Кредит төлеу қиындай түседі

11994

Дағдарысқа қарамастан, жеке тұлғаларға берілген несие көлемі 1,8 % өскен.

Кредит төлеу қиындай түседі

Жыл басынан бері елдегі мерзімі өткен несиелердің көлемі 8,2 % өскен. Әсіресе алғашқы жартыжылдықта қарапайым азаматтардың несие төлеудегі тәртібі нашарлаған.  Бұл кезеңде кешіккен несиелердің үлесі 13 %-ға дейін жетіпті. "Сентрас Секьюритиз" АҚ басқарма төрағасы Мұрат Акинов жыл соңына дейін "жұмыс істемейтін" қарыздар үлесі 15 %-ға жетеді деп отыр. Алайда банктер бұл мәселеге аса бір бас қатырмайтын көрінеді. Көктем мен жаздағы қатаң карантинге қарамастан, алғашқы алты айда несие беру көлемі 1,7 % артқан. Оның ішінде жеке тұлғалардың несиеге жүгіну көрсеткіші былтырғыдан 1,8 % көп. Мұны кейбіреулер халықтың төлем қабілетінің төмендеуімен түсіндірсе, тағы бір сарапшылар халықтың әлі де қит етсе, банкке жүгіретін әдетінен арыла алмауы деп бағалайды.

Мұрат Акинов әсіресе доллармен, рубльмен несие алғандардың жағдайы нашарлай түседі деп отыр.

"Қаржы секторының рентабельділігі түседі деп болжаймыз. Борыш портфелінің сапасы нашарлай бермек. Қазірдің өзінде 8,5 % төмендеу бар.  Елде дағдарыс болғанына қарамастан, несиелер саны артыпты.  Әсіресе жеке тұлғаларға берілген несие 1,8 % көбейген. Абсолютті шамаға шақса, бұл үлкен өсім. Шетелдік валютада алынған несиелердің қайтарылуы қиындайды. Өйткені теңгенің құнсыздануы ахуалға кері әсерін тигізген. Әсіресе шетелдік валютада несие алған жеке тұлғалар арасында қарыз қайтармау өсетін болады", – деді  ол.

Мұрат Акинов KASE-дегі акциялардың құрылымын талдай отырып, елдегі ІТ-технологияның жағдайына тоқталды.

"Акциялардың салалық құрылымын қарасаңыздар, жалпы экономикамыздың проблемалары айна қатесіз шыға келеді. Акциялар тізімінде энергетика 49,2 %-ды алып тұр. Қаржы – 19 %. Яғни екеуін қоссақ,  биржадағы акциялардың 70 %-ы энергетика мен қаржыға тиесілі. Қаржы деп отырғанымыз, негізінен, банктер. Ал энергетика деп отырғанымыз, мұнай-газ, электр, көмір, уран  өндірісінің алпауыттары.  Тіпті KASE-нің өзінде әртараптылық өте төмен. Экономикамыздың қаншалықты әртарапты екенін осыдан-ақ көруге болады. Қазір әлемде сұранысы артқан телекоммункациялық қызметтердің акциясы 4,7 % ғана. Материалдар акциясы – 18,7 %, өнеркәсіп – 7,5 %. Ал ақпараттық технологиялардың үлесі – 0 %. Биржада бір де бір ІТ компания жоқ.  Мемлекет бұл салаға жыл сайын қомақты инвестиция салып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар іске асып жатқанына қарамастан, биржада бір де бір ІТ-компания пайда болмаған. Денсаулық сақтау саласының үлесі де 0 %. Яғни, бұл салаларға бөлінген ақшалар ІРО тартып жатқан жоқ", - дейді сарапшы.

Сөз соңында ол KASE-дегі ахуал енді қалай құбылатыны туралы болжам айтты.

"Қазақстандықтар KASE-де жыл басынан бері жұмыс істеген болса, қандай акциялар пайда әкелер еді? Бірінші кезекте "ҚазАтомӨнеркәсіп" акцияларынан ақша табуға болатын. 9 айда табыстылық 18,5 % болған. Kcell -де 11,2 % өскен. "Қазақмыс" акциясы 11,1 %,  "КЕГОК"-тікі 5 % өскен. Дегенмен, энергияның инвестиция өсімі 2-3 % ғана болады.  Негізгі қысым мұнай бағасының түсуінен болып тұр. Жыл басынан бері мұнай бағасы 37,7 % түсіпті. Тікелей инвестициялар ағыны 35,4 % азайған.  Еуроодақ елдеріне экпорт жолдау 22,2 % кеміген. Индустрия секторында 5,6 % көлемінде баяулау күтеміз. Бірінші жартыжылдықта жолаушылар тасымалы 43 %, жүк айналымы 3 % кеміген. Іскерлік белсенділік те төмендейді. Бағаның өсуін Бәскелестік қорғау және реттеукомитетінің бағаны тежеуге бағытталған әрекеттері өнеркәсіпке қысым көрсетуі мүмкін", - деді Мұрат Акинов.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу