"Эмбамұнайгаз" АҚ мұнай өндіру кәсіпорындарында білікті кадрлардың жетіспеушілігін Кеңес одағы кезінде қолданылған жоғары оқу орны түлектеріне қосарлы білім беру әдісін енгізумен шешпекші. Әңгіме мұнай өндіру саласында маман ретінде даярлықтан өтуге бағдарланған жоғары оқу орны студенттерінің өндірістік тәжірибені кәсіпорындарда өтуі жайында болып отыр. Кәсіпорында оларға белгілі бір міндетті орындауға жұмыс орны беріледі. Тәжірбиеден өту кезеңі еңбек кітапшасына жазылып қана қоймай, сондай-ақ ақы төленетін болады. Сонымен қатар, өтемақыны студенттермен бірге кәсіпорынның жоғары кәсіби қызметкерлерінен тұратын тәлімгерлері де алатын болады.
"Кеңес Одағы кезінде тәлімгерлік жасау дәстүрі болды. Бәріміз де студент болдық қой, сол кезде кәсіпорынға жұмыс істеуге келгенде бізді бір тәлімгердің қарамағына бекітетін, ал тәлімгерге сол үшін айлығына қосымша ақша қосылатын. Біз өзіміздің кәсіпорнымызға осы әдісті қайта енгіздік, өйткені КСРО ыдырағаннан кейін бәрінен қол үздік. Соның барлығын қайта қалпына келтіріп, өз құжаттарымызда бекіттік әрі онда өтемақы төлемін қарастырып, жоғары білікті мамандарымызды ынталандырдық. Олар жаңа бағдарлама бойынша қосымша білім алды. Студентке тәлімгер болған маманға қосымша ақша төленеді. Ал, бұл тәлімгерді ынталандырады, себебі ол өзіне жауапкершілік алады",- деді "Эмбамұнай" АҚ бас директорының жаңа жобалар мен технологиялар жөніндегі орынбасары Әнуар Жақсыбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Осылайша, "Эмбамұнайгаз" басшылығы өзінің болашақ кадрларын жоғары оқу орнында оқып жүрген кезден бастап дайындайтын болады. Алайда, өндірістік тәжірбиеден жақсы өтіп, компаниядан жұмыс орнын иелену оңай емес. APEC Petrotechnic жоғары техникалық мектебі мен Атырау мұнай және газ институты студенттерінің арасынан үздіктері таңдап алынады. 2015 жылдың тамыз айында іске қосылған қосарлы оқытудың пилоттық жобасының алғашқы жылында 39 адам білім алды.
Олардың барлығы ай сайын 23 мың шәкіртақы ала жүріп, ұңғыманы зерттеу операторы мамандығы бойынша білім алуда. Олардың ішінен төртеуі қорытынды сынақты ойдағыдай тапсырып, "Эмбамұнайгаз" АҚ жұмысқа алынды. Сонымен бірге, олар басқа үшінші санатты операторлармен бірдей айлық жалақы алады деген Жақсыбеков, әйтсе де айлық жалақының қанша екендігін нақты айтпады.
"Қосарлы оқытудың дәстүрлі оқытудан артықшылығы айтпаса да анық. Мамандарды қосарлы оқыту жүйесімен дайындау - теория мен тәжірбие арасындағы алшақтықты жояды. Болашақта кәсіби салада қолдануға қажетті білім мен дағдыны игеруге ынталандырады. Сондай-ақ, бұл кәсіпорын басшыларының өз жұмыскерлерін тәжірибелік оқытуға мүдделі болуға ықпал етеді. Аталған кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істейтін оқу орындары болса, оқу барысында-ақ түлектеріне кәсіпорындарда қойылатын талаптарды ескереді",- деді Жақсыбеков.
"Эмбамұнайгаз" АҚ қосарлы оқыту пилоттық жобасының жұмыс нәтижесіне риза. Келесі жылы екінші мамандық – сусыздандыру мен тұзсыздандыру қондырғысының операторы мамандығы бойынша оқыту жоспарда бар. Осылайша, оқу орнын бітірген студент екі мамандық иесі болып шығады.
Саяжан Каукенова