Қосып жазатындар көбейді: Үкімет тасқында қырылған малды қайта санап шықпақ

3487

Қазақстанда мал басы қыстағы жұттан және көктемгі топан судан қатты шығын шекті. 

Қосып жазатындар көбейді: Үкімет тасқында қырылған малды қайта санап шықпақ Фото: canva.com

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биылғы мамырдағы жағдай бойынша республикада ірі қара малдың саны 2023 жылғы 9 864 624-тен 9 698 541-ге дейін кеміді. Сөйтіп, бір жыл ішінде сиыр-бұқа саны бірден 166 083 басқа кеміді.

Бұл жерде қорасында мал ұстайтын қарапайым ауылдықтар қолындағы мүйізді жануарлардың көп қырылғаны анықталды. Жұрттың иелігіндегі ірі қара саны былтырғы 5 039 318-ден биыл 4 666 676-ға дейін күрт азайды.

Статистика мамандары 1990 жылы елде 9,7 миллионнан астам ірі қара мал болғанын еске салады.

Ұсақ малға да зауал келді. Қой саны өткен жылғы 24 717 664-тен ағымдағы жылғы 24 001 313-ке дейін азайды.

Мұнда да қатты шығын шеккені – қатардағы ауылдықтар. Олардың қолындағы қойының 1 млн 962,3 мыңнан астамы қыс пен көктемнен шыға алмай, өмірем қапты. Былтырғы 12 214 185-тен 10 251 803 қойға дейін кеміді. Есесіне, фермерлік, шаруа қожалықтарында, ірі агрокешендерде қой саны өскен. Олардың есебінен біршама өтелмегенде, қой шаруашылығының құлдырауы апатпен теңесетін еді.

Ешкілер саны 2023 жылғы 2 898 601-ден биылғы мамырда 2 498 726-ға дейін құлдырады. Ұқсас жағдай тіркелді. Халық қолындағы ешкі саны 2 011 986-дан 1 632 579-ға дейін, яғни 379,4 мыңға құлдырады. Дара кәсіпкерлер мен фермерлік-шаруа қожалықтарында да ешкі саны 863 174-тен 839 271-ге дейін азайды. Тек ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында шамалы өсім байқалады.

Жылқы жарықтық азғантай, 100,6 пайыз өсімге жетіп, басы былтырғы 4 594 731-ден биыл 4 624 263-ке көбейді. Бірақ ауыл тұрғындары жылқысын да жоғалтуда, саны 1 971 252-ден 1 857 245-ке төмендеді.  

Жел қозғалса, қозғалмас түйе жануар қазіргі күрделі күйзеліс шағында 103,4% өсім көрсетіп, бір жылда қатары 291 909-дан 301 837-ге артты.

Қалай болғанда, мал басының азаюына қыстағы Арқадағы жұт, көктемде облыстардың басым көпшілігін басқан тасқын да түрткі болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Залалды өтеу және деректерді салыстыру жөніндегі комиссиялардың жұмысы аясында, биылғы 25 сәуірдегі жағдай бойынша су тасқыны салдарынан кем дегенде 8,2 мың ауыл шаруашылығы жануарларының өлгені расталды. Оның басым бөлігі, 70%-ға жуығы – ұсақ мал.

Кем дегенде он бір өңірді тасқын жайпап өткені мәлім. Су басу аймақтарынан қауіпсіз учаскелерге 120 мыңға дейін мал эвакуацияланды.

Қалай болғанда, тасқыннан шын мәнінде, нақты қанша төрт түліктің қырылып қалғаны белгісіз. Ауылдағы малдың бәрі таңбаланбаған, сырғаланбаған. Қырылған малдың бір бөлігінің өлексесін жыртқыштар, далалық кеміргіштер тартып әкетіп, кеміріп те тастаса керек. Өлексесі табылмаған, табылса, танылмаған жануарлар жоғалған болып есептеледі және санатқа ілікпейді.

Сәуір айында Су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штаб өз хаттамасымен "Өлген ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу алгоритмін" бекіткені мәлім. Алайда ауылдағы ағайын бюрократиялық сергелдеңге салынғанын айтып, шағымдануда. Өйткені олар жергiлiктi жерлердегi залалды өтеу жөнiндегi комиссияға өтiнiшпен жүгінсе, комиссия қажетті құжаттарды жинауды талап етеді.

"Комиссиядағылар малдың меншік иесін анықтау оның құлағындағы сырға-биркасы, жануардың бірдейлендіру нөмері арқылы жүргізіледі деп қасарысып отыр. Ол сырғалар жай күндері де, сиырлар қасынғанда түсіп қалып жататын. Тоң, мұз, тас аралас тасқын малдардың өлекселерін парша-парша етіп, "жаңқа-жаңқа" турап тастаған, мысалы, басын жұлып, ағызып әкеткен. Содан өлексесін тауып, өзіміз білетін таңбаларына, еніне қарап таныдық. Бірақ комиссияға бұл дәйек емес көрінеді", – деп қапаланады солтүстікқазақстандық Ғалымбек Мырзабек.

АШМ-нің түсіндіруінше, қарғын суға қарық болып, жантәсілім еткен малдың меншік иесін анықтау екі жолмен жүргізіледі: біріншіден, құлағындағы сырға-бирка, денесіндегі таңба сияқты жануардың бірдейлендіру нөмірін Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорымен салыстыру жолымен анықталады.

Екіншіден, мал дерекқорда тіркелмеген жағдайда, оның иесі бірнеше куәгерлерді, көршілерін тартып, солар растауы, тиісті құжатқа қол қоюы қажет. Соның негізінде залалды өтеу жөніндегі комиссияның актісі шығарылады. Алайда адамдар толық сенімді болмаған соң, өзгенің мүддесі үшін куәлік етуден, жауапкершілік арқалаудан көбіне бой тартатын көрінеді.

Осылайша, комиссия тарапынан "өлді" деп танылмаған жануарлар Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында санатта бар болып тұра беруі мүмкін.

Мұндай сәйкессіздіктерден арылу, тасқыннан кейін Қазақстанда қанша мал қалғанын нақты білу, соның негізінде дұрыс салық салу, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды түзету үшін жалпыреспубликалық мал санағын жүргізу – күн тәртібіндегі көкейкесті мәселеге айналды.

Ондай науқан келесі жылы жүргізіледі. Мемлекет басшысының өкіміне сәйкес, 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Қазақстанның ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу туралы шешім қабылданды.

Санақтың алгоритмі келесідей:

  • азаматтар, ауыл шаруашылығы өндірушілері, жеке кәсіпкерлер, фермерлер 2025 жылғы 1 тамыздан 31 тамызға дейінгі 30 күн ішінде арнайы веб-порталда сауалнаманы өз бетінше толтырады;
  • сауалнаманы толтырмағандардың тізімін жасау үшін 20 күн ішінде деректі өңдеу жүргізіледі.
  • Санақтың келесі кезеңі 2025 жылғы 20 қыркүйектен 20 қазанда, 30 күн аралығында, санақ қызметкерлерінің үй-үйді, шаруашылықтарды аралап, жеке әңгімелесу әдісімен жүргізіледі.

Санаққа 5 мыңнан астам санақшыны – нұсқаушы-инструкторларды, интервьюерлерді тарту жоспарлануда.

"Президенттің тапсырмаларын орындау аясында 2025 жылы Ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі. Оған дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазақстандағы алғашқы ауыл шаруашылығы санағы тек ғасыр басында, сонау 2006-2007 жылдары жүргізілді. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) жаппай мал санағын әрбір 10 жылда бір рет өткізуге рекомендация береді", – деп хабарлады Ұлттық статбюро (ҰСБ).

Жалпы республикалық санақ қорытындысы мал шаруашылығының ахуалы бұдан мүшкіл екенін көрсетуі ғажап емес. ҰСБ мамандары өңірлерде мал басын жасанды, қағаз жүзінде көбейтіп, қосып жазу белең алғанын анықтады.

Ұлттық статистика бюросының төрағасы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, аграрлық салада ақпараттың сенімділігі мен дәйектілігіне қатысты сұрақтар жетерлік.

"Біз былтыр арнайы жұмыс тобын құрып, жеке қосалқы шаруашылықтардың ақпараттарын тексердік. Тексеру  нәтижесінде ірі  қара  мал санының орта есеппен 20 пайызға ауытқуы байқалды. Сондықтан былтырдан бастап жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Тапсырмаға сәйкес олар есепке алу кітабына өзгерістер енгізуде. Нәтижесінде, мысалы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және  Қостанай  облыстарында  ірі  қара  малдардың  саны  11%-дан  41%-ға  дейін төмендеді", – деді Мақсат Тұрлыбаев.

Тексеріс негізінде әкімдерге "нақты деректер мен шаруашылық есепте ұсынылған әкімшілік деректер арасындағы сәйкессіздіктерден туындаған бұзушылықтарды жою жөнінде" ұйғарым шығарылды.  

Айта кетейік, мұндай профилактикалық іс-шараларды биыл Түркістан, Маңғыстау, Ақмола және Қарағанды облыстарында және Ұлытау облысының тағы 6 ауылдық округінде жүргізу жоспарланған.

Мұның бәрін келесі жылғы ауқымды науқан – Ауыл шаруашылығы санағының "прологы" санауға болады. ҰСБ мәліметінше, орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру мақсатында санақ жүргізу бойынша арнайы комиссия құрылды. Бюро мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп дайындық іс-шараларына кірісті. 

Ведомство мамандары FAO ұсынымдарына сүйене отырып, 2025 жылы ауыл-аймақты аралау барысында елді мекендердің тұрғындарына қойылатын санақ сұрақтарының жобасын әзірледі.

Ол бойынша ауылдықтардан, кәсіпкерлерден, шаруашылықтардан тек қолындағы мал басының саны ғана емес, сондай-ақ мал ұстауға, егін салуға қажетті инфрақұрылымы, жұмысшылары мен еңбек ресурстары, егіс алқаптарының аумағы және техникалық жарақтандырылуы және басқа да алуан түрлі сауалдарға жауап беру сұралады.

"Ауыл шаруашылығы санағы аграрлық саланы дамыту стратегиясын қалыптастыруда, агроөнеркәсіптік кешеннің қажеттіліктерін анықтауда, ағымдағы статистика мен әкімшілік дереккөздердің дұрыстығын бағалауда шешуші рөл атқарады. Санақ ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын, шаруа және фермер қожалықтарын, жеке кәсіпкерлерді, бау-бақша және саяжай кооперативтерін, ауылдық және қалалық жерлерде жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін азаматтарды қамтитын болады", – деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросы.

Ал оған дейін, биылғы 2024 жылғы 12-29 тамызда елімізде "Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы" жүргізіледі деп жоспарланған. Ол "Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы жүргізілетін елді мекендердің тізіміне" енген елді мекендерде өткізіледі. Тізімге 20 өңірде 54 елді мекен кіріп отыр.

Мысалы, пилоттық ауыл шаруашылығы санағы мегаполистерді  де, соның ішінде Астананың Алматы ауданын, Алматы қаласының Медеу ауданын және Шымкенттің Тұран ауданын қамтитын болады.

Оның барысында қазақстандықтардың жер учаскесінің жалпы алаңы, шаршы метрі анықталады. "Сіз өзіңіздің жер учаскеңізде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіресіз бе?" деген сияқты сұрақтар қойылады. Санақшылар ауыл шаруашылығы дақылдары мен көпжылдық екпелер егілген алқаптарының алаңын көрсетуін өтінеді. Қолында қанша малы бары нақтыланады.

Пилоттық санақтың негізгі кезеңі sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында онлайн режимде, сондай-ақ планшеттерді немесе қағаздарды ұстаған санақшылардың аралауы арқылы жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу