Осыдан бірер жыл бұрын ғана Ресей – посткеңестік кеңістікте барлық саладағы сөзсіз көшбасшы еді. Мысалы, 2021 жылы Ресейден әлемнің 121 еліне ұшып баруға болатын. Сондықтан қазақстандықтар, аймақтағы өзге республикалардың азаматтары төрткүл дүниенің әр түкпіріне сапарлағысы келсе және өз елінен тікелей ұшу мүмкіндігі болмаса, алдымен Мәскеуге беттейтін.
Бүгінде Ресей әлемдік авиациялық хаб ретінде күйреді. "Росавиацияның" ресми дерегінше, 2024 жылдың басында Ресей қалаларынан дүниежүзінің небәрі 34 мемлекетіне тікелей тұрақты рейстер ғана қалған.
Оның өзінде бұл мемлекеттер де өздерінің көптеген әуежайларын ресейлік ұшақтар үшін жауып тастады және негізінен бір-екі "әуе қақпасын" ғана ашық қалдырды.
Сонымен, 2024 жылдың басындағы тізім бойынша (ол әзірге жаңартылмаған) Ресейден келесі елдерге ғана ұшақ ұшады:
- Қазақстан (Астана, Ақтау, Шымкент, Қостанай, Алматы)
- Әзербайжан (Гянджа, Баку)
- Алжир (Алжир)
- Армения (Ереван)
- Бахрейн (Манама)
- Беларусь (Минск, Брест, Гомель)
- Вьетнам (Ханой, Хошимин, Нячанг, Фукуок)
- Грузия (Тбилиси, Батуми)
- Египет (Шарм-эль-Шейх, Хургада, Каир)
- Үндістан (Дели, Гоа)
- Индонезия (Бали)
- Иордания (Амман)
- Иран (Тегеран)
- Қатар (Доха)
- Қырғызстан (Бішкек, Ош)
- Қытай (Бейжің, Шанхай, Харбин, Чэнду, Гуанчжоу, Гонконг, Хайнань, Үрімші)
- Куба (Кайо-Коко, Варадеро, Гавана)
- Мальдив аралдары (Мале)
- Марокко (Касабланка)
- Моңғолия (Ұлан-Батор)
- Мьянма (Янгон, Мандалай)
- БАӘ (Дубай, Абу-Даби, Шарджа)
- Оман (Маскат)
- Сейшел аралдары (Маэ)
- Сербия (Белград)
- Тәжікстан (Душанбе, Худжанд)
- Тайланд (Пхукет, Бангкок, Паттайя)
- Тунис (Монастир)
- Түрікменстан (Түрікменбаши)
- Түркия (Ыстанбұл, Анталия, Бодрум, Даламан)
- Өзбекстан (Ташкент, Бұхара, Ферғана, Наманган)
- Шри-Ланка (Коломбо)
- Эфиопия (Аддис-Абеба).
140 миллиондай халқы бар державаның қазіргі хәлі осындай және ахуалы әрі қарай нашарлауда.
Салыстырсақ, Қазақстаннан әлемдегі 34 елге тікелей ұшып кетуге болады. Оның үстіне бұл тізім тоқсан сайын үлкейіп тұрады. Мысалы, ҚР Көлік министрлігі 2025 жыл соңына дейін Нью-Йорк, Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай сияқты мегаполистермен тікелей әуе қатынасын орнатуға уәде етті. Ал, Ресейдің ұқсас тізімі биылғы жыл соңында қарқынды түрде қысқара бастады және бұл үрдіс келесі жылы жалғасуы мүмкін. Бұған Ақтауда болған Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағының апаты ықпал еткені байқалады.
Oxu.Az агенттігінің хабарлауынша, Әзербайжан ресейлік әуе компаниялары үшін өзінің Баку және Гянджу әуежайларын жауып, Минеральные Воды, Сочи әуежайларынан келетін рейстерге берілген рұқсаттарын жойған. Салдарынан, ресейлік әуе компаниялары Әзербайжанға рейстерінен бас тартуға мәжбүр.
Бұл деректі ресейлік "Азимут" әуе компаниясы растады. Оның дерегінше, әзербайжандық авиациялық биліктің ұшуға рұқсатнамаларды жоюына байланысты Баку мен Гянджа әуежайлары слоттарын кері қайтарып алған.
Осы сияқты өзге шет елдердің авиакомпаниялары Ресей аспанымен ұшудың қауіпті болып кеткеніне байланысты рейс жасауды тоқтатты.
Біріншіден, әзербайжандық AZAL авиакомпаниясы Ресейдің 10 қаласына ұшуын доғарды.
Екіншіден, қазақстандық Qazaq Air Астанадан Екатеринбургке рейстерін тоқтатты.
Үшіншіден, Израильдің El Al әуе компаниясы да енді Ресейге сапар жасамайды. Ол бұрын Тель-Авивтен Мәскеуге және кері бағытта жолаушылар таситын.
Төртіншіден, арабтың FlyDubai әуе компаниясы рейстерінен бас тартты, бұған дейін ол Дубайдан Сочиге және Минводыға қатынайтын.
Бесіншіден, Түрікменстанның мемлекеттік "Түрікменстан" авиакомпаниясы кем дегенде бір айға, 2025 жылғы 31 қаңтарға дейін Мәскеуге, "Ашхабад-Мәскеу-Ашхабад" маршруты бойынша рейстерін тоқтатып тастағанын жариялады.
Ресми сайттарында әуе тасымалдаушылар Ресейге неге ұшқысы келмейтінін түсіндірмеді. Бірақ барлығы әзербайжандық ұшақ апатынан кейін осындай шешім қабылдаған.
Қалай болғанда да мұның бәрі әлемдік авиакомпанияларды тікелей Ресейге немесе Ресей үстінен транзитпен ұшудан айнытатын түрі бар. Өйткені авиапаттан кейін халықаралық сақтандырушы компаниялар Ресей кеңістігін пайдаланатын әуе тасымалдаушыларының ұшақтарын сақтандыру ақысын жаппай көтеруді ұйғарған. Бұл рейс шығынын арттырып, табысын жоққа шығарып, сапарды тиімсіз етуі ықтимал.
Бұған дейін 2022 жылғы 27 ақпанда Еурокомиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақтың әуе кеңістігі Ресей үшін толығымен жабылғанын жариялады.
Оның айтуынша, Еуропаның үстімен бұдан былай тіпті ресейлік бизнесмендердің жекеменшік джет-ұшақтары да ұшып өте алмайды.
Осылайша, бүгінде дүниежүзіндегі бірде-бір дамыған елдің Ресеймен тікелей әуе қатынасы жоқ.
Еуропа құрлығындағы Сербиядан басқа елдерден Ресейге ұшақ ұшпайды, Ресейден ұшақ қабылдамайды. Олардың бәріне ресейліктер Қазақстан арқылы сапарлап жүр.
Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің шекара қызметінің дерегінше, 2019 жылы Еуропа елдеріне 16,6 миллион ресейлік барып қайтыпты. Ал, 2024 жылы небәрі 557 мың ресейлік қана Еуропаға жете алған.