолдаған коммерциялық банктер өз өнімдері мен қызметтерін бизнесвумендерді қолтықтан демеуге қайта бағыттай бастады. Өйткені сол арқылы өзі де жеңілдік ала алады.

Қазіргі кезде тауарларына "Қожайыны – әйел!" (Women Owned) логотипін басатын компаниялардың саны 50-ден асты. Бұл тек басы болса керек. Ондай таңбасы бар ұйымдарға бизнесінің масштабын ұлғайтуға көмек сыртында, біліктілікті арттыру, оқыту бағдарламалары, маркетингтік қызметтер ұсынылады.

Өнімдерін "Women Owned" логотипімен сату сыртында, қожайыны әйел компаниялар моңғолдың "She Trades" орталығының мүшесіне айналады. Ал, бұл орталық олардың шетелдік нарыққа шығуына жәрдемдеседі, халықаралық, өңірлік нарықтарда бәсекеге қабілетті болуға үйретеді,  

Айта кету керек, Моңғолияда әйел басшылар басқаратын компаниялардың үлесі өте жоғары және 68%-ға жетті. Оның ішінде 87%-ы – ұжымы 10 адамнан аспайтын шағын бизнес саналады.

Ресми статистика бойынша іргедегі моңғол елінде (тарихта шекаралас, аралас-құралас болған Қазақстан мен Моңғолия арасын бүгінде сиыр тіліндей, 50 шақырымнан аса жер телімі бөліп тұр) 200 мыңнан аса жеке кәсіпкердің 42%-ын немесе 84 мыңын – нәзік болмыс иелері құрайды.

Бұл ретте қоғамдық тамақтандыру, сауда, қызмет көрсету, қаржы, білім беру және денсаулық сақтау – Моңғолияда негізінен "әйел кәсібі" саналады. Оларда еңбек ететін барлық персоналдың 72%-дан астамы әйелдер болып келеді. Бұл да Моңғолия экономикасындағы әйелдердің маңызды рөлін көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу