Кремльге екеуі де тиімді, дегенмен...

6673

Беларусьтегі ахуал – Мәскеудің жіті назарында.  

Кремльге екеуі де тиімді, дегенмен...

Сейсенбі күні Беларусьте саяси оппозиция кеңес құрды. Алайда, президент Александр Лукашенко қарсыластарының бұл ісін билікті тартып алуға бағытталған қадам деп қабылдады.

Оның негізгі қарсыластарының көбі қазір не түрмеде отыр, не шетелге қашқан. Солардың қатарында көршілес Литваға бас сауғалаған Светлана Тихановская бар. Оппозиция жақтастарына сенсек, жексенбі күні Лукашенко емес, Тихановская жеңіске жетті.

Тамыздың 9-нан бері Минск пен елдің өзге қалаларында өтіп жатқан шерулерге жүздеген мың адам қатысты. Олар бейбіт демонстрациялардың жойқын күшпен таратылуын даттап, президенттен отставкаға кетуді талап етіп жатыр.

Тихановскаяның өкілі Ольга Ковалькова жаңа оппозициялық кеңестің құрылғанын мәлімдей отырып, Тихановскаяның Минскке таяуда оралып, билікті келіссөзбен тапсыру органының гаранты болатынын атап өтті.   

"Біз заң аясында әрекет етіп жатырмыз. Қазір сындарлы жағдайдамыз. Басшылықта диалогқа келіскеннен басқа амал қалған жоқ. Болмаса, ахуал одан әрі ушыға түспек", - деді Ковалькова Беларусь астанасында өткен баспасөз маслихатында.

Мұның алдында Лукашенко теледидар арқылы мәлімдеме жасап, "билікті басып алуды жоспарлаған оппозициялық кеңеске" қарсы "тиісті  шара" қолданатынын ескетті.

Ресми қорытынды бойынша, сайлауда 80 пайызбен жеңіске жеткені жарияланғаннан кейін Лукашенко экономикалық ауырпалықтар мен коронавирус эпидемиясынан зардап шегіп отырған халықтың ашу-ызасын ескермеді деген болжам бар. Айта кетсек, шерулер кезінде кемінде екі демонстрант қаза тауып, мыңдағаны темір тордың ар жағына тоғытылды.

Жұмысшылар, полицейлер, әртістер

Республикаға 26 жыл жетекшілік еткен бұрынғы колхоз басшысының биліктен айрылып бара жатқаны кейінгі күндері айқын көріне бастады. Оған бір дәлел – Лукашенконың советтік модельдегі экономикасының тіреуіне айналған мемлекеттік зауыт-фабрика жұмысшыларының анти-үкіметтік шерулерге қосылып жатыр.

Кейбір полиция офицерлері униформаларын қоқыс жәшіге тастағаны туралы видео жарияланғаннан кейін елдің ішкі істер министрлігі бірқатар тәртіп сақшыларының қарсы жаққа өткенін сейсенбі күні ресми түрде мойындады.

"Біз полиция қызметкерлерінің азғандай тобының жеке көзқарасы бойынша қызметтен кетуін айыптай алмаймыз. Бірақ, полиция тұтастай погонын шешетін болса, қоғам қорғансыз қалатынын ескерткіміз келеді", - деп жазылған министрлік таратқан мәлімдемеді.

Бұдан сәл бұрын Лукашенко шерушілерді күшппен таратуға көмектескен құқық қорғау органдарының 300-дей офицерін "кіршіксіз қызметі үшін" марапаттап, тіпті үлкен сынға ұшырады.

Лукашенко үкіметі аясында бір кездері елдің Польшадағы, Франциядағы, Испаниядағы елшісі болған Павел Латушко шерушілердің жаппай тұтқындалуына қарсылық білдіргені үшін қызметінен аластатылды. Ал, бейсенбі күні оның қарамағындағы Янка Купала ұлттық театрының әртістер труппасы Латушконың орнынан босатылуына наразылық ретінде өз еріктерімен жұмыстан кету туралы өтініш жазды.

Сонымен қатар, Беларусьтің Словакия мен Испаниядағы қазіргі елшілері мен мемлекеттік телеарналардың кейбір қызметкерлері де президенттің қарсыластарын қолдап отыр.

Блогер күйеуі мамырда қамалып, сайлау қарсаңында күтпеген жерден басты оппозициялық кандидатқа айналған бұрынғы ағылшын тілі мұғалімі - 37 жастағы Тихановская бірер күн бұрын интернет арқылы мәлімдеме таратып, жақтастарын көтеріліске шақырып, бірақ шеруді бейбіт өткізуге үндеді.

Бірақ, Лукашенкоға сенсек, көтеріліс отын шетелден маздатып отырғандар бар. Ал, мемлекеттік "Белта" ақпарат агенттігі жақында "20 долларға анасын сатып жіберетін шерушілер" туралы бейнекадрларды жариялады. Лукашенконың сөзінше, "ішкі проблемалар сырттан төнген қауіптің бір бөлігі", сондықтан елдің батыс шекарасындағы әскер толық дайындыққа көшірілді.

Мүддеге сай немесе қауіпті идея

Мәскеу 2014 жылы Украинада саяси дағдарыс ушығып, өзіне одақтас президент Виктор Януковичті шерушілер биліктен құлатқанда көршісінің ісіне әскердің күшімен араласқаны белгілі. Сондықтан, бүгінде Ресей Беларусьте нендей әрекетке барады деген сауал көпшілік үшін өзекті болып тұр.

Мәдени, саяси, экономикалық тұрғыдан Беларусь - Ресеймен тығыз байланыстағы экс-советтік республика. Бір кездері Мәскеу мен Минск тіпті "одақтас мемлекет" құру туралы келісімге қол қойып, оның кеңестік үлгідегі қызыл туын желбіретті. Алайда, президент Владимир Путин мен Лукашенконың персоналдық қатынастары мінсіз деуге келмейді.

Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эммануэль Макрон және Еуропа одағының сыртқы саясат комиссары Шарль Мишель  сейсенбі күні Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Содан кейін Кремль хабарлағандай, Путин үш лидерге де Беларусьтің ішкі істеріне араласпауды ескерткен.

Алайда, ЕО қазір Беларусь лауазымдыларына жаңа санкция жариялауға әзірленіп жатыр. Еуропалық дипломаттардың пікірінше, Минсктегі жағдай алты жыл бұрынғы Украинадағы ахуалдан өзгерек. Себебі, Беларусь оппозициясы Лукашеконы биліктен кетіруді көздегенімен, Ресеймен байланысты жоғалтуға ниетті емес.

Лукашенкон Кремльге жақпай жүрсе де, Ресей Беларусьтің Украинаның жолымен жүріп, НАТО-ның одақтасы болғанын құптамайтыны анық.

"Шынымды айтсам, Путинде көршісінің істеріне араласуға ниет жоқ тәрізді. Егер Лукашенко аман қалса, мұндай әлсіреген басшы Кремльдің мүддесіне қолайлы болар еді. Ал, егер Лукашенко күйрейтін болса, Беларусь оппозициясы батысшыл емес. Демек, Ресей бұған да көне алады. Бірақ, қызық мәселе сол – Путин Лукашенконы қызметтен босату жолында расында да қандайда бір рөл ойнауы мүмкін бе?" - дейді Лондон университеттік колледжінің славяндық және шығысеуропалық зерттеулер мектебінің құрметті профессоры Марк Галлеотти Американың Newsweek журналына берген сұқбатында.

Дегенмен, Лондондағы IHS Markit консалтингтік және ақпарат фирмасының сарапшысы Алекс Кокчаровтың ойынша, бір жағынан Кремль авторитарлық лидерді бейбіт демонстрациялардың екпінімен биліктен кетіруге болады деген идеяны Ресей халқыны ұсынуды қаламас еді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу