KPMG: Қазақстан билігіне жұмыссыз жастардың көңілін аулау қажет

7082

Отандық компаниялардың 53%-ы дағдарыс кезінде еңбекақы шығынын қысқартқан. 

KPMG: Қазақстан билігіне жұмыссыз жастардың көңілін аулау қажет

COVID-19 Қазақстан экономикасының маңызды салаларына қалай әсер етті? Жаһандық ауқымда аудиторлық, салықтық және кеңес беру қызметін көрсететін KPMG компаниялар желісі осы тақырыпта зерттеу жүргізген екен. Astana Finance Days қаржы конференциясында осы зерттеудің нәтижелері таныстырылды.

KPMG мамандары мұндай талдауды ел экономикасының 14 саласындағы 50 басшыға сауалнама жүргізу арқылы жасапты. Осы ұйымның Инвестициялар және капитал нарықтары департаментінің басшысы Василий Савин бұл дағдарыс Қазақстан үшін тәуелсіздік алғаннан бергі ең үлкен дағдарыс болады деген пікірді тағы да растады. Оның болжауынша, елдегі ЖІӨ-нің төмендеуі 2,5-3 %-ға жетіп,  2021 жылы экономикалық өсім 3,5 % көлемінде ғана болмақ. 

Ал Инвестициялар және капитал нарықтары бөлімінің Қазақстан мен Орталық Азиядағы директоры Ирис Марийч пандемиядан мейрамханалар, азық-түліктен басқа тауар сататын дүкендер, әуе компаниялары көп зардап шеккендіктен, қолдау да осы салаларға көп болуы керек деген пікір айтты. 

"Шектеулер жалғаса берсе, бұл салалар да дефолт болуы мүмкін. Мемлекет тарабынан көмек болмаса, аталған кәсіпорындардың көп бөлігі банкротқа ұшырап, жұмыс орындары жабылады. Біз сұрау салған компаниялардың 70 %-ы әкімшілік шығындарын қысқартқан, сатып алу құрылымы мен тәсілін өзгерткен. Мысалы, кейбір сауда желілері бұрын қарақұмықты Ресейден алғызса, пандемия кезінде қысқа уақытта жергілікті өнімді жеткізіп тұруға көшкен. Дегенмен компаниялардың 53 %-ы бұл дағдарысқа еңбекақы шығынын қысқарту арқылы кірген. Сауда, ойын-сауық орындары арендалық каникулдар сұраса, әуежайлар ғимараттарын консервацияға жапқан. Банктердің қарыз беруді азайтқан", – дейді ол.

Сарапшының сөзіне сенсек, еңбекақы шығынын бәрінен де әуе компаниялары, сауда орындары мен банктер көп қысқартқан. Соның салдарынан еңбекақы мөлшері әуе компанияларында 46 %, сауда орындарында 25 %, банктерде 12 %-ға түскен. 

Василий Савин пандемия кезіндегі шектеулердің қазақстандық жұмыс берушілерге жалғыз ғана жағымды әсері болғанын айтады. 

"Сауалнамаға қатысқан жұмыс берушілер бизнесті қашықтан басқару бірталай шындықтың бетін ашты деп отыр. Жұмысшылардың кейбірі өте тиімді жұмыс істесе, кейбірі бос жүргенін көрген. Ал кейбір адамдар тырысса да тапсырманы уақтылы әрі сапалы орындамаған. Бұл жағлыз жағымды әсер шығар. Алайда бүгін жарияланған локдаун ұзаққа созылса, компаниялардағы қысқарту радикалды сипатпен жүруі мүмкін. Бұл кезде таяқ ең бірінші жастарға тиеді. Өйткені олардың тәжірибесі жоқ немесе аз. Бүгінде жұмыс берушілердің таңдау мүмкіндігі мол. Олар тәжірибесі бар маманға сенім артады. Осының салдарынан жұмыссыз жастар арасында протестік көңіл-күй орнауы мүмкін. Мемлекет осыған мән беруі керек деп ойлаймын", – дейді сарапшы.

KPMG мамандары Қазақстанның пандемия кезінде экономиканы қолдауға бағытталған шараларын өзге елдермен салыстырыпты. 

"Көптеген ел дағдарысқа баса мән беріп, экономиканы қолдауға ЖІӨ-нің үлкен бөлігін бағыттап отыр. Бұл көрсеткіш Германия – 37, Италия – 20, Франция – 16, Ұлыбритания – 16, Оңтүстік Корея – 14, АҚШ – 13, Қазақстан – 9, Қытай 4 , Ресей – 2 пайыз. ЖІӨ-нің пайыздық үлесі бойынша Қазақстан Қытайдан жоғары тұр. Бірақ нақты ақшаға шақсақ, Қазақстандікі 13 млрд доллар, Қытайдікі 610 млрд доллар. Қазақстан да көптеген кешенді шаралар қолға алып жатыр. Бірақ оның көбі шағын және орта бизнесті қолдауға арналған. Ал оның ЖІӨ-дегі үлесі 30 пайыз ғана. Ірі бизнеске қолдау әлі жоқ", – деген KPMG өкілі ірі компанияларға қолдау көрсетердің алдында мемлекет бірнеше шарт қою керек деген ұсыныс айтты. 

"Қазақстанға экономиканы әртараптандыратын кез жетті. Бұрын жай ғана айтылып жүрсе, енді нақты қолға алу керек. Бюджет тапшылығы металл мен мұнайдың арзандауынан болғанын айттық. Мұнай бағасына тәуелсіз болуға ұмтылу керек. Мұнаймен, металмен қатысты емес экономикаларға басымдық беру үшін кәсіпорындарды қолдаған кезде энергетикалық  жағынан тиімді жобаларға, ST-менеджментке, технология бет бұрғандарды іріктеп алу керек. Осы шартпен қолдау көрсетсе, кәсіпорындар да ойланар еді", –деді Василий Савин

Есжан Ботақара


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу