Ақпарат құралдарының жазуынша, Түрікменстанда мемлекеттік газеттерді бүлдіруге тыйым салынды. Оларды тек оқуға ғана рұқсат.
Мысалы, бұған дейін түрікмендер түрлі-түсті бояумен басылатын әдемі безендірілген мемлекеттік газеттерге гүл шоқтарын орайтын еді. Енді бұған жол берілмейді.
Бұл туралы біздің аймақта, соның ішінде Алматыда тұрып, Орталық Азия елдеріндегі жаңалықтарды жазатын британдық журналист Крис Риклтон хабарлады.
"Егер газеттерді дәретханаға немесе азық-түлікті орау үшін пайдаланса, онда Түрікменстанның мемлекеттік қызметшілері қатаң жазалануы мүмкін. Олар жұмысынан қуылады, мемлекеттік қызметтен аласталады", – деп жазды Крис Риклтон.
Британдық журналист Түрікменстанда мерзімді баспасөзге халықты, әсіресе, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекеме жұмысшыларын мәжбүрлі жазғызуды қарастыратын ескі "дәстүр" сақталып қалғанын айтады.
Содан Риклтонның жазуынша, Түрікменстанда жұртшылық үйіне күн сайын әкелінетін мемлекеттік баспасөзді әжетханаға апарады.
Сондай-ақ, балық, ет сияқты тамақтарды, басқа заттарды орауға пайдаланады. Пеш жаққанда от тұтату үшін қолданатындары да көп көрінеді.
"Енді билік мемлекеттік қызметшілерді мойнына тосын міндеттеме алып, оны жазбаша шартқа қол қою арқылы бекітуге мәжбүрлеуде. Оған сәйкес, олар "газеттер мен журналдардың ел басшылығының фотосуреттері бар беттерін сақтауға" міндеттеледі. Бұл туралы бізге мемлекеттік органдардың бірнеше қызметкері әңгімеледі. Олардың бәрі тиісті құжатқа қол қойған", – деп хабарлады тәуелсіз "Azatlyk Radiosy" агенттігі.
Бұл ретте баспасөз күн сайын және міндетті түрде бірінші бетіне елдің басты тұлғаларының бейнесін басады.
"Азатлыктың түрікмен редакциясының тілшілеріне анонимді түрде сұхбат берген Балқан уәллаятының мемлекеттік қызметшісі "Жаңа жыл" мерекесінен бері осындай талап қойылып жатқанын түсіндірді. Мемлекеттік қызметшінің айтуынша, оның қаласында да "мемлекеттік газетті былғамауға" бұйрық бекітілген. Талаптың сақталуына бақылау жүргізу үшін билік бұдан былай әрбір газеттің әрбір бетінде QR-код басылатынын мәлімдеді", – деп түсіндірді "Azatlyk".
Шенеуніктер, бюджет қызметкерлері, студенттер QR-коды және елдің көшбасшы тұлғаларының фотосуреттері басылған беттерді жинап, сақтауы керек. Осы арқылы іс басындағы ел Президенті Сердар Бердімұхамедов пен оның әкесі, экс-президент Гурбангулы Бердімұхамедовке деген құрмет пен ілтипат халық бойына сіңіріледі.
Тағы бір шенеунік түрікмен журналистерімен әңгімесінде дәл осы QR-кодтың құзырлы органдарға "жазылушылардың қайсысы мемлекеттік газеттерді "орынсыз" пайдаланып жатқанын" анықтауына мүмкіндік беретінін жеткізді.
"Енді біз үйде жатқан газеттерге балалардың қол тигізуінен қорқатын болдық. Бала бір шала іс жасап, газеттің фотосуреті бар бетін бүлдіріп қоя ма деген қауіп бар. Кішкентай бала газетті жыртып тастаса, президенттің фотосуреті басылған тұсты ластаса немесе оны көшедегі әлдебір жерге қоқыс қылып тастай салса, бұған ата-анасы жауап береді. Онда біз жұмысымыздан айрылып қалуымыз мүмкін", – деп журналистерге мұң шақты мемлекеттік қызметші.
Крис Риклтон түрікмендер арасында жауын-шашынды маусымда газеттерді кіреберіске төсеп, соған лас аяқкиімдерді қою, аяқ сүртетін кілемше ретінде пайдалану салты кең таралғанын айтады.
"Шекарасыз репортерлар" (RSF) ұйымы орталықазиялық бұл мемлекеттің "Ешқандай жаман жаңалық болмасын!" деген қағидатты берік ұстанатынын мәлімдеді.
Дегенмен, "Нейтральный Туркменистан" ресми газетінің жазуынша, Түрікменстанның жағдайы тамаша көрінеді.
"Ел экономикасының жоғарғы даму қарқыны сақталды. 2024 жыл қорытындысында Түрікменстанның ЖІӨ-сінің өсімі 6,3 пайыз болды. Инвестиция көлемі 9,1%-ға артты. Есепті кезеңде жалпы алғанда 5 735 жаңа жұмыс орны құрылды. Елде өндірілген өнімдердің экспорты 12 миллиард долларға жетті. Өткен жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен өндірістік және әлеуметтік-мәдени мақсаттағы 86 объект іске қосылды. Елде 1 миллион 145 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліп, мыңдаған отбасы қоныстойын тойлады", – деп жазды 8 ақпандағы соңғы нөмірінде мемлекеттік түрікмен газеті.
Түрікмен елі қазіргі заман көшінен қалып қоймаған екен. Газет 2024 жылы Аркадаг "ақылды" қаласының екінші кезегінің құрылысы жалғасқанын жария етті. Бұған дейін смарт-ситидің бірінші кезегі ел игілігіне тапсырылыпты.
Отын-энергетикалық кешенге қатысты ірі жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, "Arkadagyň ak ýoly" атауын алған "Серхетабат-Герат" газ құбырының құрылысы басталды. Ол Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан халықаралық газ құбырының негізгі буыны болып табылады.
Қалай болғанда, қазақ елі туысқан түрікмен елінің дамуына тілектес.