ҚТЖ-ның "қояндармен" күресінің бір тетігін ендіру кейінге қалды

14667

ҚТЖ-ның шығыстары мен жалақысы бюджеттен субсидияланады. 

ҚТЖ-ның "қояндармен" күресінің бір тетігін ендіру кейінге қалды

Таяуда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі карантин кезеңінде жолаушылар пойыздарының қаңтарылып тұрып қалуы кесірінен "ҚТЖ"-ның 3,8 млрд теңге жоғалтқанын мәлімдеді. Бірақ бұл тек төтенше жағдай режимі енгізілген айдың шығыны көрінеді. Одан бергі қайта оралған карантин шаралары темір жол операторын қанша шығынға отырғызғаны белгісіз. Шығын көлемі әлі күнге есептелуде.

"Компания толық қалпына келу үшін белгілі бір уақыт талап етіледі. Жолаушылар тасымалы 2020 жылғы қаңтар-сәуір аралығында 27,5%-ға құлдырап, бүкіл еліміз бойынша небәрі 5 млн адамды құрады. Бос тұрып қалуға және келтірілген шығындарға қарамастан, пойыздар қайтадан жолға қойылғаннан кейін темір жол билеті бағасының қымбаттауы қарастырылып жатқан жоқ", – деп мәлім етті министрлік.

Бұл мәлімет қоғамда таңданыс тудырды. 

Пойыз бригадаларының кернеуі басылды

"ҚТЖ 4 миллиардтай қаражат жоғалтқанын айтады. Қалайша? Ұлттық темір жол компаниясы жыл сайын бюджеттен шамамен 30 млрд теңге субсидия алады. Жолаушылардың темір жол тасымалы екі айға доғарылды. Мемлекет биыл субсидия төлеу кезінде соны ескеруі керек", – дейді министрге қайырылған қоғам белсендісі Данияр Серіков.

Ашық дереккөздерде және ақпарат құралдарында ҚТЖ-ның 2019 жылғы таза шығыны 70 млрд теңгеден асқаны жарияланды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Данияр Серіковтың сауалына жауап берді.

"Мәжбүрлі тоқтау кезеңіндегі жолаушылар тасымалын субсидиялау мәселесіне тоқталсақ, Қазақстанда 2020 жылы төтенше жағдайдың енгізілуіне орай 1 сәуір мен 1 маусым аралығында барлық бағдарларда пойыздардың қозғалысы тоқтатылды. Алайда пойыз бригадаларының жұмыскерлері арасындағы әлеуметтік кернеуді төмендету керек еді. Осы мақсатта Мемлекеттік комиссияның отырысында біздің министрлік ТЖ және мәжбүрлі тоқтау кезінде ҚТЖ пойыз бригадалары жұмыскерлерінің еңбек ақысын өтеу жөнінде бастама көтеріп, мәселе қойды", – деді министр.

Идея қолдау тапқан. Нәтижесінде, Б.Атамқұловтың 2020 жылғы 16 маусымдағы №355 бұйрығымен "Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушының шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялау қағидаларына" түзету енгізілді. 

Қағидаға: "ТЖ режимінің қолданылуы кезеңінде облысаралық қатынастар бойынша жолаушылар және қала маңындағы пойыздардың мәжбүрлі тоқталуы кезінде осы қағидалардың 13-тармағында көрсетілген шығыстар, сондай-ақ жалақы және әлеуметтік аударымдар бойынша шығыстары субсидиялауға жатады" деген жаңа тармақ қосылды.

Түсіндіре кетсек, 13-тармаққа сәйкес, тасымалдаушының біріншіден, магистральды теміржол желісі қызметтеріне төлейтін шығыстары, екіншіден, вагондарды күтіп-ұстауға, үшіншіден, вагондарды жалға алуға, төртіншіден, вагондарды сатып алуға арналған шығыстары, бесіншіден, темір жол вокзалдары мен станциялар қызметтеріне шығыстары, алтыншыдан, жанармай және электр қуатын қоса алғанда, пойыздарды тартатын локомотив шығыстары бюджеттен субсидияланады.

Енді жаңа бұйрыққа сәйкес, тасымалдаушы компанияның жалақы және әлеуметтік аударымдар бойынша шығыстары да бюджеттік субсидияға жүктеме болып кіріп отыр.

Үкімет пойызға селфимен отырғызуды кейінге қалдырды

Қоғам белсенділері ҚТЖ қаншама дәріптеген жоба – жолаушыларды пойыздарға биометриялық тәсілмен отырғызу әзірге тек сөз жүзінде қалғанына назар аудартады. Мәселенің мән-жайына тоқталып өтсек, биыл "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, аталған жобаны іске қосатынын хабарлады. Ол бойынша Қазақстанда жолаушылар пойызға отыру кезінде тұлғаны биометриялық сәйкестендіруден өтуі керек. Бұл билетсіз жолаушылар проблемасын шешетін көрінеді.

"Жолаушы билет сатып алғанда, бір рет Digital ID қосымшасы арқылы өз тұлғасын идентификациялап, цифрлық ID-картасын жасауға тиіс. Ары қарай оны билет сатып алу кезінде пайдалана алады. Бұл оған келесі сатып алу кезінде өз деректерін енгізбеуге мүмкіндік береді. Осылайша, жолаушыларды пойызға отырғызу үшін пойыз жолсеріктері және вокзал қызметкерлері қажет болмайды. Яғни, адами фактор жойылады. Басқаша айтқанда, бұрынғыдай жолсерік жолаушылардың билеті мен жеке куәлігіндегі деректерін өзара сәйкестендіріп, өткізіп тұрмайды, оны автоматты түрде бағдарламаның өзі жасайды", – деген еді онлайн сұхбатта "Адал жол" жобалық офисінің басшысы Исламбек Майшекин. Жобалық офисті ұлттық компания мен агенттік бірлесіп құрған-тын.

Сонымен, билет сатып алғанда жолаушы адам селфи жасап, жолдауға, идентификациялаудан өтуге, жеке тұлғасын растайтын құжатты қыстыруға тиіс болатын. Содан кейін пойызға отырғызу кезінде бағдарлама жолаушының бет-жүзін бұған дейін алған селфи-бейнемен салыстырады. Ұқсас болса, турникетті ашып, ішке жібереді.

Жоба немен аяқталды?

Осы жоба жолсерікпен келісіп, бармақ басты, көз қысты жолмен темір жол көлігіне еніп кететін "билетсіз жүретіндермен" күреске бағдарланғаны ашық айтылды.

Антикоррупциялық агенттіктің дерегінше, 2020 жылғы бірінші тоқсанда шамамен 70 рейд жүргізілген. Оның барысында жолаушыларды билетсіз тасудың 120-ға жуық фактісі әшкереленді.

Пилоттық жобаны сынап көру үшін "Алматы–Атырау" пойызы бөлінген. Бастапқыда жоба наурыз айында іске қосылуы керек болатын.

"Жолаушыларды пойыздарға биометриялық отырғызуға келсек, жалпы алғанда, биометриялық жүйені енгізу – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған. Ол сондай-ақ жол жүру құжаттарын сату кезінде спекуляциялық тетіктерді жоюға, мысалы темір жол билеттерін қайта сату, билетсіз жолаушыларды отырғызу секілді мәселелерді шешуге тиіс. Аталған жобаның бастамашылары – "Адал жол" жобалық офисі және "ҚТЖ" ұлттық компаниясы. "Адал жолдың" ақпараты бойынша жобаның сынақ түрінде іске қосылуы осы жылғы І тоқсанға жоспарланыпты. Оны "Алматы–Атырау" бағытында қолданбақ болды. Алайда елімізде ТЖ режимінің, шектеу шараларының енгізілуіне, сонымен қатар жолаушылар пойыздарының қозғалысы тоқтатылуына байланысты жобаны іске қосу пандемия аяқталғанға дейін кейінге қалдырылды", – деді министр Бейбіт Атамқұлов.

Керісінше, пандемияға және шектеу шараларына байланысты елімізде көрсетілетін қызметтер жаппай цифрландырылуда. Дегенмен, КВИ-мен күрестің бұған қандай қатысы бары және нендей кедергі келтіргені белгісіз.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу