КСРО-ға оңалмас соққы 30 жыл бұрын аңшылар үйінде берілді

3827

Тарихқа саяхат: 1991-дің желтоқсанында Совет одағын құлатқан Беловеж келісіміне қол қойылды. 

КСРО-ға оңалмас соққы 30 жыл бұрын аңшылар үйінде берілді

Кеңес одағының славяндық үш республикасының басшылары 1991 жылы желтоқсанның 8-інде аңшылар үйінде оңаша кездескенде, жер-жаһанның алтыдан бірін билеп-төстеген байтақ империяның тағдыры қыл үстінде тұрды. Бірақ сол лидердер қауырсынды қаламның бір шимайымен-ақ КСРО-ға оңалмас соққы берді.

Польша шекарасы маңындағы Белавежа орманында орналасқан "Вискули" саяжайында қол қойылған келісімде "КСРО-ның халықаралық құқық пен геосаяси шындықтың субъектісі ретінде өзінің өмір сүруін тоқтататыны" жарияланды. Бұл пәтуа, сонымен қатар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құрды. Посткеңестік республикалардан жасақталған бұл альянс әлі күнге дейін бар, бірақ оның маңызы зор деуге келмейді.

Арада екі апта өткенде, советтік өзге сегіз республика да жаңа Достастыққа еніп, Кеңес одағының президенті Михаил Горбачевтың билігі тоқтады. Ал желтоқсанның 25-інде Горбачев отставкаға кеткенде, Кремльдің төбесіндегі орақ пен балғалы қызыл ту төмен түсірілді.

Бүгінгі Беларусь, ал сол кездегі Белоруссия Президенті Станислав Шушкевич КСРО-ны "жыққан" құжатқа қол қойылған сәтті мақтанышпен еске алады. Оның сөзінше, ресейлік Борис Ельцин, украиналық Леонид Кравчук те мақұлдаған бұл келісімді тіпті "дипломатиялық жәдіргер" деп атауға болады.

"Ұлы империя, ядролық супердержава тәуелсіз елдерге бөлініп кетті. Ол республикалар бір-бірімен қалағанынша жақын байланыс орнатты. Ал КСРО құлаған шақта бір тамшы қан төгілген жоқ", – дейді бүгінде 86 жасқа толған Шушкевич "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Бірақ сол қан кейін Мәскеудің қатаң бақылауынан шыққан бұрынғы кеңестік республикаларда суша төгілді. Оған соғыстар мен түрлі жанжалдар себепші.

Алапат қырғындардың бірі 2014 жылы Ресей Украинадан Қырымды аннексиялағаннан кейін Донбасста басталып, ресейшіл сепаратистер мен Украина армиясы арасындағы қарулы қақтығыстардан 14 мыңнан астам адам мерт болды.

Соңғы кездері Ресей әскері Украина шекарасы маңына қайта жиналып, Батыста Мәскеу көршісіне соғыс аша ма деген алаңдаушылықты тағы да күшейтіп отыр. Бұндай шабуылға жол бермеу үшін, сейсенбі күнгі видеоконференцияда президент Джо Байден әріптесі Владимир Путинге Ресейді қатаң экономикалық санкциямен жазалайтынын ескертті (егер РФ қарулы күштері Украинаға басып кіретін болса).

Горбачев болса, өз мемуарында Беловеж келісімін қынжыла еске алады. Оған қол қойылардан бірнеше ай бұрын КСРО президенті республикалармен "одақтық келісім" жөнінде келіссөздер жүргізіп, "союзды" сақтап қалуға әрекет етті. Алайда бұл талабынан ештеңе шықпады. 

"Олардың Беловежде асығыс әрі жасырын істеген істері жараланған, бірақ әлі тірі адамды өлтіріп, бөлшектеу жоспарына ұқсас еді. Билікке ұмтылыс пен жеке бастың мүддесі кез-келген заңды дәлелдер мен күмәндерден басым болды", – деп жазады биыл 90-ға толған Горбачев.

Бірақ Шушкевич үшін "бұл мүлде трагедия емес еді!"

"Біз халықтар түрмесін жабуды шештік. Өкінетіндей ештеңе жоқ", – дейді ол.

Шушкевичтің айтуынша, ол және өзге лидерлер Горбачевтың қалған 12 кеңестік республиканы бірге ұстау әрекетінен еш пайда көрмеген. Өйткені сол кезде Балтық жағалауындағы Латвия, Литва, Эстония КСРО-дан бөлініп үлгерсе, коммунистік партияның қатал мүшелерінің тамызда Горбачевқа қарсы жасаған сәтсіз төңкерісі Совет одағы президентінің беделін түсіріп, басқа республикаларды да тәуелсіздікке итермеледі.

"Одақ туралы шарттың барлық нұсқалары ескі тәртіпті қалпына келтіруді және Горбачевты сол жаңа құрылымның қожайыны етуді көздеген еді", – дейді Шушкевич.

Вискулиге Шушкевич, Ельцин және Кравчук желтоқсанның 7-де бірнеше көмекшісімен барды. Олар кейін аңшылар үйіндегі атмосфераны шиеленіскен деп сипаттады. Өйткені Горбачев қаласа, олардың барлығын мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен тұтқындап әкетуі әбден мүмкін еді.

Шушкевичті Беларусь ҰҚК басшысы Эдуард Ширковский ешқандай қауіп жоқ деп сендірген. Алайда араға жылдар салып, сол қатал мінезді Ширковский, үш лидерді тұтқындауға бекер бұйрық бермеген екенмін деп өкініш білдіріпті.

Дегенмен Шушкевич билігі әлсіреп бара жатқан Горбачевтың оларды тұтқындауға бұйрық беретініне сенбегенін айтты.

"Горбачевтың қорқаулығын ескерсек, ондай қауіптің барын ойлаған да емеспін, тіпті сезбедім де", – дейді Шушкевич.

Горбачев болса, елді тұрақсыздық жайлағанда және армия мен құқық қорғау органдардарының билікке бағыныштылығы төмендеген шақта, қантөгіске жол бермеу үшін, ешкімді тұтқындауға бұйрық бермеген.

"Егер мен қандайда бір қарулы құрылымға сүйенуді жөн көргенде, мұның соңы саяси жанжал мен қантөгіске ұласар еді", – дейді Горбачев.

Горбачев Ельцинді Кремльді басып алу үшін Кеңес Одағының ыдырауына мұрындық болды деп айыптады. Алайда 2007 жылы 76 жасында қайтыс болған Ельцин, КСРО-ның дәурені өткенін білгендіктен, оның күйреуіне қатысты әрекетін қорғап баққан.

"Беловеж келісімі – орталық үкімет пен тәуелсіздікке ұмтылған республикалар арасында қақтығыстарға жол бермеудің бірден-бір жолы еді", – деді Ельцин.

Тарихи кездесуге қатысушылардың кейбірі Кравчук Кеңес Одағының ыдырауында шешуші рөл атқарды деген пікірде.

Горбачевтің билігін күрт әлсіреткен тамыз төңкерісінен кейін Украина өз егемендігін жариялады. Ал Беловеж келісіміне бір апта қалғанда, Кравчук Украина Президенті болып сайланды. Және де сол сайлауда украиналықтардың көпшілігі Мәскеуден тәуелсіздік алуды мақұлдап дауыс берген.

Аңшылар үйіндегі келіссөздерде Кравчук Кеңес Одағының кез келген жаңартылған нұсқасынан бас тартып, батыл позиция ұстанды.

Шушкевичтің сөзінше, "Кравчуктың назары Украинаның тәуелсіздігіне ауған еді. Сондай-ақ Кравчук Украинаның референдумда тәуелсіздік  жариялағанын және 1991 жылы желтоқсанның 1-де оны президент етіп сайлағанын мақтан тұтқан".

Ельциннің жоғары лауазымды көмекшілерінің бірі болған Сергей Шахрай да Кеңес одағының құлауында Украинаның шешуші рөл ойнағанына сенімді.

"Украинаның тәуелсіздігі туралы референдум мен Украина Жоғарғы Кеңесінің КСРО-ны құру туралы 1922 жылғы келісімнен бас тарту шешімі ыдырау процесін саяси және құқықтық тұрғыдан аяқтады. Ельцин мен Шушкевич алдымен Кравчукты одақтың қандай да бір түрін сақтауға көндіруге тырысты. Бірақ референдумнан кейін Кравчук бұл туралы сөзді естігісі де келмеді", – дейді Шахрай .

Келісімге қол қойылғаннан кейін Ельцин мен Кравчук Шушкевичтен Горбачевке Беловеж келісімінің жасалғанын хабарлауды өтінген. Ал Ельцин Кеңес Одағының Қорғаныс министрі Евгений Шапошниковқа телефон соғып, оны Горбачев бұйрық берсе де күш қолданбауға үгіттеді. Іле-шала Ельцин АҚШ-тың сол кездегі Президенті Джордж Х.В. Бушқа да хабарласты.

Шушкевичтің айтуынша, Горбачев "Кеңес Одағы өлді" деген хабарға қатты ашуланған.

Үш лидер Горбачевты орнынан түсірерде күш жұмылдырып, өзара келіспеушіліктерді кейінге қалдырғанымен, олардың арасындағы дүрдараздық кейіннен бәрібір ашылды.

Кеңес Одағының ыдырауын "XX ғасырдың ең үлкен геосаяси апаты" деп сипаттаған Путин болса, Украинаны КСРО тараған кезде Ресейдің тарихи бөліктерін әділетсіз мұраға алды деп үнемі айыптап келеді.

"Қазіргі Украина – толығымен кеңестік дәуірдің туындысы. Біз оның едәуір бөлігі тарихи Ресей жерінде қалыптасқанын білеміз және мұны есте сақтаймыз. Ресейдің іс жүзінде тоналғаны анық", – дейді Путин шілдеде жарияланған мақаласында.

2014 жылы Украинаның Кремльге жақтас президенті наразылық акциялары нәтижесінде биліктен қуылғанда, Ресей бұған Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысындағы сепаратистіктерге қолдау көрсету арқылы жауап берді.

Вашингтон мен Киевтің хабарлауынша, жақында Ресей өз әскерін Украина маңына мыңдап шоғырландырды. Осындай шақта Путин Байденнен НАТО-ның Украина есебінен шығысқа кеңеймейтініне кепілдік беруді сұрап отыр. Америкалықтар мен олардың НАТО-дағы одақтастары болса, бұл өтінішті сәтсіз деп есептейді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу