Тоқаевтың Петербор форумындағы мәлімдемесі Батыста да фурор туғызды

6902

Энергетика министрлігі Мәскеудің "КТК" құбыры қызметін тоқтатып, қазақстандық мұнай экспортын күрт қысқартуы Тоқаевтың мәлімдемесіне қатысты емес екенін мәлімдеді. 

Тоқаевтың Петербор форумындағы мәлімдемесі Батыста да фурор туғызды

Қазақстан лидерінің Петербор форумындағы "ДХР/ЛХР квазимемлекеттік аумақтарын егемен республикалар ретінде мойындамайтыны" туралы мәлімдемесі Батыста да фурор туғызды. Ал ізінше Ресейдің "Каспий құбыр консорциумы" жүйесімен қазақ мұнайын шетелге шығаруды доғаруы бұл тақырып бойынша қызу пікірталасты одан сайын лаулатты.

Мысалы, Германияның жетекші Deutsche Welle арнасы "Қазақстанды достыққа иліктіру операциясы" басталды деген пікір білдіреді.

Басылым сарапшысының байламынша, "Президент Тоқаевтың мәлімдеген табанды позициясы қазақстандық экономикаға қымбатқа түсуі мүмкін", алайда санкция астындағы Кремльмен ынтымақтастық одан да ауыр болмақ.      

Қазақстан Президенті өзін анау-мынау қорқыта алмайтынын "қаңтар оқиғалары" кезінде анық байқатты.

"Кремль әрі қарай адекваттылықтан айырыла бастағанға ұқсайды, ол Санкт-Петербург экономикалық форумына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты шақыра отырып, ол Владимир Путиннің сойылын соғады және Ресейдің Украинаға шапқыншылығын сынамайды деп күткені әбестік, асылық болды. Мәскеудің үміті ақталмады. Енді міне, Мәскеу Қазақстанды жазалауға ұйғарыпты. Қазақ мұнайын Новороссийск порты арқылы жөнелтуді тоқтатып тастады", – деп түсіндіреді өз аудиториясына Deutsche Welle.

Неміс ақпарат құралы ары қарай Қазақстан Президентінің форумда айтқан басқа да өткір сөздерін және оған Ресей Мемдумасы депутаттарының және Рамзан Қадыровтың реакциясын талдады.

Еуропалық БАҚ бұдан бұрын, сәуір айынан бастап Қазақстанның өз аумағы арқылы ресейлік көмірдің транзитіне тыйым салып тастағанын еске салады. Себебі ресейлік көмір экспорты Еуропалық одақтың санкциясына ілікті. Бірақ ол санкция тек тамыз айында ғана күшіне енеді екен.   

DW сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық қоғамдастықтың көз алдында мәртебесі өскеніне, тұлғалана түскеніне назар аудартады. Тіпті кейбір еуропалық елдердің лидерлері де әлі күнге бетіне тура қарай алмайтын Ресей басшысына ойындағысын бетке айта алатын батыл лидер ретінде танылды.

"Ең бастысы, Тоқаев Владимир Путинмен жұртшылықтың көзінше де салғыласып, оның қателігін бетке баса алатынын барша жұрт байқады. Бұл Ресей үшін тосын жайт, себебі "Батыс әлеміне жалғыз өзі қарсы тұрған алып" бейнесіндегі Кремль қожайынына қарсы шығуға оның айналасындағылардың ешқайсысының жүрегі дауаламайды. Ал Тоқаевтан шығысқа тән сыпайылықты күткен. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Ресейден қашқан, биік еңбек біліктілігіне ие, дайын бизнестері бар эмигранттарды әрі қарай қабылдай беретінін күлбілтелемей, тура айтты. Қазақстан Ресейге қарсы санкцияларды сақтап қана қоймай, сондай-ақ оның арқасында жап-жақсы табыс табуға ниетті. Екі елдің арасында бірте-бірте сауда-экономикалық соғыс өрістей бастағаны анық байқалады. Новороссийск портына ІІ Дүниежүзілік соғыс кезіндегі кемеге қарсы ескі миналар қалқып келіпті-мыс, салдарынан маусым соңына дейін, бәлкім одан да көп уақытқа порт жабылды. Мұның астарынан Қазақстанды сыртқы саясатын өзгертуге мәжбүрлеу талабы аңғарылады", – деген байламға келді Орталық және Шығыс Еуропа бойынша ресейлік сарапшы, саясат ғылымдарының кандидаты Иван Преображенский.

Ол мұны кезінде ресейлік әскери ұшақты атып түсіргені үшін Түркия қызанақтарының экспортына Мәскеудің тыйым салуымен салыстырады. Әйткенмен, В.Путиннен кешірім сұрауға мәжбүр болған Реджеп Тайып Ердоғаннан ерекшелігі сол, қазір Кремль Тоқаевқа тәуелді екен.

"Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімі мен әкесінің атын әжуалағандай түрліше бұрмалағаны әбес болды. Нарығы шағын Қазақстан экономикасы толығымен дерлік экспортқа бағытталған. Сондықтан Қазақстанның көпвекторлы саясатты ұстанғаннан басқа амалы жоқ. Ресейге қарсы халықаралық санкцияларды сақтамау Қазақстанға Новороссийск арқылы мұнай жеткізу арнасынан толық айрылғанға қарағанда, әлдеқайда қымбатқа түседі. Қазір Путин – Тоқаевқа, Ресей – Қазақстанға тәуелді. Мұны Тоқаев мырза жақсы түсінеді", – деді Иван Преображенский.

АҚШ-та жүрген саясаттанушы-ғалым Зейін Сабырқұлов Қазақстан Президентінің мәлімдемесі америкалық зертеушілерді де тәнті еткенін айтады.

"Кеше беделді Йель университетінің ғалымдарымен кездескенде, олар "Мәскеу енді Қазақстанда екінші қаңтар оқиғасын ұйымдастырмай ма" деген сауал қойды. Өйткені мұнай экспорты үштен екіге құлдыраса, мұнай секторы дағдарады. Ал мұнайшылар протесттің бір қозғаушы күші екені мәлім. Сондықтан батыс ғалымдары Кремль осы арқылы мұнайшылардың наразылығын өршіткелі тұрған шығар деп болжам жасапты. Бірақ менің ойымша, қаңтар оқиғаларының қайталану мүмкіндігі аз. Референдумнан кейін қазақстандықтардың Президент айналасында топтаса түскені байқалады. Билік те қаңтар оқиғаларын ескерді. Ондай оқиғаларға жедел ден қоятын құрылымдар құрылды. Ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмысы қайта құрылымдалды. Әрине, Мемлекет басшысының мәлімдемесінен кейін ұлардай шулаған ресейлік пропаганда дәл қаңтар оқиғаларын еске салуда. Бірақ бұл шарасыздықтан болса керек. Ал жеріміздің тұтастығына келсек, Қазақстан шекарасын нығайтқаны жөн", – деді саясаттанушы.

Сарапшылар Ресейге таяуда "КТК" құбырын қайта ашуға тура келеді деген тұжырым жасайды. Әйтпесе, адекватты соңғы одақтасынан айырылып, тәліптермен жалғыз қалмақ.

Қазақстанның Энергетика министрі Болат Ақшолақов қазақ мұнайының "КТК" арқылы айдалуының қысқаруына ел Президентінің ДХР/ЛХР-ді мойындамайтыны туралы мәлімдемесінің еш қатысы жоқ деп отыр. 

Еліміздің бас энергетигінің айтуынша, Ресей тарапы Каспий құбыр консорциумына қатысты мәселелер бар екені туралы 13 маусымда, яғни Тоқаев Петербор форумына барғанға дейін ескерткен көрінеді.

"Шын мәнінде КТК-да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Мен өткен аптада Парламентте сөз сөйлегенімде, ол жақта теңіз түбінде жұмыстар жүргізілетінін, соның алдында Ресей жағы түбін тазалауды жоспарлағанын айтқанмын. Сонда Екінші жаһандық соғыс заманынан қалған жарылғыш заттар табылған сияқты. Өкінішке қарай, ондай миналар көп", – деді министр Болат Ақшолақов.

Оның айтуынша, бұл жағдай қазақ мұнайының экспортына нұқсан келтірмейді, себебі Қашағанда 1 маусымда жөндеу басталды және ол 15 шілдеге дейін ұзайды.

Энергетика министрінің тұспалдауынша, "КТК" 25 маусымнан кейін толық қуатында қайта іске қосылуы мүмкін. Әзірге Новороссийскідегі үшінші жылжымалы айлақтық құрылғы жұмыс істеп тұр. Тек алғашқы екеуі ғана қазақстандық қара алтынды қабылдауды тоқтатты.  

Қазіргі кезде Қазақстан Үкіметі Ресейге тәуелділіктен кетіп, мұнай экспортын баламалы маршруттермен Қытай, Түркия мен Еуропаға қарай қайта бағдарлап, әртараптандыру жолдарын қарастыруда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу