Креслосында 8 жыл тапжылмай отырған шенділер жаппай қуылады

19077

Қазақстанда төрт жылдай бұрын ротациялау институты енгізілді. Алайда ол көзбояуға айналыпты, нәтиже әкелмеген. Басты себеп-сылтау – шенеуніктің баратын жерінде бос қызметтік баспана жоқ. Енді Үкімет осы іске серпін беретін амалды тапты.

Креслосында 8 жыл тапжылмай отырған шенділер жаппай қуылады

XIX ғасырдың соңынан бері неміс публицистикасынан әр тілге "қамшы мен тоқаш" (түпнұсқасында "Peitsche und Zuckerbrot") деген ұғым тарады. Ол жазалауды және ынталандыруды қатар қолдануды білдіреді. Ал ротациялау ісінде біздің Үкімет жазалауды қолданыпты да, ынталандыруды ұмыт қалдырған көрінеді.

Содан мемлекеттік қызметшілерді ротациялау институты елге игілік әкелмеді, жемқорлықпен, мемқызметтегі тамыр-таныстықпен күрестің пәрменді тетігіне айналмады. Оның нәтижелері ащы күлкі туғызады.

"Мемлекеттік қызметті өткеру кезінде кәсіби әлеуетті тиімді пайдалану және қызметшілердің басқарушылық біліктілік-құзыреттерін жетілдіру мақсатында кадрларды ротациялау қолға алынған еді. 2019 жылы "Б" корпусының 12 қызметшісі, оның ішінде "өңір–өңір" схемасы бойынша 5 қызметші, "орталық–орталық" схемасымен – 5 мемқызметші, бір өңір аясында 2 адам ғана ротацияланды", – деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.

Пандемия кезінде шенеуніктерге көп тиіспеген. Содан қазіргі кезде "отырып қалған" шенділер қатары көбейіп барады. Сондықтан билік "шалажансар" күйдегі ротация институтына дем бермек.

Осы мақсатта агенттік Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, "ҚР мемлекеттік қызметі туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп шықты.

Құжатқа сәйкес, енді мемлекеттік қызметшілердің "атқарып отырған лауазымында болуының барынша жол берілетін мерзімі" нақты шектеледі. Бір орнында 8 жылдан артық отыра алмайды. Сондай-ақ мемқызметшілерді басқа жерге ротациялауды жүзеге асыру заңнамалық деңгейде бекітіледі. Ауыстырудың негізгі үш түрі болады деп күтілуде. Бір өңірден екінші өңірге жіберу, орталықтан ауыл-аймаққа аттандыру, немесе бір өңір аясында – облыс не мегаполис ішіндегі қызметтен қызметке көшіру қарастырылуы мүмкін.

Алдымен "қамшыға" тоқталсақ, біріншіден, заң жаңа нормамен толығады, ол бойынша лауазымды атқарудың максималды рұқсат етілген мерзімі, яғни 8 жыл біткен соң мемқызметші "тіпті қызметтік баспана беру мүмкіндігі жоқ болған жағдайда да" міндетті түрде ротациялануы шарт, немесе ол қызметінде төмендетіледі, не атқарып отырған лауазымынан босатылады. Осылайша, жаза күшейтіледі.

Екіншіден, басқа елді мекенге қоныс аудартылатын мемқызметшіге "тек жекешелендіру құқығынсыз қызметтік баспана" ұсыну жоспарланып отыр. Бұған дейін тұрғын үйге қолы жеткен кейбір шенеунікке белгілі бір мерзімнен соң баспананы 20 пайыз жеңілдікпен, әрі кадастрлық құнымен сатып алуына рұқсат етілетін. Нәтижесінде, облыстан облысқа секірген кейбір шенділердің бірнеше өңірде баспанасы бары анықталды. Әрі бос қызметтік баспана да қалмады.

Тәтті "тоқашқа" келсек, біріншіден, жаңа заң жобасында ротациялауда жеңілдікке ие санаттар белгіленбек: оларға жүкті болған, 14 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, өзінің немесе баласының мүгедектігі бар, мүмкіндігі шектеулі баланы асырап алған, қорғаншысы болып табылатын, жалғыз басты әке не шеше саналатын мемқызметшілер кірмек. Бұдан бөлек, көп балалы ата-ана болып табылатын немесе асырауында қарт ата-анасы бар мемлекеттік қызметшілердің құқықтары да сақталуға тиіс.

Екіншіден, егер қызметтік бос пәтер болмаса, онда нарықтан пәтер жалдауына көмек қаржы беру қарастырылады.  

"Әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді ротациялау кезінде оларға тұрғын үй төлемдерін төлеуді көздейтін норма мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етеді. Заңнамалық түзетулер ротация тетіктерін ары қарай жетілдіруге, сондай-ақ мемқызметшілерді басқа өңірлерге ротациялануға ынталандыруға бағытталған", – деп түсіндірді агенттік.

Анықталғандай, заң жобасын іске асыру үшін агенттік 2022–2024 жылдары ротация кезінде тұрғын үй төлемдерін төлеуге жалпы сомасы 182,4 млн теңге ғана қосымша қаржы сұрап отыр.

Соның ішінде республикалық бюджеттен 154,2 млн теңге: 2022 жылға – 30,3 млн, 2023 жылға – 36,8 млн, 2024 жылға – 87 млн теңгеден астам қаражат бағытталмақ.

Бұған қоса, жергілікті бюджеттерден – жалпы көлемі 28,2 млн, тарата айтсақ, 2022 жылға – 855 мың теңге, 2023 жылға – 7,9 млн, 2024 жылға – 19,4 млн теңге бөлу керек болады.

Мемлекеттік қызметкер Айбек Битайлақов агенттікке өз ұсыныстарын жолдады. Ол заң жобасында "бірінші басшы үшін атқаратын лауазымында болудың барынша жол берілетін мерзімі – 8 жыл", "бірінші басшыдан басқа тұлғалар үшін атқаратын лауазымында болудың барынша жол берілетін мерзімі – 5 жыл" деп өзгертуді ұсынады.

Бұл ұсыныстың жөні де бар. Әйтпесе, Қазақстанда әкімдер, министрлер, комитет, басқарма басшылары елдегі экономикалық-саяси жағдайларға байланысты 5 жыл да отырмай, жиі ауысуы мүмкін, ал олардың орынбасарлары сол жерге "тамыр жайып", таныстықты жолға қойып, әрі қарай дәуірлей береді. Бұл жемқорлыққа сеп болуы ғажап емес. Оларға қатысты кезінде Елбасы: "Егер біліктілігі, тұлғалық қасиеттері басшы болып өсуге жарамаса, ондай орынбасарлардың қажеті не?" дегені бар.

Сондай-ақ басқа елді мекенге ротацияланатын мемқызметшіге жекешелендіру құқығынсыз қызметтік баспана, ол болмаса "тұрғын үйдің нарықтық арендалық орташа құнынан аспайтын көлемде тұрғын үй төлемі төленгені" орынды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі келіп түсіп жатқан ұсыныстар назарға алынатынын жеткізді. Ведомствоның мәліметінше, қаңтар оқиғаларынан кейін 11 қаңтарда, Мәжілістің жалпы отырысында ел Президенті берген тапсырмаларға сай, "билікке білікті мамандардың тез кіруін және кәсіби тиімділігін растай алмаған шенеуніктердің тез шығуын" қамтамасыз ететін заңнамалық түзетулер әзірленуде екен.

"Мемлекеттік секторды одан әрі трансформациялау, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды модернизациялаудың негізгі міндеттерін, ережелерін, тәсілдерін айқындау жұмыстары жалғасады. Тиісті актілердің жобалары қоғамдық талқылауға шығарылады. Агенттік бүгінде мемқызмет туралы заңнаманы өзгертетін заң жобасының нормаларын да пысықтап жатыр. Соның аясында ротациялауға, қызметтік баспана және төлем беруге, жалақыны индексациялауға қатысты нормалады қайта қарау, толықтыру жөніндегі ұсыныстар да қарастырылады", – деп мәлім етті мемлекеттік қызмет істері ведомствосы.

Айтқандай, биылғы 11 қаңтардан бастап, Мемлекет басшысы аймақ әкімдерінің, министрлердің және Парламент депутаттарының жалақысын көтеруге 5 жылдық мораторий жариялағаны мәлім. Осы орайда Айбек Битайлақов "барлық мемлекеттік қызметшілердің, соның ішінде саяси мемлекеттік қызметшілердің де жалақысын 3 жыл ішінде тек 1 рет қана индексациялау туралы норма" енгізуді ұсынды. Қазір кейбір азаматтық, бюджеттік қызметшілердің жалақысы жыл сайын өседі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу