Кремльге шабуыл Украинадағы соғыстың бітіммен бітуіне әсер ете ме?

2926

Батыс сарапшыларының пікірінше, бұған бірінші кезекте Кремльдің жанжалқұмарлығы және келіссөздер жүргізудегі қыр көрсету стилі нұқсан келтіруі ықтимал.

Кремльге шабуыл Украинадағы соғыстың бітіммен бітуіне әсер ете ме? Фото: yandex.kz

Әлемдегі көптеген лидер, соның ішінде Рим папасы Франциск, Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған, Франция лидері Эмманюйль Макрон, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, америкалық бірқатар саясаткерлер мен басқалары дүркін-дүркін Мәскеу мен Киевті келіссөз үстеліне отырғызудың қамын жасап келеді.

Бірақ бұдан ештеңе шықпады. Неге? Халықаралық сарапшылар осы сұраққа жауап іздеп жатыр.

Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк соғыстың бастапқы кезеңінде украиналық келіссөзшілер командасының мүшесі болды. Бұл топ сол бойы іске асырылмаған Ыстамбұл бейбітшілік уағдаластығын дайындады.

Фото: yandex.kz

"Ресейге келіссөздер керек емес. Ресейге оперативті үзіліс керек. Осы уақытта олар күш жинап, әскери стратегиясын түзетіп алады да, жаңа қуатпен шабуылды қайта бастайды. Украина бірнеше рет осылай алданды. Ресей Украинаға 2014 жылы басып кірді. Қырымды тартып алды, Украинаның шығысында сепаратистік квазиреспубликаларды құрды. Сонда екі бірдей Минск келісімдері бекітілді. Содан бері Мәскеу Украинаны тұтас жаулап алу үшін даярланды. Ресей үш күн не бір апта ішінде Украинаны тізе бүктірем деп ойлады. Бірақ ол Украинаның болмысын, халқымыздың өз азаттығы үшін жанын қиюға дайын екенін түсінбеді", – деді М.Подоляк Би-Би-Сиге сұхбатында.

Қазіргі кезде Украинаның үлкен контршабуылы күтілуде. Былтырғы күзде мобилизация өткізіп, 318 000 азаматын майданға аттандырғанымен, РФ содан бері тіпті Донецк пен Луганск облыстарын да толық басып ала алмады. Енді Украинадан жеңілуі мүмкін екенін түсініп, Кремль бітімге келуге дайын екенін Сыртқы істер министрлігі, елшілері, түрлі кремльшіл шетелдік саясаткерлер арқылы жариялап жүр.

The Wall Street Journal (WSJ) сарапшылары Дэниел Майклз (Daniel Michaels) бен Луиза Раднофски (Louise Radnofsky) Мәскеудің келіссөздер үстелін бітімге келуге емес, уақыт созуға және Киев пен Батысқа доқ көрсетуге ғана пайдаланатынына назар аудартады.

Жалпы, соғыстан қажыған тараптар келіссөзге мойынсұнғанда не істейді? Татуласуға қадам жасауы, атысты тоқтатуы, "бәрін бәріне" форматында алмасып, барлық тұтқынды босатуы, ақыр соңында әлдебір кепілдіктерге қол жеткізіп, әскерлерді алып кетуі мүмкін. РФ 2014 жылдан бері мұның бірде-бірін жасамапты.

Оның орнына, сарапшылардың айтуынша, қарсыласын айтқанына көніп, айдағанына жүретін құлы ету үшін "шиеленіс градусын" арттырып, үнемі эскалация жасап отырды. Алдымен Украинадан Қырымды бөліп алып, өзіне қосты, Луганск пен Донецк облыстарында қырғын ұйымдастырып, жасанды түрде "ЛХР/ДХР" құрды.

Мәскеудің талабын орындаған Батыс Украинаны НАТО-ға қабылдаудан бас тартты. Яғни, Альянс кеңеюін тоқтатты. Мұны әлсіздік санаған және оған қанағаттанбаған Кремль енді НАТО-ға 1991 жылдан бері мүше болған елдердің бәрін әскери ұйымнан шығаруды талап етіп, ультиматум қойды. Тиісінше, Мәскеу өзінің ықпал ету аймағын соларға таратуға ниеттенді. Солтүстікатлантикалық Альянсқа 90-шы жылдардан бері Венгрия, Польша, Чехия, Болгария, Румыния, Балтық елдері, бұрынғы Югославия одағының елдері қосылған еді.  

Саясаттанушылар осыдан-ақ В.Путиннің бұрынғы социалистік лагерді қалпына келтіру жоспарын байқады.

Жағдайды ары қарай ушықтырған РФ 2021 жылы Украина шекарасының өне бойына әскери техника қаптатып, тоқтаусыз әскери жаттығулар өткізді. Ақыры былтыр үлкен соғысын бастады.

WSJ сарапшылары Ресейдің барлық келіссөздерде қорқытып-үркіту, өз ұстанымы мен мүдделерін тықпалап таңу, қарсы тарапты соған көндіру үшін ештеңеден тайынбау стилін ұстанатынын ескертті.

"Келіссөздердегі мұндай қатал, агрессивті стиль кеңес заманында сомдалды. Сондай қуаты, қауқары қалмаса да, Кремль одан бас тарта алмады. Бұл жайт Мәскеу мен Вашингтон арасындағы алдағы кез келген келіссөздер үшін салмақты сын-қатерге айналуы мүмкін. Мысалы, АҚШ-ты өз дегеніне көндіру үшін Мәскеу тағы эскалацияға барды: биылғы 29 наурызда Wall Street Journal репортері, 31 жасар Эван Гершковичке жала жауып, тұтқындады. Ресейліктер осы арқылы қатыгез келіссөзші екенін паш етті", – дейді Дэниел Майклз.

Одан бұрын да РФ Американың 3 азаматын қамаған.

Әлі күнге Ресейде тұрып, жұмыс істейтін америкалықтар, еуропалықтар жетерлік. Батыс айтқанын істемесе, Кремль оларды шетінен темір торға тоғытады. РФ Украинаның тек әскерилерін ғана емес, соларға көмектесті деген жаламен бейбіт тұрғындарын да тұтқында ұстауда. Салдарынан Украина тұтқынындағы ресейлік солдаттарға қарағанда, РФ қолындағы украиналықтар саны бірнеше есе көп. Олардың бәрін босату үшін "барлығын барлығына" форматындағы тұтқын айырбастау қажет. Ресей жағы одан бас тартып, арагідік "теңбе-тең" форматында ғана алмасуда.

"Ресей келіссөздер кезінде бітісу жайын ойластыру орнына, қарсыласты өшіктіруге, төзімін тауысуға дайын тұрады. Мұны Ресей жағымен бизнес саласында келіссөз жүргізген тұлғалар да, дипломаттар да растады. Олардың айтуынша, В.Путин өзін КСРО көшбасшыларынан кем санамайды, сәйкесінше, Батыстың өзімен теңі ретінде тілдесуін, өзінің көңілінен шығатын мәмілелер ұсынуын талап етті. Батыс бұған бармады, өзіне тең санамады. Сондықтан Мәскеу батысты өркөкірек әрі екіжүзді деп айыптайды", – деп жазады Уолл Стрит Джорнал.

Екатеринбург өңірінен репортаж дайындап жүрген америкалық журналист Э.Гершковичтің еш дәлелсіз "шпионажға" айыпталып, тұтқындалуы АҚШ қоғамын дүр сілкіндірді. Себебі Гершкович – қырғи-қабақ (суық) соғыс аяқталғалы бері Ресейде тұтқындалған тұңғыш америкалық журналист. Ендеше екі елдің қатынастарынан сол кездегідей қатты ызғар есе бастады.  

Мәскеудің бұл қадамын Ақ үйдің өзі айыптады. Президент Джо Байден оның тұтқындалуын "мүлдем заңсыз" деп жариялады. Ал АҚШ Мемлекеттік департаменті Гершковичті "заңсыз ұсталған тұлға" деп таныды. Бұл америкалық журналисті Мәскеу қалаған адамға айырбастауға мүмкіндік береді.

Фото: cultureru.com

Жоғары деңгейде үн қату және осындай статусты беруді дәстүрлі түрде айларға созбай, бір аптада жүзеге асыру арқылы Құрама Штаттар ұлты еврей Эван Гершковичті 20 жылға соттатпай, қамаудан босатып алу үшін бәріне баратынын аңғартты. Сол себепті сарапшылар осы арқылы Вашингтонға қыр көрсеткен Кремльдің оны босату үшін қандай шарт қоятынын күтіп отыр. Мысалы, украиналық әскери сарапшы, запастағы полковник Роман Свитанның тұспалдауынша, Батыс Киевке қысым жасап, алдағы контршабуыл барысында РФ әскерінің Херсон мен Запорожье облыстарынан еш шығынсыз шегінуіне жол ашуы мүмкін.

Nest консалтингтік фирмасының атқарушы директоры, бұрын ресейік "Сколково" бизнес мектебінде келіссөз жүргізуден дәріс берген Моти Кристал Мәскеу келіссөз кезінде қарсы тарапты естен тандыру тәсілдерін жиі қолданатынын жеткізді.

"Осы арқылы ол бірден артықшылыққа ие болуға, басым позициядан сөйлеуге, қарсыласын сұрамсақ етуге тырысады. Батыста келіссөз үстеліне отыру тараптардың өзара тиімді жолдарды іздеуін білдіреді. Ал Мәскеу үшін келіссөздердегі жеңіс – тек қарсыласының жеңілуін ғана білдіреді", – деді М.Кристал.

Батыс жағдайды ушықтырып, эскалациялау үшін Мәскеудің алда не бүлдіретінін білмей дал. Тіпті ресейлік оппозициялық саясаттанушылар Кремльдің төбесінде кеше әлдебір шағын дрондардың жарылуын – осы бағыттағы Мәскеудің бір тірлігі деп бағалады.

Кремль кім ұшырғаны белгісіз беспилотниктердің "шабуылын" Путиннің өміріне қастандық жасау деп танитынын жариялады.

"Ресей тарапы бұған жауап шараларды кез келген уақытта және кез келген жерде жүзеге асыру құқығын өзінде қалдырады", – деп суық мәлімдеме жасады Кремль.

Киев бұл күмәнді оқиғаға өзінің еш қатысы жоқтығын дереу хабарлады.

Фото: news.liga.net

"Кремльге түнгі шабуыл деп РФ насихаттап жатқанға біздің қатысымыз жоқ және ақпаратымыз да жоқ. Президент Зеленский бірнеше рет айтқандай, біз қолымыздағы барлық күш пен құралдарды тек қана төл территориямызды азат етуге бағыттап жатырмыз. Нағыз теракт – Украинадағы Днепр және Уманьдағы тұрғын үйлерді зымыранмен атқылап, қирату. Ал Мәскеуде болғаны – РФ жағының 9 мамыр қарсаңында жағдайды ушықтыруы болса керек", – деді журналистерге Украина Президентінің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров.  

Келісуге емес, керісуге бейім тұратын қарсылас кез келген тарап үшін проблема. Осыдан Мәскеуде тұрып, Еуразиялық одақ аясында, басқа да мәселелерде Ресеймен ымыраға келуге күш салып жүрген қазақстандық келіссөзшілердің ауыр жағдайын байқауға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу