Қостанай Ресей империясының құрамында болған заманын 6 күн тойламақ

12149

Шенеуніктер Қостанай қаласының 145 жылдығын кең ауқымда мерекелеуге кірісті. Бұл өңірге шынында қанша жыл?

Қостанай Ресей империясының құрамында болған заманын 6 күн тойламақ Фото: imgimg.co

Келесі жылы Татарстанның астанасы Қазан қаласы 1020 жылдығын атап өтпек. Башқұртстанның елордасы Уфа қаласы биыл 450 жылдығын мерекелеуде. Өзбекстан өз астанасы Ташкентке 2200 жыл толды деп, 2009 жылы оны ЮНЕСКО аясында жаһандық көлемде ұлықтады. Қазақстанның елордасы 2024 жылы небәрі 26 жылдығын тойлады. Ол енді тәуелсіздіктің қарлығашы саналады.

Бұл ретте елімізде 1,5 мың жылдық тарихы бар делінетін Түркістанды айтпағанда, өзге қалаларымыз өз тарихын Ресей империясы құрамында болған тұстан бастайтын кесірлі дәстүр қалыптасты. Мысалы, Өскемен қаласы өз тарихын 1720 жылдан бастап, 2020 жылы 300 жылдығын атап өтті.

Енді міне, Қостанай қаласы 145 жылдығын кең ауқымда, 6 күн бойы тойлауды жоспарлап отыр.

Қостанайлық әкімдік мерейтойлық дата құрметіне ел мен сыртта танымал жұлдыздарды шақырғанын хабарлады. 145 жылдықтың егжей-тегжейлі бағдарламасын қала әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов жария етті. Қала күнін мерекелеу 13 тамызда басталып кетіпті және оның шырқау шегі жұма-жексенбіге – 16-17 тамызға келмек.

Бұл жерде алты күн-алты түн тойдың әрбір күні жеке атауға ие болды: "Қостанайдың болашағы – балалар. Дети – будущее Костаная", "Қостанай – спорт қаласы. Костанай спортивный", "Қонақжайлы Қостанай. Костанай гостеприимный", "Мерекелі Қостанай. Костанай праздничный" және басқасы.

Осы күндері дүрілдетіп, DJ фестиваль ұйымдастырылады. Ресейден, Әзербайжаннан, Қырғызстаннан, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен кәсіби суретшілер "Kostanay-Аrt" құрылтайына жиылады. "Қостанай аруы-Мисс Костанай" конкурсы сұлу-сылқымдардың көрмесіне айналады.

Мерекелік бағдарламада "Жаз дәмі" балмұздақ фестивалі, "MEREKELI QOSTANAY" Қостанайға арналған әндер конкурсы, қаптаған концерттер және басқасы қарастырылған. Сыйлығы қомақты "Kostanay Half Marathon" марафоны өткізіліп, ол үшін қала көшелері жабылады.

Әр қойылымына шамамен 10 миллион теңге сұрайтын Роза Рымбаева, латиноамерикалық мотивтегі әндер орындайтын алматылық FRANKY REY, алматылықтар Jazzdauren, Mona Songz, SHAMIS, 2RAR (Turar), ADAM, сондай-ақ StreetMusic, Jas star.kst топтары, Baurа диджейі, филармония ұжымдары, эстрада-джаз оркестрі, "Карнавал" би ансамблі және басқа да республикалық, жергілікті жұлдыздар шақырылмақ. Байқасаңыз, Алматыдан үлкен өнер десанты түсетін болады.

Түрлі ресми шарада Қостанай облысының әкімі сөз сөйлеп, жымия жадырап, құттықтаумен болады. Біраз адамға "Қостанай облысының құрметті азаматы", "Қостанай қаласының құрметті азаматы" атақтары салтанатты түрде таратылады.

Жалпы, Президенттің қатаң үнем режимін енгізгеніне қарамастан, неге Қостанай осынша кең ауқымда той тойлауда?

"Биылғы жылғы төтенше жағдай жариялауға соқтырған сұрапыл тасқынға байланысты шетелдік қымбат әртістерді шақырудан бас тарту туралы шешім қабылданды. Оның орнына мерейтойлық бағдарламаға белгілі қазақстандық орындаушылар қосылды. Олар тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ таяу және алыс шетелде танымалдылықтың шырқау шегіне шықты", – деді әкімнің орынбасары Мәжит Шүленов.

Осы думанның бәрі 17 тамызда үлкен мерекелік отшашумен көркемделмек. Бағдарлама 18 тамызда марафон жүгірісімен тәмамдалады.

Осы орайда Ресеймен шектес Қостанай қаласының Ресей империясы кезінен бастау алатын 145 жылдық мерейтойын мемлекеттік ресми деңгейде атап өтуі жергілікті тұрғындар арасында пікірталас туғызды. Қостанайлық тұрғын Сәбит Оралбек бұл датаны атап өтуді еш құптамайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл маңда мыңжылдықтар бұрын да қазақтар тұрғаны даусыз.

"Кем дегенде 700 жылдығын атап өту керек. Өйткені осы өңірге атын берген Асан Қайғының бәйбішесі Тана-Әже XIV ғасырда өмір сүрген кісі. Оны мемлекеттік деңгейде мойындамағаннан кейін көрші ресейліктер "Қостанай "кусты", бұталар деген сөзден шыққан" деп ашықтан-ашық насихаттап, қостанайлықтардың санасына сіңіруде. Осыны әкімдік қызметкерлеріне айтсақ, олар: "Қостанай қаласының іргесі 1879 жылы, сол кездегі Ресей империясының генерал-майоры, Торғай облысының әскери губернаторы А.Константинович бастаған комиссияның шешімімен қаланған, бұл ресми құжатталған" деп бет қаратпайды. Қала тарихында да шаһар Қостанай шатқалының атауымен аталған деп жазыла салынған. Содан Қазақстан қорғамаған соң, ресейліктер 1879 жылға дейін бұл өңірдің бәрі бос жатқан деп жалған пропагандасын еркін ілгерілетеді", – деді С.Оралбек.

Шынында, жұртшылыққа түсіндіру жұмыстары аясында Қостанай қаласының 145 жылдық тарихы ресейлік әскери губернатор мен оның комиссиясының 1879 жылғы шешімінен басталғаны дәріптелуде. Мемлекеттік тапсырыс аясында жергілікті және республикалық ақпарат құралдары да сол деректі жаппай таратып жатыр.

Онда хабарланғандай, 1893 жылға дейін бұл кент ресми құжаттарда "Новониколаевское" деп аталған, бірақ жергілікті халық оны Қостанай атаған. Осылайша, тәуелсіз Қазақстанда да Ресей империясының шындықты бұрмалаған құжаттары басшылыққа алынғанға ұқсайды.

"Тобыл-Торғай" ақпараттық, тарихи-танымдық сайтының дерегінше, белгілі жазушы Ақселеу Сейдімбек өзінің "Күмбір-күмбір күмбездер" атты кітабының 1985 жылы "Жалын" баспасынан жарық көрген орыс тіліндегі ("Поющие купола") нұсқасында Асан Қайғы есімін осы өңірмен байланыстыра қарайды. Торғайдың шығыс бөлігінде орналасқан Ұлытаудың басында Асан-Атаның бәйбішесі Тана-Әже жерленген. Оның басындағы ескерткішті халық "Ақмешіт" деп атайды. Автор Қостанай қаласының аталуын да осы Тана әженің құрметіне қойылған Тана және Танай деген есімге ие болған егіз қыздың есімімен байланыстырған.  

Атап өтетін жайт, Асан (Хасан) Қайғы Сәбитұлы XIV ғасырдың ақыры – XV ғасырдың басында өмір сүрген. 1460 жылдары өмірден өткен. Олай болса, байырғы атаудың мирасқоры ретінде Қостанай елді мекенінің тарихын да сол замандардан бастаған маңызды. Онсыз, бұл өлкеде халық тек 145 жыл бұрын орнықты деу – ұлтқа қиянат.

Жергілікті тарихшы Гүлмира Нұрышева Қостанай өңірінде елдің орналасу тарихы терең зерттелмегеніне, сондықтан көп сұрақ туғызатынына назар аудартты. Халықтың, қазақтың ежелгі замандарда осы өңірде қоныстану тарихы мемлекет тарапынан жете зерттелмеген соң, шенеуніктер құжаттарды негізге алады, ал, ескі құжаттарды – Ресей империясы жасаған.

"Қостанай мекенінің құрылуы Қостанай аумағына Ресейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударушылардың ағынына соқтырды. Патшалық империя қазақ жеріне қоныс аударту саясатын іске асырғаннан кейін өңір тұрғындарының саны да, ұлттық құрамы да қатты өзгерді. Негізінен орыс-украин тұрғындардың үлесі артты. Бұл жергілікті тұрғындардың шаруашылық істегі, әлеуметтік-экономикалық қатынастағы көптеген өзгерістерге әкелді", – дейді сарапшы.

Демек, арғы тарихты жауып қойып, тек 145 жылдықты мерекелеу сол қоныс аударту саясатына қол соғу емес пе?

Ойланатын мәселе көп, бірақ қостанайлық шенеуніктерде оған мойын бұрар шама жоқ. Олар "ұлы мерейтойды" 6 күн бойы абыроймен өткізу, биік мәртебелі меймандарды, Рымбаева бастаған алматылық өнер десантын құрдай жорғалап, лайықты күтіп алу қамымен әлек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу