ҚПЛ. Оныншы тур сенсациямен аяқталды

1692

Соңғы ойында "Тобылды" 4:1 есебімен жеңген "Шахтер" күтпеген жерден түркістандық "Тұраннан" жеңіліп қалды.

ҚПЛ. Оныншы тур сенсациямен аяқталды

"Тұран" Қазақстан Премьер-лигасының оныншы турында "Шахтерді" қабылдады. Матч "Түркістан Аренада" өтіп, 2:0 есебімен аяқталды. Ойынның 7 және 55-минутында Шохан Абзалов мергендігімен көзге түсіп, командасына үш ұпай алып берді. Келесі турда 14 мамыр күні "Шахтер" өз алаңында "Ордабасымен" ойнаса, "Тұран" сырт алаңда "Ақсумен" кездеседі.

Матчтан кейін "Тұранның" бас бапкері Қуаныш Қабдулов ойынға қатысты өз пікірін білдірді.

"Түркістан облысын, Түркістан қаласын жеңісімен құттықтағым келеді. Бұл өз алаңымыздағы алғашқы жеңісіміз. Ойын біздің басымдығымызбен басталды. Жылдам гол соқтық. Одан кейін де мүмкіндіктер болды. Бірінші таймның соңында аздап қателіктер жібере бастадық. Үзіліс кезінде ойыншыларымызға сол қателіктерді түсіндірдік. Ал екінші таймда футболшыларымыз тапсырманы орындап, екінші голды соқты. Шохан Абзаловты құттықтаймыз! Оған осы ойында сенім артқан едік. Шохан барын салып, қажетті екі голды соқты. Екінші таймда жігіттерде көптеген мүмкіндіктер, гол соғуға жақсы сәттер болды. Біз осы қарқынмен одан әрі жұмыс істей береміз. Ең бастысы әр ойын сайын жоғары көтеріліп отыруымыз керек", – деді Қабдулов.

"Шахтердің" бас бапкерінің міндетін атқарушы Константин Емельянов команданың "Тұраннан" жеңілісінің (0:2) себебін айтты.

"Қарсыласқа дайындалдық, бірақ ойынды әлдебір қорқынышпен бастаған сияқтымыз... Матчтың басында көп қателестік. Бұл қателіктер матчтың одан әрі жалғасуына себеп болды. Бір рет қателескенде, екінші, үшінші, төртінші қателіктер кете береді. Осыған байланысты ойыншылардың өзіне деген сенімділіктері жоғала бастайды. Бұл матчтың басында бізге зиян тигізді деп ойлаймын. Үзілісте сөйлестік. Екінші таймға шығып, қарсыласқа біраз қысым жасадық. Алайда нәтиже шығара алмадық. Тағы да қателесіп, екінші гол соғылды. Менің ойымша, екінші гол матчтың нәтижесін алдын ала анықтады. Жігіттермен сөйлесеміз. Бүгінгі матч пен "Тобылмен" ойнағанымыз жер мен көктей. Енді келесі матчқа дайындаламыз", – деді Емельянов.

Сонымен қатар "Каспий" Қазақстан Премьер-лигасының оныншы турында "Ақтөбемен" кездесті. Матч Ақтаудағы "Жас Қанат" стадионында өтіп, 2:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Ойынның 63-минутында Максим Самородов есеп ашып еді, бірақ төреші бұл голды есепке алмады. Сегіз минуттан кейін "Ақтөбенің" жартылай қорғаушысы Йоахим Адукор алаңнан қуылды. Ал 80-минутта Артем Барановский, 89-минутта Еркебұлан Нұрғалиев қарсылас қақпасынан саңылау тауып, командасына жеңіс сыйлады.

"Ақжайық" Қазақстан Премьер-лигасының оныншы турында "Мақтааралды" қабылдады. Оралдағы Петр Атоян стадионында өткен матч 0:0 есебімен аяқталды. Ойынның 55-минутында "Мақтаарал" ойыншысы Расамбек Ахматов екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Бір-бірінің осал тұсын таба алмаған қарсылас, бұрынғыдай турнирлік кестенің соңғы орындарында тұр. 11 ұпайы бар "Ақжайық" 11-орында, ал 6 ұпайы бар "Мақтаарал" көш соңында қалды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу