Биыл Павлодар облысындағы жайылмаларға су аз босатылды. Ол аздай, жаңбыр жаумай, шаруалар бір тамшы жауынның өзіне зар болып отыр. Аптап ыстық жағдайды одан әрі қиындата түсті. Мұның барлығы егіншілікпен, мал шаруашашылығымен айналысатын ауылдағы ағайынға айтарлықтай ауыртпалық салып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Малды асырайтын да, несие төлейтін де қауқар жоқ
Биылғы жаз павлодарлық шаруалар үшін оңайға соқпай тұр. Мамыр айыңда себілген егін дәні жайқалмақ түгілі қурап қалған. Әдетте осы уақытта олар 30 сантиметрге дейін көтерілсе, биыл тек жұқа сабағы шықты. Масағы атымен жоқ. Биыл өңірдегі 26,6 мың гектар егіс алқабы мүлде күйіп кетті. Дақылдар себілген тағы 88 мың гектар алқаптағы жағдай да мәз емес. Мамандар осы жылы жалпы егістік аумағының 13 пайызынан ғана сапалы өнім жиналуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
"Биыл 8 мың гектарға егін салған едік. Оның 6 мың гектары рруға да келмейді. Сол сияқты 400 гектарға салған қарақұмық кеуіп қалып, ол жерді жыртып тастадық",-дейді шаруа Сейтенәлі Абзалов.
Шабындықтың мәселесі тіпті күрделі. Ертіс өзенінің көктемгі тасу деңгейі төмен болып, жайылымдарға су аз жайылды. Кей аудандардағы жайылымға су мүлде жеткен жоқ. Демек, биыл тоғайдағы шабындыққа шалғы түсуі екіталай. Ертіс өзенінің маңындағы шабындықтар 52 шаруашылыққа тіркелгенін атап өту керек. Олардың биыл мал азығынсыз қалатын түрі бар.
"Қырда шабатын шөп жоқ. Ертіс өзенінің жайылмасынан тіпті көк таппайсыз. Шабындық жердің барлығы құрғап жатыр. Қазірдің өзінде-ақ шөптің бағасы шарықтап кететіні айдан анық. Ел арасында бір тіркемесі 80-90 мың теңгеге дейін жетеді деген әңгіме желдей есіп жүр. Сондықтан малдың басын азайтуға тура келеді",- дейді тағы бір шаруа Данияр Оспанов.
Осының барлығын ескерген диқандар ден шаруалар өңірде төтенше жағдай жариялануы керек деп пайымдайды. Сол кезде шығындардың тым құрығанда бір бөлігі өтелуі мүмкін. Ресейдің көршіліс орналасқан Новосібір, Алтай өңірлерінде де қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланыпты.
"Биыл 30 мың гектардың 80 пайызы күйіп кетті. Тоғайда шөп, қырда жауын жоқ. Мал азығынсыз қалатынымыз қазірден белгілі. Суармалы алқаптардың өзінде жағдай күрделі. Сондықтан төтенше жағдай жарияламаса болмайды",- дейді шаруашылық басшысы Зейнолла Сәлменбаев.
Шаруалар егінсіз, шөпсіз қалумен қатар, қолдағы техникаларынан да айырылып қаламыз ба деп қауіптеніп отыр. Лизингке алған трактор, комбайндардың ақысын төлейтін мүмкіндік жоқ. Берешекті уақытылы бермесе, шабындық пен егістікте таптырмас техникаларын тапсырудан басқа амал қалмайды.
Енді қайтпек керек?
Павлодарлық шаруалар базынасын өңірде жүрген Мәжіліс депутаттарына білдірді. Осы салада өзі де талай жыл тер төккен депутат Нұржан Әшімбетов көпшіліктің көкейіндегі күпті ойды жақсы түсінетінін білдірді.
"Ауылда шаруасын ширатып, төрт түлікпен күнелтіп отырған ағайынмен де, облыс басшылығымен де кездестім. Бірнеше ауданға арнайы да бардым. Шынымен, егістіктегі жағдай өте нашар. Мән-жайды зерделеу үшін аудандарға комиссия жіберілді",-дейді депутат.
Күні кеше Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов та қуаңшылықтан зардап шегіп отырған аудандарға ат басын бұрып, шаруалармен жүздесті. Олардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, талап-тілектерін тыңдады. Сол уақытта шаруаларға бірнеше бағыт бойынша көмек көрсетілетінін айтты.
"Шабындыққа бөлінетін арзандатылған дизель отынының көлемі 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін артады. Жем-шөп дайындау үшін бір ірі қара малға берілетіғ субсидия 7 мың теңгнден 15 мың теңгеге дейін, ұсақ мал үшін 3 мың теңгеден 5 мың теңгеге дейін көбейеді. Мұқтаж фермерлерге мемлекеттік орман қоры және жайылма учаскешерінен шөп дайындауға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, дәнді дақылдарды жинау кезінде сабан ұсақталмай, егістіктерде қалдырылады",-дейді өңірдің басшысы.
Оған қоса, шаруалардың несиені өтеу мерзімін қайта қарау үшін қаржы институттарымен келіссөздер жүргізілмек.
Қалай болғанда да биыл өнімнің бұрынғыдай бітік шықпайтыны белгілі. Ендігі ретте тығырықтан шығар жолды уақыт оздырмай тауып, жоғарыдағы шараларды дер кезінде қабылдаған абзал. Әйтпегенде, ауыл шаруашылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне тықыр таянатыны айтпаса да түсінікті.