Маңғыстау облысында мемқызметке қызығушылық байқалады

1979

Бұрын мұнай компаниялары басты назарда ұсталатын.

Маңғыстау облысында мемқызметке қызығушылық байқалады

Маңғыстау облысында мемлекеттік қызметшілердің тапшылығы мәселесі шешіліп келеді. Оның себептері бірнешеу, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Басты себеп ретінде мемқызметшілер жалақысының балдық негізде есептеле бастауы айтылуда. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі өңірде 2018 жылы пилоттық жоба ретінде енгізілген болатын. Соның нәтижесінде, облыста мемлекеттік  қызметтен кеткендер саны 7,5% -дан 4,4%-ға азайып, кадр тапшылығы жойыла бастаған. Атап айтқанда, 2017 жылы ауыл әкімдіктерінде 28 вакансия болса, 2020 жылы бар-жоғы 4 орынға маман ізделіпті. Сонымен бірге, жергілікті тұрғындардың мемлекеттік қызметке қызығушылығы да арта түскен. Айталық, 2018 жылы бір орынға үміткерлер саны орта есеппен 0,9-дан 2,6-ға, ал 2020 жылы 2,7-ға өскен. Мұның өз өз кезегінде таңдаудың болуына, мемлекеттік қызметке білікті кадрлардың көптеп келуіне жол ашқан. 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мәліметінше, былтыр конкурс нәтижесімен төменгі лауазымдарға 265, соның ішінде жергілікті атқарушы органдарға 149, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне 116 адам тағайындалған. 

"Тұрғындардың мемлекеттік қызмет бойынша құқығының бұзылуы бойынша шағымдарды дер кезінде қарап, шараларын алып отырамыз. Мәселен, былтыр тамыз айында "Damumed" ақпараттық жүйесі арқылы мәліметтердің бұрмаланғанына екі адам шағымданды. Онда ерлі-зайыптылардың бірі "емхана қызметін пайдаланды" деп көрсетілген кезде вахталық жұмыста, әйелі басқа елде болған.  Емхана директорына нұсқама беріліп, дәрігер сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылды", - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов. 

2020 жылы департамент мемлекеттік қызметшілерге байланысты 4 әкімшілік іс қозғап, 111 120 теңге айыппұл өндірген. Оның бірінде Форт Шевченко қаласындағы мемқызметкердің құқығы қорғалды. Оған 2018 жылдың 20 қарашасында "ескерту" түріндегі тәртіптік жаза беріледі. Алайда, қызметкер ол жөнінде бұйрықпен таныспаған. Арада бір жыл өткеннен кейін жыл қорытындысы бойынша бонустық сыйақы берген кезде сол ескертудің салдарынан оған төленетін қаражат кемітіледі. Басқарма қызметкерлері осы мәселеге орай тексеру жүргізіп, мемлекеттік органға заң бұзушылық дерегін жою жөнінде ұсыныс енгізді. 
Сондай-ақ, былтыр екі лауазымды тұлға қызметінен босатылған. Оның бірі - облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары. Ол қызмет барысында шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты беру жөніндегі комиссия төрағасы ретінде құжаттары дұрыс болмауына немесе комиссия мүшелерінің келіспеуіне қарамастан кейбір шетел азаматтарына қатысты оңтайлы шешім қабылдауға ұсынымдар берген. Ал облыстық агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция басшысы орынбасарының қызметтік өкілеттігін пайдаланып, кемені дезинфекциялау қызметі бойынша  кәсіпкерлерді келісім-шартқа мәжбүрлеп отырғызуға әрекеттенгені анықталған. Сондай-ақ, ол "Болашақ" кеден бекетіне келген кейбір вагондарды құжаттары дұрыс болса да, кері қайтару туралы жалған актілер толтырған.

Осындай орынды да қатаң талаптардың барына қарамастан облыста мемлкеттік қызметке қызығушылықтың артып келе жатқаны аңғарылады. Бұрын мұнайлы өңір халқы, негізінен, мұнай-газ компанияларына ұмтылып, жалақысы аз, жауапкершілігі көп мемқызметке көңіл аудара қоймайтын. Мұндай бағыт облыста Жаңаөзен қаласында да аңғарылып отыр екен. Оған ауылдық жерге "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен баратын мамандықтар қатарының көбеюі және бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер жасалатыны да себеп болған. Нақтырақ айтсақ, Жаңаөзенге денсаулық, білім ғана емес, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік, мәдениет, спорт саласы бойынша да жас мамандар мемлекеттік қызметке тартылып, оларға аталған бағдарламаға сәйкес, 291 700 теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленіп, 15 жылға дейінгі мерзімге 0,01% сыйақы мөлшеріндегі бюджеттік несие беріледі.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу