Жалпы саладағы шежірені жүргізітін zatobolsk.cerkov.ru порталының дерегінше, Қостанай өңіріндегі ең алғашқы православ храмы Қазақ хандығын отарлау түпкілікті аяқталған соң, 1799 жылы Пресногорьковская казак станицасында салыныпты. Шіркеудің қос приделы болған және олар қасиетті Николай Мирликийский және Құдай анасының Қазан белгішесі (иконасы) құрметіне аталған.
Ал қазіргі кезде, Мәскеу Патриархатының Орыс православ шіркеуінің Қазақстан Республикасындағы Митрополиттік округіне қарайтын Қостанай және Рудный епархиясының мәліметінше, Қостанай қаласында және өңір төңірегінде 32 храм мен 4 часовня бар.
Олардың қатарына Қостанайдағы равноапп. Константин және Елена атындағы кафедралды собор, қасиетті Николай Чудотворец храмы, Архистратиг Михаил храмы, "Достойно есть" Құдай Анасы иконасының құрметіне храмы, сондай-ақ Иоанн Богослов, Петр және Павл, Иоанн Кронштадтский, Димитрий Солунский, Сергий Радонежский, емші Пантелеимон, Елена патшайым, Косьма және Дамиан, Серафим Саровский, Александр Невский атындағы және басқа да храмдар жатады.
Олардың саны алда көбеюі мүмкін. Мысалы, былтырғы 16 қыркүйекте Қостанайда еңселі православ рухани-мәдени орталығының іргетасы қаланып, құрылысы салтанатты түрде басталды. Соның алдында Абай даңғылы мен Шевченко көшесінің қиылысында 1 мың шаршы метрден асатын алып қазаншұңқыр қазылып та қойылған болатын.
Құрылыс қасиетті су бүрку рәсімінен соң қарқын алды. Салтанатты шараға қатысқан митрополит Александр осының қарсаңында, 15 қыркүйекте Рудный қаласында Құдай анасының Қазан белгішесінің тағы бір храмының құрылысы алаңында іргетасын қалауға қатысқанын мәлімдеді. Бұл сол шағын, моноқаладағы екінші ірі храм болмақ. Ал Қостанайдағы жаңа соборға епископ Тимон аты берілді.
Рәсімге қатысқан облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Бақыт Есімова бұл ғибадатхана іргесінің Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қалануынан символдық нышан байқапты.
"Бұл – билік барлығы бейбітшілік пен келісімде өмір сүруі үшін барлығын жасап жатқанының білгісі", – деген пікір айтты облыс әкімінің өкілі.
Келісім деген дұрыс, бұл ретте ең алдымен жергілікті тұрғындардың келісімі мен қолдауы алынғаны абзал.
Мысалы, Қостанай қаласындағы Самал көшесінде, "Солтүстік-Батыс" шағынауданында жаңа шіркеу салынады деген әңгіме жергілікті тұрғындарды дүрліктірді. Ол жерде бұрыннан, ұзақ уақыт бойы бос алаң жатқан. Аумағы біршама ауқымды.
"Бұл жер учаскесі дәл менің үйімнің қарама-қарсысында, терезе алдында орналасқан. Таяуда осы учаскеде шіркеу салынады деген жаңалық тарады. Бұл хабар мені ғана емес, біздің ауданның барлық тұрғындарын естен тандыра жаздады. Бізде ғибадатхана тапшы емес қой. Осыған байланысты билік аудан жұртшылығының шіркеу тұрғызуға қарсы, теріс пікірде екенін ескерсе дейміз", – дейді жергілікті тұрғын Темір Меңдіғали.
Тұрғындар облыс әкіміне хатында бұл жағдайға ықпал ету үшін не істеулері керектігін сұрады. Қазақстанда бейбіт шерулерге рұқсат етілгені белгілі.
Тұрғындар бұл ауданда, жалпы қалада балалар ойнайтын жер жетіспейтінін әкімнің қаперіне салды.
"Біздің ауданда көп балалы отбасылар жетерлік. Жергілікті билік балалар алаңдарын, футбол алаңын, скверді жасаса, жөн болар еді. Аталған жер телімі осыған әбден жарайды. Осының алдында 57, 53 кварталдар ауданында осындай алаңдар салынды. Біз оған лайықсызбыз ба? Ауданның барлық тұрғындары осы бос телімде балалар алаңдарының тұрғызылуын бар ынтасымен қалайды, оң пікірлерін айтып жатыр. Біз сізден осы мәселеде халыққа құлақ асып, көмектесуді сұраймыз. Өйткені еліміз өркендеп, дамуы үшін жас ұрпаққа көңіл бөлу керек, олар бос уақытын мәнді өткізуі үшін ойын алаңдары, спорт құрылыстары болуға тиіс. Бұл болашақ үшін міндетті өлшемшарт. Болашақ жеңімпаз спортшылардың қадамы дәл осындай алаңдардан басталады", – деп жазды тұрғындар.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бұл мәселеге қатысты жауабын ресми блогында орналастырды. Ол неге екені белгісіз, сөзін алдымен шағым иесіне Қостанай қаласы әкімдігінің жанындағы тұрғын үй комиссиясының шешімімен 2018 жылы сол маңда қызметтік пәтер берілгенін еске салудан бастапты.
Әкім ол жерде шіркеу салынбайтынын бірден кесіп айтты.
"Сөз болып отырған "Солтүстік-Батыс" шағынауданы аумағында ғибадат үйінің құрылысын жүргізу қарастырылмаған. Самал көшесіндегі №38 үй ауданында орналасқан жер телімінің нысаналы мақсатына сәйкес, онда балаларға арналған спорт алаңдарын салу немесе жабдықтау да қарастырылып жатқан жоқ. Облыс орталығында ойын кешендері мен спорт алаңқайларын кезең-кезеңмен жаңғырту қазір көп қабатты тұрғын үй территорияларында жүргізілуде", – деп түсіндірді аймақ басшысы.
Дегенмен облыс әкімі Қостанай қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне "көтерілген мәселені зеттеуді" және "болашақта балаларға арналған алаңдарды, спорт алаңқайларын салуды жоспарлау кезінде көп қабатты ғана емес, шағын қабатты, жеке үйлердің тұрғындарының да мүдде-талаптарын ескеруді" тапсырды.
Жанат Ардақ