Куба экономикалық дағдарыстан қалай шықпақ?

2236

Куба биілігі тауар бағаларын қатаң бақылауға алды.

Куба экономикалық дағдарыстан қалай шықпақ?

Жергілікті билік экономикалық дағдарыстан шығу мақсатында осындай қадамға барды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Ресми Гавана мемлекеттік және жеке кәсіпорындардағы бағаларды қатаң бақылауда ұстамақ. Құжат бойынша, мемлекеттік емес секторларға көтерме және бөлшектеп сату бағаларын көтеруге тыйым салынды. Бұған дағдарыспен қатар АҚШ енгізген санкциялар итермелеп отыр. 

Ел президенті Мигель Диас-Канельдің ойынша, мұндағы мақсат – инфляцияға ұрынбай жергілікті кәсіпті ынталандыру.

Дегенмен бірқатар сарапшы үкіметтің бұл шешімімен келіспейтінін білдірді. Олардың айтуынша, билік бұл қадамымен нарықтың дамуын тоқтатып тастаған. Кейбіреулері: "мұндай шара қысқа мерзім ішінде ғана оң нәтиже береді, ал егер ұзаққа созылып кетсе, экономикаға кері әсерін тигізуі мүмкін",-дейді. Ал жергілікті дәмхана иесі Мануэль Родригес: "Бағаның бақылауымен келісемін, бірақ дүкен сөрелерінде отандық өнімдер жоқтың қасы, біз бағасы удай шетелдік тауарларды тұтынып жүрміз",-деп отыр.

Айта кету керек, елде соңғы жылдары жүргізілген реформалар арқасында жеке сектор дамып, яғни шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің шаруасы алға басқан. Енді мемлекеттік емес секторлар қызмет көрсету және тауарлардың ағымдағы бағаларын  көтере алмайды.

Өткен айда ел  президенті Мигель Диас-Канель үкіметтің экономикалық тоқырауды еңсеру үшін бірқатар шара енгізілгенін айтқан болатын.Ол кезде билік 2 миллионнан астам мемлекеттік қызметкердің жалақысы мен зейнетақы мөлшерін көтерген еді.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу