Шектеулерге "фитосанитарлық тәуекелдер" сылтау болыпты. Осылайша, "одақтас" Қазақстанның экспортына жасанды тоспа құрды.
Осыған орай Мәжілістегі барлық партия фракциялары қол қойған зілді мәлімдеме Үкіметке жолданды. Депутаттардың байламынша, Ресей осы қадамы арқылы халықаралық келісімдерді бұзды. Өйткені РФ қазақстандық астыққа, дән өнімдеріне, күнбағыс пістесіне, қызанаққа, бұрышқа, күрішке және басқа да қаптаған өнімдерге фитосанитарлық сертификат беруді тоқтатып, оларды жаһандық нарыққа өткізбей тастады.
"Россельхознадзордың" қарау әрекеттерінің салдарынан, қазақстандық экспорттаушылар үлкен қаржылық шығынға ұшырауда. Оның шектеулері отандық экспорттаушылардың әлемдегі клиенттеріне өнім жеткізуді кешіктіруіне, қазақ астығының жаппай Ресейдің теміржол станцияларында тұрып қалуына, келісімшарттық міндеттемелердің бұзылуына соқтырыпты.
Сондай-ақ Мәскеу енгізген шектеулер Қазақстан арқылы шетел асатын транзиттік тасымалдың тоқтауына әкелген. Бұл да тауарларды жеткізіп беру мерзімдерін бұзды. Оның үстіне, қазақстандық экспорттаушылар, трейдерлер келісімшарттарды кешіктіргені үшін айыппұл төлеуге мәжбүр. Өнімді қоймаларда уақытша сақтауына, оны жөнелтуді кідіртуіне байланысты қып-қызыл шығынға батып жатыр.
Биыл астық мол шыққан кезде РФ-тің өз аумағымен өткізбей қоюы жаңа егіннің қоймаларда босқа шіруіне соқтыруы ықтимал екен. Яғни, биылғы астықтың экспортына үлкен қауіп төнді дейді депутаттар.
Мұның бәрі Еуразиялық одақ туралы келісімде бекітілген уағдаластықтарға, тауардың еркін қозғалысы қағидаттарына қайшы. Депутаттар нақты мысал келтірді.
"Қазақстандық 4 экспорттаушы компания Түркия тапсырыс берген жасымық-чечевицаның партияларын осы елге ары жөнелту үшін Новороссийск портына жіберген. 2024 жылдың 8 қазанында 16 мың тонна жасымық кемеге тиелген. Дәл осы кезде, 9 қазанда Россельхознадзор кенеттен карантиндік зиянкестердің табылғанын айтып, кемені тоқтатып қойды. Бірден айталық, бұл тауарға Қазақстанның фитосанитарлық сертификаты алынды және бүкіл транзит барысында Россельхознадзор тарапынан бірде-бір ескерту болмаған. Жүк "Новороссийск теңіз сауда портының" сақтау қоймаларына түсірілмеген, тікелей вагондардан кемеге тиелген. Осы партияның ғана жалпы құны 10 миллион доллардан асты. Бизнес орасан шығын шекті", – дейді мәжілісмен Айдарбек Қожаназаров.
"2024 жылғы 17 қазаннан бастап Ресей (Россельхознадзор) бидай, жасымық, зығыр тұқымын және басқа да тауарларды Қазақстаннан әкелуге уақытша шектеулер енгізді. Үкіметаралық комиссияның отырысында Россельхознадзордың қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін негізсіз, әрі біржақты қайтарып жіберу фактілері талқыланды. Соның нәтижесінде биылғы 1 қарашада Қазақстанның ветеринариялық қадағалау және өсімдік карантині саласындағы ақпараттық жүйелерін Ресеймен интеграциялау мәселелері пысықталды", – дейді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Премьердің айтуынша, екіжақты келіссөздер қорытындысында тараптар Ж.Жимебаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының, карантиндік зертхананың өкілдерін және экспорттаушыларды тарта отырып, РФ-тің Ейск қаласындағы теңіз портының аумағына бірлескен жұмыс тобын жіберу жөніндегі уағдаластыққа да қол жеткізіпті. Ол топ жасымық партиясы үлгілерін іріктеп, сол жерде зертханалық сараптама жүргізген.
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ сотына шағымданбапты. Үкімет басшысы қазақстандық экспорттаушыларға "Ресей заңнамасына сәйкес Россельхознадзордың әрекеттеріне өз бетінше шағымдануға" кеңес берді.
Алайда бұл шаралардың және келісімдердің ешқайсысы Ресейдің қазақстандық экспортты ары қарай шектей бермесіне кепіл бола алмайды. Сондықтан енді ҚР Үкіметі Ресейден басқа, баламалы бағыттарға екпін түсіруде екен.
Оның ең бастысы – Каспий арқылы тікелей Әзербайжанға жететін, ары қарай Грузия, Түркия арқылы Еуропаға, әлемнің өзге өңірлеріне ұласатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ немесе Орта дәліз). Премьердің мәліметінше, 2024 жылдың 8 айында ол арқылы тасымалданған жүк көлемі 2,9 миллион тоннаға жетіп, өткен жылдан (1,75 млн тонна) бірден 69%-ға ұлғайды.
Ақтауда Қазақстан, Әзербайжан, Грузия мен Түркия 2027 жылға дейін Орта дәлізді дамытудың жол картасына қол қойды. Оны іске асыру дәліздің өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
"Бұдан бөлек, 2024 жылғы 10 қазанда Қазақстан мен Түрікменстан арасында "Көлік, логистика және транзит саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге" қол қойылды. Онда "рұқсатсыз" жүк тасымалдау жүйесін енгізу, екі елдің халықаралық маршруттағы жүргізушілері үшін визалық режимді алып тастау мүмкіндігі көзделеді. Бұл осы бағыттағы жүк тасымалдары көлемін ұлғайтуға ынталандырып, соған жәрдемдесетін болады", – деді Бектенов.
Сондай-ақ "Ақтау теңіз сауда порты" ұлттық компаниясы мен "Түрікменстанның теңіз сауда флоты" АҚ-ы арасында ТХКБ маршруты бойынша теңіз тасымалдарының әлеуетін кеңейтетін ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді. Соның арқасында қазіргі уақытта қазақтың ауыл шаруашылығы өнімдері "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" (Инчебурун), "Қазақстан – Өзбекстан – Түрікменстан – Иран" (Серахс) теміржол бағыттары бойынша Иранға және одан әрі Бендер Аббас портымен Парсы шығанағы елдеріне тасымалданып жатыр.
Бұдан басқа, қазақстандық жүктер Ақтау және Құрық порттары арқылы Иранның Амирабад және Анзали порттарына жеткізіле бастады. Премьер РФ қақпасы толық ашылмағанымен, биылғы астығымыз экспортсыз қалмайтынына сендірді.
"Жүк жөнелтушілердің өтінімдері негізінде дәнді дақылдарды тиеп жөнелту бойынша отандық порттардың қуаты жыл соңына дейін жүктелген. Қытайға экспортты арттыру жұмысы жанданды. Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытайдың Бас кеден басқармасымен отандық 18 дақыл түрінің фитосанитариялық талаптарына, сондай-ақ Өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. ҚХР-дің осы басқармасының реестріне қазақстандық 1 936 кәсіпорын енді. Олар қытайлық мамандардың инспекциясынсыз-ақ шығыс көршіге өнімін тасиды. Жалпы, уәкілетті меморгандар осы бағыттағы жұмысты жалғастыруда", – деді Премьер.
Өз кезегінде Көлік министрлігі Ресейге соқпайтын бағыттардың қалай дамытылып жатқаны жөнінде шағын есебін ұсынды. Қазіргі кезде Каспийде Ақтау, Құрық, Баутино порттары, сондай-ақ "Ерсай" және "Саржа" терминалдары жұмыс істейді. Көлік министрлігінің дерегінше, олардың бәрі дерлік аймақтық және халықаралық сауданы кеңейтуге бағытталған даму жоспарларын әзірлепті.
Соның аясында Ақтау портында контейнерлік хабтың құрылысы басталды. Қазіргі уақытта топырақты әкелу және нығыздау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңына 20-дан аса арнайы техника жұмылдырылған.
"Жобаның инвесторы – Қытайдың ең ірі порттық компаниясы "Port Lianyungang Group". Жобаны 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Бұл жоба жүзеге асқан соң порттың өткізу қабілеті жылына 240 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) контейнерге дейін артады. Сондай-ақ портта қайта тиеу техникасы жаңартылды: 4 тиегіш және салмағы 63 тоннаны құрайтын алып кран сатып алынды. Келесі жылы Ақтау портының су айлағында тереңдету жұмыстары басталады деп жоспарланған", – деп хабарлады министрлік.
Ал, Құрық портында биылғы қараша айында жылдық қуаты 1 миллион тоннаны құрайтын жаңа астық терминалы іске қосылды. Одан Иранға 2 800 тонна арпа жөнелтілді. Бұған қоса, Құрық портында теңіз кемелерінің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін кеме қозғалысын басқару жүйесі (КҚБЖ) енгізілді.
2024 жылдың мамыр айында "Ерсай" терминалы іске қосылып, Өзбекстанға 153 ірі габаритті жүк жіберілді.
2024 жылдың алғашқы 10 айында Ақтау порты арқылы 4,2 миллион тонна жүк тасымалданды. Құрық портының паромдық кешені арқылы жүк тасымалы 22%-ға өсіп, 23 134 контейнерді құрады.
Бұл жобалар Қазақстанның халықаралық логистикадағы орнын нығайтып, Транскаспий бағытының дамуына ықпал етуге тиіс.
Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжановтың мәлімдеуінше, Қазақстан бұдан былай теңіз порттары арқылы астық пен контейнерлерді тасымалдау көлемін ұлғайтуға баса назар аударады.